Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев «Almaty Management University» университетінің президенті әрі негізін қалаушы Асылбек Қожахметовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін және екі ел университеттері арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әңгіме барысында қазақстандық және малазиялық жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды орнату және кеңейту, академиялық алмасу бағдарламалары, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ басқару және қолданбалы білім беру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.
Практикаға бағытталған білім беру - басты басымдық
Елші Болат Сүгірбаев Малайзиямен білім беру саласындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, малазиялық университеттердің жоғары әлеуетін және кадр даярлаудағы тәжірибеге бағдарланған тәсілін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай форматтағы әріптестік Қазақстан үшін сапалы кадрлар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
AlmaU-дың халықаралық беделі
Өз кезегінде Almaty Management University университетінің президенті Асылбек Қожахметов оқу орнының жетістіктері туралы айтып, AlmaU-дың ТМД кеңістігінде MBA бағдарламалары бойынша басқарушылық кадрлар даярлау саласындағы жетекші университеттердің бірі ретінде танылғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Малайзияның бейінді білім беру мекемелерімен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
А.Қожахметов AlmaU университетінің халықаралық білім беру кеңістігінде белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын, негізгі жаһандық форумдар мен конференцияларға тұрақты түрде қатысып, өз академиялық және сараптамалық күн тәртібін ілгерілетіп отырғанын айтты.
Куала-Лумпурдағы халықаралық конференция
Осы тұрғыда ол 2026 жылғы 12–14 қаңтар аралығында Куала-Лумпур қаласында өтетін «IAUP Asia Pacific Regional Conference» іс-шарасына баяндамашы ретінде қатысу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл конференция Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші университеттер мен білім беру сарапшыларының басын қосатын маңызды алаң саналады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және нақты бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді.