Қазақстан Республикасы Қара теңіз акваториясында болған оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдірді. 13 қаңтар күні Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған мұнай танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасалған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Министрліктің мәліметінше, шабуылға ұшыраған үш танкер де халықаралық энергетикалық инфрақұрылым үшін маңызы зор бағытта қозғалып келе жатқан. Осыған байланысты Қазақстан бұл жағдайды ерекше назарға алып, бірқатар елдермен шұғыл дипломатиялық байланыстар орнатқан.
Атап айтқанда, еуропалық мемлекеттердің елшілерімен жедел кездесулер өткізілген. Сонымен қатар америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізілген. Келіссөздер барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтау қажеттігіне және көмірсутегін тасымалдаудың қауіпсіздігін, соның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілген.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы емес екенін атап өтті. Республика жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға тұрақты түрде үлес қосып келеді және энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отыр.
Осы тұрғыда қазақстандық тарап шабуылға ұшыраған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын, сондай-ақ талап етілетін сәйкестендіру және навигациялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенін ерекше атап өтті.
Министрліктің мәлімдеуінше, соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстан серіктес елдерді осындай инциденттердің алдын алу үшін бірлескен шаралар әзірлеуге және өзара іс-қимылды күшейтуге шақырады.