Будапешт қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Мажарстанда аккредиттелген елшілерінің кездесуі өтті. Басқосу Түркі мемлекеттері ұйымының іс басындағы төрағасы - Әзербайжан Республикасының Будапешттегі Елшісі Тахир Тагизаденің бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында Әзербайжан тарапы өз елінің Түркі мемлекеттері ұйымына 2025-2026 жылдарға арналған төрағалық кезеңіндегі басым бағыттары мен жұмыс жоспарын таныстырды. Ұсынылған бастамалар ТМҰ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ұйымның халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Жиын барысында практикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Будапешт қаласында бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай бастамалар түркі дүниесінің ортақ құндылықтары мен мәдени мұрасын Еуропа жұртшылығына кеңінен танытуға жол ашатыны айтылды.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі - алдағы Наурыз мерекесін бірлесіп атап өту мәселесі болды. Қатысушылар Наурыздың түркі халықтарын біріктіретін терең тарихи әрі мәдени мәні бар мереке екенін атап өтіп, оны ортақ форматта өткізу халықтар арасындағы байланыстарды күшейтетінін жеткізді.
Сонымен қатар, алдағы кезеңде түрлі ортақ кездесулер, форумдар және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлары қарастырылды. Будапешттің Түркі мемлекеттері ұйымы үшін маңызды диалог алаңы ретіндегі рөлі де ерекше атап өтілді.
Басқосу сындарлы әрі достық жағдайда өтіп, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өзара ықпалдастықты тереңдетуге және ортақ бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті.