Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Foreign Petroleum Exploration Company (KUFPEC) компаниясының Бас атқарушы директоры Исса Әл-Марагимен кездесу өткізді. Кездесу Қазақстан мен Кувейт арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылауға арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту перспективаларын, сондай-ақ энергетика секторындағы өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын қарастырды. Әсіресе мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті мен нақты жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне назар аударылды.

KUFPEC басшылығы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мүмкіндіктерді зерттеуге қызығушылық білдіріп, елдің инвестициялық әлеуетін алдын ала талдау жұмыстары басталғанын хабарлады. Компания Қазақстанды өңірдегі перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.
Тараптар алдағы кезеңде диалогты жалғастыруға және ақпарат алмасуды күшейтуге дайын екенін растады. Бұл ынтымақтастықтың нақты әрі перспективалы бағыттарын айқындауға, сондай-ақ KUFPEC компаниясының орта мерзімді перспективада Қазақстандағы газ саласының жобаларына ықтимал қатысу мүмкіндігін қарастыруға жол ашпақ.

Kuwait Foreign Petroleum Exploration Company (KUFPEC) - Кувейттен тыс аумақтарда мұнай мен табиғи газды барлау, игеру және өндірумен айналысатын халықаралық компания. Ол Kuwait Petroleum Corporation құрамына кіреді және бүгінде Аустралия, Азия, Африка мен Солтүстік Американы қоса алғанда, бес континенттегі 10-нан астам елде қызметін жүзеге асырып келеді.
Кездесу Қазақстан мен Кувейт арасындағы энергетикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара мүдделілікті көрсетті.