Амманда қазақ мәдениеті кеңінен таныстырылды: Елшілікке алғыс сертификаты табысталды

572
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Амман қаласындағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының үйлестірушісі Мұстафа Өзтүрікпен кездесті. Кездесу Түрік мәдени орталығының бастамасымен Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі ғимаратында өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында Мұстафа Өзтүрік Елші Талғат Шалданбайға 2025 жылғы 13 желтоқсанда Амман қаласында өткен «Түркі тілдері отбасының күні» мәдени-ағартушылық іс-шарасына Қазақстан Елшілігінің белсенді қатысқаны үшін Орталық атынан алғыс сертификатын табыс етті.

Түрік мәдени орталығының өкілдері іс-шара аясында Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері дайындаған домбырамен орындалған музыкалық қойылымды ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, қазақтың қасиетті аспабының үні көрермендерге терең әсер қалдырып, үлкен қызығушылық тудырған.

Сонымен қатар, қазақтың киіз үйінің таныстырылымы, ұлттық киімдер мен дәстүрлі тағамдардың көрсетілімі де көпшіліктің назарын аударған. Бұл элементтер қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсетіп, иордандық аудиторияға түркі дүниесінің терең тарихы мен салт-дәстүрін жақыннан танытты.

Өз кезегінде Елші Талғат Шалданбай Мұстафа Өзтүрік пен Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының ұжымына іс-шараға шақырғаны және оны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол мұндай бастамалардың түркі халықтары мен Иордания арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар алдағы кезеңдегі ынтымақтастықтың болашағы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Иордания жұртшылығын түркі халықтарының мәдениетімен кеңінен таныстыруға бағытталған бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды әзірлеу және іске асыру үшін тығыз диалогты жалғастыруға уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -