Берлин қаласында агроөнеркәсіп пен су ресурстары саласындағы неміс компанияларының, сондай-ақ Global Forum for Food and Agriculture (GFFA) халықаралық конференциясына қатысу үшін Германияға келген қазақстандық делегацияның қатысуымен Kazakhstan-Germany Agro & Water Nexus атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара екі ел арасындағы аграрлық саладағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Жоғары деңгейдегі саяси және салалық үндеу
Дөңгелек үстелдің ашылуында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және отан министрлігінің (BMLEH) статс-хатшысы Маркус Шик, сондай-ақ Германия агробизнес альянсының (GAA) Орталық Азия бойынша спикері Дирк Штратманн құттықтау сөз сөйледі.
Спикерлер Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық бүгінде тек сауда-саттықпен шектелмей, технологиялық трансферт, инвестиция және орнықты даму бағыттарына тереңдей түскенін атап өтті.

Үш негізгі тақырып - үш маңызды бағыт
Іс-шара бағдарламасы аграрлық сектор үшін өзекті саналатын үш панельдік пікірталастан тұрды:
- технологиялық трансферт және орнықты агрожүйелерді дамыту
- су үнемдейтін шешімдер мен су инфрақұрылымын жаңғырту
- ауыл шаруашылығын цифрландыру және жетік технологияларды енгізу
Пікірталастар барысында қатысушылар нақты жобалар, тәжірибелік кейстер мен бірлескен бастамаларды іске асырудағы кедергілерді талқылады.
Бизнес пен ғылымды біріктірген алаң
Дөңгелек үстелге Қазақстан мен Германияның бизнес қауымдастығы, ғылыми орта, жеке сектор және сарапшылар қоғамдастығынан 40-тан астам өкіл қатысты. Бұл формат екі ел арасындағы ынтымақтастықты декларация деңгейінен нақты жобаларға көшіруге мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы - экономиканың тірек саласы
Талқылау барысында Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы ел экономикасының өсімін қамтамасыз ететін, технологиялық жаңғыруды ілгерілететін және экспорттық әлеуетті арттыратын негізгі драйверлердің біріне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын.

Бұл ретте басымдық өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, өнім сапасына, орнықтылыққа, терең өңдеуге және инновацияларды кеңінен енгізуге беріледі.
Неліктен Германия - маңызды серіктес
Осы тұрғыда Германия Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар әріптес саналады. Екі ел арасында агроинжиниринг, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, органикалық егіншілік, тұқым шаруашылығы, неміс сапа стандарттарын енгізу және су үнемдейтін технологияларды пайдалану бағыттарында бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып келеді.
Неміс компаниялары Қазақстанда белсенді жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, заманауи технологияларды енгізіп, қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді қалыптастыруға үлес қосуда.
Стратегиялық әріптестікті тереңдетуге негіз бар
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар қолданыстағы бірлескен бастамалар нақты нәтижелер беріп отырғанын және бұл Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті жүйелі түрде тереңдетуге берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.
Алдағы кезеңде ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыттары ретінде орнықты егіншілік, тұқым шаруашылығы, технологиялық трансферт, су инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын тиімді басқару және жетік технологияларды енгізу аталды.