Қазақстан аграрлық секторға неміс технологияларын тартуда

1045
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Германия астанасында «Kazakhstan–Germany Agro & Water Nexus» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Германияның агроөнеркәсіп және су шаруашылығы салаларындағы жетекші компанияларының өкілдерін, сондай-ақ Global Forum for Food and Agriculture (GFFA) халықаралық конференциясына қатысу үшін Берлинге келген Қазақстан делегациясын бір алаңға жинады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл кездесу ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, Қазақстан мен Германия арасындағы практикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

Жоғары деңгейдегі диалог

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және отан министрлігінің (BMLEH) статс-хатшысы Маркус Шик, сондай-ақ Германия агробизнес альянсының Орталық Азия бойынша спикері Дирк Штратманн құттықтау сөз сөйледі.

Спикерлер екі ел арасындағы аграрлық саладағы әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтіп, технологиялық және инвестициялық кооперацияны кеңейтудің әлеуеті жоғары екенін жеткізді.

Технология, су және цифрландыру

Іс-шара бағдарламасына үш панельдік пікірталас енгізілді. Онда:

  • технологиялық трансферт және орнықты агрожүйелерді дамыту,
  • су үнемдейтін шешімдерді енгізу мен су инфрақұрылымын жаңғырту,
  • ауыл шаруашылығын цифрландыру және жетік технологияларды қолдану

сияқты тақырыптар кеңінен талқыланды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан мен Германияның 40-тан астам бизнес өкілі, ғалымдар, жеке сектор мамандары мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар нақты жобалар, тәжірибе алмасу және болашақ әріптестік бағыттары жөнінде пікір бөлісті.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың жаңа драйвері

Талқылау барысында Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын экономикалық өсімнің, технологиялық жаңғырудың және экспорттық әлеуетті арттырудың негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындағаны ерекше атап өтілді.

Бұл ретте басты басымдық өндіріс көлемін арттыруға емес, өнім сапасына, орнықтылыққа, терең өңдеуге және инновацияларды енгізуге берілетіні айтылды. Осы ұстаным Қазақстанның аграрлық саясатының жаңа бағытын айқындайды.

Германия – сенімді технологиялық әріптес

Осы тұрғыда Германиямен ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия:

  • агроинжиниринг,
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу,
  • органикалық егіншілік,
  • тұқым шаруашылығы,
  • неміс сапа стандарттары мен су үнемдейтін технологияларды енгізу

бағыттарында бірқатар табысты бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Неміс компаниялары Қазақстанда белсенді жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп, қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді қалыптастыруға үлес қосуда.

Орнықты даму мен «ақылды» агросектор

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің өзекті бағыттарын атап өтті. Олардың қатарында:

  • орнықты егіншілік,
  • тұқым шаруашылығы,
  • технологиялық трансферт,
  • су инфрақұрылымын жаңғырту,
  • ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді басқару,
  • цифрлық және жетік технологияларды енгізу

бар.

Сарапшылардың пікірінше, Германияның технологиялық тәжірибесі мен Қазақстанның аграрлық әлеуетін ұштастыру екі ел үшін де ұзақмерзімді экономикалық тиімділік пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -