Қабыл қаласында Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің басшысы Ғазиз Ақбасов пен Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттаки арасында кездесу өтті. Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және өңірлік инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесудің басында Ауғанстан СІМ басшысы қазақстандық дипломаттарды жылы қарсы алып, Кабулдың практикалық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту Ауғанстан үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Елші Ғазиз Ақбасов көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, Қазақстан басшылығының ізгі тілектерін жеткізді. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.
Ауғанстан – Орталық пен Оңтүстік Азияны жалғайтын негізгі торап
Кездесу барысында Қазақстан тарапы екіжақты қатынастардың, әсіресе сауда-экономикалық саладағы оң серпінін атап өтті. Астана Ауғанстанды негізгі серіктес әрі Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын басты транзиттік торап ретінде қарастыратынын жеткізді.
Осы орайда Қазақстан өзара сауда көлемін арттыруға, тауар түрлерін кеңейтуге, сондай-ақ Ауғанстанның көлік және логистика инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына, тау-кен металлургия кешеніне, энергетика мен денсаулық сақтау секторына инвестиция салуға дайын екенін растады.
Теміржол жобасы – өңірлік өзара байланыстылықтың нақты көрінісі
Өңірлік ықпалдастықтың маңызды үлгісі ретінде «Тургунди – Герат – Спин-Болдак» теміржол жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы жүк тасымалын жандандырып, сауда ағындарын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ соңғы төрт жылда өзара сауда-экономикалық миссиялар нәтижесінде жалпы құны 500 млн АҚШ долларынан асатын бірқатар келісімдерге қол қойылғаны айтылды.
Гуманитарлық қолдау және жаңа диалог форматы
Әмір Хан Муттаки Қазақстанға тұрақты гуманитарлық көмегі үшін алғыс білдіріп, еліміздің Ауғанстанның сыртқы саясатындағы басым рөлін атап өтті. Ол теміржол жобасын қоса алғанда, бірқатар бастамалардың ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді.
Осы тұрғыда өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі Қабыл қаласында «Орталық Азия + Ауғанстан» форматында сыртқы істер министрлері деңгейінде келіссөздер өткізуді ұсынды.
Жалпы, кездесу достық әрі конструктивті жағдайда өтіп, тараптардың саяси, сауда-экономикалық және инфрақұрылымдық ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады.