«Көк Туымыз биікте желбіресін»: Тоқаев Италиядағы Олимпиада алдында ұлттық құраманы қолдады

1089
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы дүние жүзінің ең мықты спортшылары жиналатын аса маңызды халықаралық дода ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық құраманың спортшыларымен кездесу барысында алдағы жарыстардың мән-маңызына тоқталып, отандық атлеттерге сәттілік тіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президенттің айтуынша, Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 40-қа жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 10 түрінен ел намысын қорғайды. Ұлттық құраманың жартысынан астамы үшін бұл Олимпиада – алғашқы үлкен сын болмақ.

Олимпиада ойындары – сіздер үшін зор мүмкіндік әрі үлкен сынақ. Қысқы Олимпиадаға жолдама алу оңай болған жоқ. Спортшыларымыз халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға да ерекше тоқталды. Қазіргі таңда Италияда наурыз айының басында өтетін Паралимпиадаға Қазақстан 10 лицензия иеленген. Бұл көрсеткіш әлі де артуы мүмкін.

Біз Паралимпиадашыларымызға зор сенім артамыз. Олардың ерекше құлшынысы мен мықты ерік-жігері – баршаға үлгі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшылардың төрт жылда бір өтетін басты додаға тыңғылықты дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында шын мықтылар ғана бақ сынайды.

Әрине, спортта бәрін алдын ала болжау мүмкін емес. Бірақ сіздер қатаң іріктеуден өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Бұл – сіздердің әлеуеттеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық спортшылардың Қысқы Олимпиада ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін еске салды. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сынды спортшылардың есімдері ел тарихында алтын әріппен жазылғанын атап өтті.

Әлемдік ареналарда отандық спортшылардың құрметіне талай рет Әнұран шырқалып, көк Туымыз биікте желбіреді. Алдағы уақытта да жарқын жеңістеріміз жалғасатынына сенемін. Спорттағы жетістіктер – бүкіл елдің абыройы. Олар жалпыұлттық бірлікті нығайтып, Қазақстанның халықаралық беделін арттырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы спортшылардың ел намысын абыроймен қорғап, жасампаз отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін ерекше атап өтті.

Әр азаматтың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша халықтың беделі. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Сіздер сол мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк». Баптарыңыз бен бақтарыңыз қатар шауып, жеңіспен ораласыздар деп сенемін. Барша халқымыз сіздерге жанкүйер болады. Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін, – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сондай-ақ паралимпиадалық құраманың өкілі Ербол Хамитовқа табыстады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -