Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы стартаптардың қарқынды дамып келе жатқан экожүйесі қалыптасты. Бүгінде елде 100-ден астам жасанды интеллект стартаптары жұмыс істейді, ал венчурлық инвестициялар көлемі 2023-2025 жылдар аралығында бес еседен астам өсіп, шамамен 14 млн доллардан 73 млн долларға жетті. Соның нәтижесінде қазір Қазақстандағы барлық венчурлық инвестициялардың жартысынан астамы дәл осы жасанды интеллект саласына тиесілі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл деректер Қазақстандағы жасанды интеллект нарығына арналған алғашқы кешенді шолу – Kazakhstan AI Country Report есебінде келтірілген. Есептің ресми таныстырылымы елордадағы Astana Hub Event Hall алаңында өтті.
Цифрландырудан жасанды интеллект экономикасына
Зерттеу авторларының пікірінше, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Егер бұған дейін негізгі назар цифрландыруға аударылса, енді ел жасанды интеллектті ауқымды түрде енгізуге көшуде.
Жасанды интеллект экономикалық өсім мен халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл технологияны енгізу орта мерзімді кезеңде жұмыс орындарының жартысынан астамында өнімділіктің артуы есебінен Қазақстанның жалпы ішкі өнімін жыл сайын қосымша 0,5-2 пайызға дейін өсіруі мүмкін.
Есеп қалай дайындалды
Kazakhstan AI Country Report есебі RISE Research аналитикалық агенттігі тарапынан Mastercard және Freedom Bank компанияларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, сондай-ақ GITEX AI Central Asia & Caucasus қолдауымен дайындалған.
Зерттеу 30-дан астам салалық сарапшылармен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттарға, халықаралық бенчмарктерді талдауға, 100-ден астам қазақстандық стартаптың бизнес-модельдерін зерттеуге және жасанды интеллектті енгізудің 10 нақты практикалық кейсіне негізделген.
Мемлекет қандай бағыт ұстанып отыр
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун елде бұл бағытта жүйелі әрі институционалдық тұрғыда бекітілген саясат жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазақстан жасанды интеллект саласында кешенді әрі институционалдық тұрғыда бекітілген стратегияны іске асырып келеді. Ол жасанды интеллект туралы арнайы заңды қабылдауды, Ұлттық AI-платформаны құруды, тәуелсіз есептеу инфрақұрылымын дамытуды, қазақ тіліндегі LLM модельдерін қолдауды, Alem.ai халықаралық AI-орталығын іске қосуды, сондай-ақ адами капиталды дамытудың ауқымды бағдарламаларын қамтиды. Адами капиталды дамыту мақсатында 2025 жылдың өзінде-ақ жасанды интеллект саласындағы дағдыларға шамамен 1 миллион маман оқытылды, осылайша 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр».
Стартаптар және алғашқы «юникорн»
Есеп авторларының бағалауынша, қазақстандық жасанды интеллект стартаптарының басым бөлігі қолданбалы B2B-шешімдерге бағытталған және ішкі нарықпен қатар халықаралық деңгейде де жұмыс істейді.
Жобалардың ең жоғары шоғырлануы Enterprise AI, бизнес-процестерді автоматтандыру, Индустрия 4.0, MarTech, EdTech және MedTech сегменттерінде байқалады.
2025 жыл экожүйе үшін бетбұрыс кезеңге айналды. Қазақстанда алғаш рет нарықтық бағалауы 1 млрд доллардан асатын технологиялық компания – Higgsfield AI пайда болды. Сонымен қатар Bridge және Series A кезеңдерінде еліміз үшін рекордтық мәмілелер тіркеліп, қазақстандық командалардың ірі халықаралық капиталды тарта алатынын көрсетті.
Бизнес жасанды интеллектті қалай қабылдап отыр
Mastercard компаниясының Қазақстандағы және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов жасанды интеллекттің бизнес үшін практикалық мәнін атап өтті.
«Mastercard жасанды интеллектті, экономикалық трансформацияның негізгі драйверлерінің бірі, өсім үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды фактор ретінде қарастырады. Есепте жасанды интеллектті Қазақстандағы бизнестің өнімділігін арттыру мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің тәжірибелік құралы ретінде қарастыратын көзқарасымыз бар. Біз Қазақстанда әлемдік деңгейдегі шешімдер жасау әлеуетіне ие, өршіл жасанды интеллект экожүйесінің қалыптасып келе жатқанын байқап отырмыз және оның белсенді қатысушысы әрі сенімді технологиялық серіктесі болуға ниеттіміз».
Инфрақұрылым енді кедергі емес
Есепте есептеу инфрақұрылымы мен адами капитал жасанды интеллект экожүйесінің негізгі тіректері ретінде жеке талданған. Авторлардың бағалауынша, есептеу қуаттары енді негізгі шектеу болудан қалды.
Қазақстанда екі ірі AI-кластер іске қосылды – Alem.Cloud және «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асырған AI-Farabium. Олардың жиынтық қуаты шамамен 3,6 экзафлопсты құрайды. Қазіргі таңда елде H100 және H200 деңгейіндегі шамамен 2 мың GPU пайдаланылып жатыр.
Қай салалар алда келеді
Жасанды интеллектіні енгізу қарқыны бойынша цифрлық жетілу деңгейі жоғары және деректер көлемі ауқымды салалар көш бастап отыр. Бұл – қаржы секторы, телекоммуникациялар, электрондық мемлекеттік қызметтер, бөлшек сауда және IT.
Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов бұл үрдістің жүйелік әсерін атап өтті.
«Венчурлық инвестициялардың өсуі және алғашқы unicorn пайда болуы Қазақстанның технологиялық нарығының жетілгенін көрсетеді. Қаржы секторы үшін бұл неғұрлым күрделі әрі зияткерлік өнімдерге көшу кезеңін білдіреді. Бүгінде банктер AI-ды тәуекелдерді басқаруда, алаяқтықпен күресте, деректерді талдауда және клиенттерге қызмет көрсетуде белсенді қолдануда. Деректердің үлкен көлемі мен сенімділікке қойылатын жоғары талаптар қаржы институттарын мұндай технологияларды практикалық тұрғыда енгізуге ең қолайлы ортаға айналдырады. Ал бұл тәжірибе инфрақұрылыммен, реттеумен және кадрларды даярлаумен ұштасқанда, ол бүкіл экономика деңгейінде жұмыс істей бастайды. Осындай тәсіл Қазақстанның ұзақ мерзімді цифрлық өсімінің негізін қалайды».
Мемлекеттің стратегиялық басымдығы
Мемлекет жасанды интеллектіні нақты секторда және әлеуметтік маңызы жоғары салаларда – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, энергетика, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында – кеңінен енгізуге басымдық беріп отыр.
Артықшылықтар мен шектеулер
Зерттеу Қазақстанның бірқатар артықшылықтарын атап өтеді. Олардың қатарында жүйелі мемлекеттік қолдау, тәуелсіз есептеу инфрақұрылымына инвестициялар, жоғары цифрлық жетілу деңгейі және дамып келе жатқан стартап-экожүйе бар. Қосымша фактор ретінде жас әрі білімді халық көрсетіледі: 2025 жылы түлектердің 21 пайызы инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарын таңдаған.
Сонымен бірге жасанды интеллектті ауқымды түрде енгізуге бірқатар шектеулер кедергі келтіріп отыр. Бұл – сапалы салалық деректердің тапшылығы, өңірлер арасындағы инфрақұрылым мен құзыреттерге қолжетімділіктің теңсіздігі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың төмендігі, тәжірибелі мамандардың жетіспеуі және венчурлық капиталдың кейінгі кезеңдерде шектеулі болуы.
Неге бұл есеп маңызды
RISE Research басқарушы серіктесі Әсел Абдрахманова Қазақстандағы өзгерістердің ауқымына назар аударды.
«Қазақстанда жасанды интеллект жекелеген тәжірибелер шеңберінен шығып, – стартаптардан бастап, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді корпоративті үдерістерге енгізуге және осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға дейінгі экономикалық архитектураның ажырамас бөлігіне айналуда. Стартаптардың, бизнес пен мемлекеттің үйлесімді дамуы нарықтың жетілгендігінің негізгі белгісі болып табылады».
Kazakhstan AI Country Report инвесторлар, бизнес пен мемлекет үшін жасанды интеллектті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастыруда және Қазақстанды Generative Nation стратегиялық бағыты аясында жаһандық экономикаға интеграциялауда негізгі бағдар ретінде ұсынылады.
