Еуропада Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы не айтылады

1078
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстандағы конституциялық реформа халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырып отыр. Бухаресте Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Ерлік Әли Румыния Парламентінің Сенаторы, «Қазақстан-Румыния парламентаралық достастық» тобының төрағасы Кристиан-Августин Никулеску-Цыгырлашпен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Қазақстан Конституциясының жаңа жобасы және елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның барысы болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тараптар реформаның мазмұны мен мақсатына тоқталып, оның қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы маңызын талқылады. Әңгіме тек құқықтық өзгерістермен шектелмей, мемлекеттік басқарудың болашағына қатысты кең ауқымды көзқарасты қамтыды.

Конституция – заман талабына сай болуы тиіс

Кристиан-Августин Никулеску-Цыгырлаш Қазақстан Конституциясының жаңа жобасын және жалпы реформаны мемлекет институттарын жаңғыртудың маңызды құралы ретінде бағалады. Оның айтуынша, қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер негізгі заңдардың да қоғаммен бірге дамуын талап етеді.

«Қазіргі саяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайында негізгі заң қоғамның жаңа қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс, ал реформа билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, құқықтық айқындықты арттыруға бағытталуы керек», – деді сенатор.

Оның пікірінше, мұндай тәсіл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Тиімді басқару және азаматтардың сенімі

Кездесу барысында реформаның практикалық нәтижелеріне де ерекше назар аударылды. Кристиан-Августин Никулеску-Цыгырлаштың айтуынша, Румыния үшін де осындай реформалардың басты пайдасы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейту.

Сенатор конституциялық нормаларды нақтылау сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтып, сайлау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және негізгі құқықтар мен бостандықтарды қазіргі заман талаптарына сай қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстан үшін румын тарапынан берілген бұл баға реформаның халықаралық деңгейде оң қабылданып жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай кездесулер Қазақстанның саяси-құқықтық жаңғыруы сыртқы әріптестер үшін де түсінікті әрі маңызды екенін аңғартады.

Бухарестегі кездесу Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның тек ішкі өзгеріс емес, заманауи, тиімді және азаматтарға бағытталған мемлекет қалыптастыруға ұмтылған жүйелі қадам екенін тағы бір мәрте көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -