Қазақстандық арнайы жасақ UAE SWAT Challenge көшін бастады

1177
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Gov

UAE SWAT Challenge турнирінің үшінші күні Қазақстан үшін нағыз тарихи сәтке айналды. Бұл күн тек жүлделермен емес, сенімді үстемдікпен, рекордпен және қарсыластарды таңғалдырған нәтиже­лермен есте қалды.

Әлемнің ең мықты арнайы бөлімшелері жиналған элиталық додада қазақстандық командалар өз деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үш жүлде - бір елдің еншісінде

Үшінші кезеңнің барлық жүлделі орындары Қазақстан командаларына бұйырды. “Kazakhstan A” командасы “Офицерді құтқару” тапсырмасын рекордтық 02:00 минутта орындап, турнир кестесінің ең жоғары сатысына көтерілді. Бұл нәтиже жарыс барысын түбегейлі өзгертті және өзге қатысушылар үшін жаңа меже қалыптастырды.

Екінші орынды “Kazakhstan B” иеленсе, үшінші кезеңнің қола жүлдесі “Kazakhstan C” командасына бұйырды. Осылайша, бір кезеңнің өзінде Қазақстан арнайы жасағы толық подиумды иеленді.

Топ-20-дағы сенімді құрам

Қазақстан тек көшбасшыларымен ғана емес, командалық тереңдігімен де ерекшеленіп отыр.

“Kazakhstan D” жалпы рейтингте 19-орында тұр. Ал оның артынан әйелдерден құралған “Tomiris” командасы орналасқан.

“Tomiris” қыздар командасының нәтижесі турнирдегі ерекше оқиғалардың бірі болды. Олар әйелдер арасындағы үздік көрсеткішін тағы да қайталап қана қоймай, көптеген ерлер командаларынан озып шықты. Бұл – дайындықтың, тәртіптің және тактикалық шеберліктің айқын дәлелі.

Үш кезеңнен кейінгі жалпы есеп

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша турнир кестесінің шыңында “Kazakhstan C” командасы берік тұр. Оған иық тіресе, екінші орынға “Kazakhstan A” жайғасқан. Бір елдің екі командасы көш бастап тұрған мұндай көрініс элиталық жарыстарда сирек кездеседі.

Бүгінде қазақстандық арнайы жасақ 48 елден келген 109 команданың арасынан суырылып шығып, бүкіл турнирдің басты фаворитіне айналды деуге толық негіз бар.

Алда шешуші сәттер

UAE SWAT Challenge әлі аяқталған жоқ. Алда екі шешуші кезең бар. Әр тапсырма, әр секунд шешуші мәнге ие болмақ. Алайда қазірдің өзінде Қазақстан командалары бұл турнирде жай қатысушы емес, басты ойыншы екенін дәлелдеп үлгерді.

Біз батырларымыз үшін тақымымызды қысып, әлемдік деңгейдегі бұл айтулы додадан жеңіспен оралуын тілейміз. Алға, Қазақстан!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -