Италияда Ақ Олимпиада өтіп жатқан осы күндері жазғы спорт түрлері, соның ішінде баскетболдан Еуролига матчтары уақытша екінші жоспарға ығысқаны заңды. Дегенмен Еуропадағы ең ауқымды спорттық оқиғалардың бірі саналатын Белградта жергілікті «Партизан» мен Афинаның «Панатинаикосы» арасындағы кездесуде Қазақстанның туристік әлеуеті және жақында ашылған Астана - Белград тікелей әуе рейсі кеңінен таныстырылды.
Қазақстан Елшілігінің бастамасымен «Белград Аренада» жиналған 18 мың көрермен арасында интерактивті акция ұйымдастырылды. Кездейсоқ таңдалған жанкүйерлер «Партизан» клубы ұсынған айып добы бойынша сайысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сайыс жеңімпазы Қазақстанға екі адамға арналған туристік сапар сертификатын иеленді. Сыйлықты матч барысында Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мади Атамқұлов табыстады. Жүлдегерді құттықтай отырып, қазақстандық дипломат көп мыңдық аудиторияға сәлем жолдап, барша көрерменді елімізге қонаққа келуге шақырды.
Байқау атмосферасын аренаның экрандарында көрсетілген «Born Bold Kazakhstan» туристік бейнероликтері, қазақстандық SCAT Airlines әуе компаниясы ашқан Астана - Белград тікелей рейсінің жарнамалық бейнеролигі және қазақтың ұлттық киімін киген арулар толықтырды. Олар баскетбол жанкүйерлеріне «Born Bold Kazakhstan» жазуы бар жейделер мен бейсболкалар таратты.
©Сержан Қадырбай/Сейілхан Әубәкіров
Баскетболдан Еуролига танымалдығы мен медиялық қамтуы жағынан құрлықтағы спорттық жарыстар арасында екінші орын алады. Еуролиганың тұрақты маусымы әлемнің 199 елінде көрсетіліп, бір миллиардтан астам көрерменді қамтиды.