Тимур Турловқа тиесілі Freedom Bank алғаш рет Moody’s рейтингін алды

1023
Жан Арыстанұлы Редактор

Moody’s Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Freedom Holding Corp. құрамындағы еншілес банк – Freedom Bank Kazakhstan-ға ұзақ мерзімді кредиттік рейтингті Ba3 деңгейінде, тұрақты болжаммен берді.

Бұл – Moody’s тарапынан Freedom Holding Corp. құрамындағы кредиттік ұйымға берілген алғашқы баға. Аталған агенттік «үлкен үштікке» кіреді. Осылайша қазақстандық банк халықаралық деңгейде мойындалғанын тағы бір мәрте дәлелдеп, инвестициялық деңгейге бір қадам жақындады және жаһандық капитал нарықтарының назарын аударуға мүмкіндік алды.

Рейтингтік баспасөз хабарламасында Freedom Bank «қарқынды өсіп келе жатқан әмбебап банк, бөлшек және цифрлық қызметтерге маманданған» деп сипатталған. Moody’s банк Freedom Holding экожүйесіндегі орталық рөлін атап өтеді: ол – тұтынушылық сервистер, брокерлік қызметтер, сақтандыру және телекоммуникация бағыттары шоғырланатын негізгі өзек.

Moody’s мәліметінше, кредиттік рейтинг банктің өзіндік кредит қабілеттілігінің b1 деңгейіндегі базалық бағасынан және Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан қолдау көрсету ықтималдығының орташа деңгейде бағалануынан қалыптасқан.

Агенттік Freedom Bank-тің кредит беру моделін «сенімді, бірақ әлі де даму үстінде» деп сипаттайды. Сонымен қатар банк бизнесінде сауда және инвестициялық операциялардың үлесі әлі де елеулі екенін, бірақ біртіндеп төмендеп келе жатқанын атап өтеді. Moody’s пікірінше, баланстағы бағалы қағаздардың ірі көлемі банкті нарықтық тәуекелдерге осал етеді және рейтингке қысым түсіреді. Дегенмен бұл бағыттағы тәуелділік азайып келеді: 2024 жылдың желтоқсанында бағалы қағаздар банктің жиынтық активтерінің 56%-ын құраса, тоғыз айдан кейін бұл көрсеткіш 40%-ға дейін төмендеген.

BES.media

Сонымен қатар негізгі бағыт – жеке және заңды тұлғаларды кредиттеу – қарқынды дамып келеді. Moody’s кредиттік портфельдің сапасын рейтингті қолдайтын фактор ретінде бағалайды. Агенттік сарапшыларының айтуынша, кредиттік тәуекел деңгейі жоғары емес: 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша проблемалық кредиттердің үлесі 2,9%-ды құраған, ал ықтимал шығындарға арналған резервтермен қамту деңгейі 116% болған. Moody’s тұтынушылық кредиттеу сегментіндегі белсенді өсім тәуекелдердің артуына әкелуі мүмкін екенін атап өтеді, алайда Freedom Bank-тің резерв қалыптастырудағы «проактивті» тәсілі бұл тәуекелдерді тиісті деңгейде бақылауда ұстауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Moody’s сарапшылары Freedom Bank-тің депозиттік базасының өсіп келе жатқанын да атап өтеді. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында депозиттер көлемі 24%-ға артқан, бұл Қазақстандағы орташа көрсеткіштен (15%) жоғары. Агенттік бұл көрсеткіштің алдағы уақытта да нарықтан жоғары қарқынмен өсетінін күтеді.

Рейтингтік агенттік алдағы бір – бір жарым жыл ішінде банктің табыстылығы артады деп болжайды, алайда өсім стратегиясын жүзеге асыруға кететін жоғары шығындар маржаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін.

«Клиенттерді тартуға және операциялық қызметке жұмсалатын жоғары шығындар алдағы 12-18 айда банктің пайдасына қысым жасайды», – делінген Moody’s баспасөз хабарламасында.

Банк активтерінің өтімділігі қайта қаржыландыру және өзге де жедел қажеттіліктерді жабуға жеткілікті деңгейде деп бағаланған.

Тұрақты болжам агенттіктің алдағы 12-18 ай ішінде банктің ағымдағы кредиттік рейтингін сақтайтынына сенімді екенін білдіреді.

Наурыз айының басында «үлкен үштіктің» тағы бір мүшесі – S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі Freedom Holding Corp. қаржы-технологиялық корпорациясының кредиттік рейтингін «B-» деңгейінде, тұрақты болжаммен растады. Сонымен қатар S&P Freedom Bank пен холдингтің еншілес брокерлік компанияларының рейтингтерін «В+/B» деңгейінде, оң болжаммен растады.

S&P сарапшылары да, Moody’s сарапшылары сияқты, холдинг бизнесінің дамуы үшін Freedom SuperApp қосымшасына негізделген экожүйенің маңызын атап өтті. Бұл қосымша корпорацияның түрлі цифрлық қызметтеріне бір нүкте арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді және оның есеп айырысу өзегі – Freedom Bank. Банктің клиенттік базасының қарқынды өсуі (2025 жылы 77,2%-ға өсіп, 5 млн-ға жетуі) дәл осы қосымшаның дамуына байланысты. SuperApp құрамындағы әрбір сервис клиенті автоматты түрде Freedom Bank клиентіне айналады, өйткені барлық есеп айырысу осы банк арқылы жүзеге асырылады. Жалпы алғанда Freedom Holding Corp. тобының клиенттік базасы қазіргі уақытта әлемнің 21 елінде 11 млн-нан асады.

Freedom Bank-тің даму стратегиясы шетелдік нарықтарға белсенді шығуды көздейді, бұл бүкіл холдингтің өсу моделіне сәйкес келеді. Банктің «цифрлық банк» форматындағы бөлімшесі Қазақстанмен көршілес Тәжікстанда жұмыс істеп жатыр. 2025 жылдың соңында Грузияда банктік қызмет жүргізуге лицензия алған. Наурыз айының басында Freedom Holding Corp.-тың Түркиядағы кредиттік ұйымды (Turkish Bank) сатып алғаны белгілі болды. Холдингтің иесі әрі басшысы Тимур Турловтың айтуынша, компания «Түркия нарығына цифрлық өніммен, оның өзегінде SuperApp экожүйесі бар форматта кіріп жатыр». Freedom алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері мен Пәкістан аумағында да еншілес қаржы компанияларын дамытуды жоспарлап отыр.

Тимур Турлов Bloomberg агенттігіне берген ақпан айындағы сұхбатында компанияның күн тәртібінде Қазақстанда тағы бір банк сатып алу мәселесі бар екенін айтқан. Сондай-ақ корпорация Еуропаның бір елінде лицензия алу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Шетелдік нарықтарда Freedom Bank пен оның супераппы топтың финтех-экожүйесін дамытудағы негізгі құралға айналуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -