Моңғолия мен Қазақстан көшбасшыларының кездесуі неге екі ел үшін маңызды

1287
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Akorda

Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Одан соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Кейін Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамдағы келіссөздер өткізу үшін «Шығыс» залына барды.

Тоқаев: Біз – тамыры бір бауырлас елдерміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің сапары екіжақты қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

«Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған «Vision-2050» кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз».

Хурэлсух: Қазақстан үлкен табысқа жетті

Моңғолия Президенті көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін алғыс айтты.

«Араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Құрметті Президент мырза, Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады».

Келіссөздердің маңызы қандай

Бұл сапар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған.

Кездесудің негізгі маңызы:

  • саяси диалогты күшейту
  • сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту
  • көлік-логистика бағыттарын дамыту
  • мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру
  • өңірлік әріптестікті нығайту

Қазақстан мен Моңғолияны тарихи тамыр, мәдени жақындық және өзара сенім байланыстырады.

Неліктен бұл маңызды

Моңғолиямен жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстанның Азиядағы серіктестік аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл:

  • жаңа инвестициялық жобаларға жол ашады
  • экспорттық байланыстарды арттырады
  • транзиттік мүмкіндіктерді күшейтеді
  • түркі-монғол кеңістігіндегі ынтымақтастықты дамытады

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -