Астанадағы Ақорда резиденциясында маңызды дипломатиялық оқиға өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Израиль Президенті Ицхак Герцогты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл тек ресми протокол ғана емес, екі ел арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кездесу болды.
Салтанатты рәсімнен – нақты келіссөзге дейін
Қонақты қарсы алу рәсімі барлық дипломатиялық талаптарға сай өтті: құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары орындалды. Мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.
Алайда негізгі назар – жабық форматтағы шағын құрамдағы келіссөздерге ауды. Дәл осы жерде нақты мәселелер мен болашақ жоспарлар талқыланды.
Тоқаев: «Ынтымақтастықтың әлеуеті зор»
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи сабақтастыққа ерекше тоқталды. Ол Израильдің бұрынғы президенті Хаим Герцогтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
1992 жылдан бері Қазақстан мен Израиль арасында тұрақты әрі сенімді байланыс орнаған. Бүгінде бұл қарым-қатынас тек дипломатиямен шектелмей, экономика мен саясатта да нақты нәтижелер беріп отыр.
Президент сондай-ақ Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешіміне тоқталды. Бұл – елдің Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен диалогқа үлес қосуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам.
Тоқаевтың айтуынша, ендігі міндет – осы әлеуетті толық пайдалану.




