Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин
Қазақстан Республикасына жоспарланған мемлекеттік сапар қарсаңында Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен болашағына қатысты өз бағамымды бөліскім келеді.
Ресей мен Қазақстанды шынайы берік достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық байланыстырады. Оның негізінде ортақ тарих, мәдениеттер мен адам тағдырларының өзара терең тоғысуы жатыр. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық өзара құрмет пен сенімнің мызғымас қағидаттарына сүйенеді және бүкіл Еуразия кеңістігінде бейбітшілік, тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудің маңызды факоры болып табылады.
Біздің елімізде қуатты әрі өркендеген Қазақстанға үлкен құрметпен қарайтынымызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстан тиімді, халық қолдайтын саяси жүйесімен, тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан экономикасымен ерекшеленеді. Жақында республикаңыз заман талабына сай әрі болашаққа бағытталған жаңа Конституция қабылдады. Оған дауыс беру арқылы Қазақстан азаматтары Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік институттарды нығайтуға, елді жан-жақты жаңғыртуға, орнықты әлеуметтік-экономикалық және рухани-адамгершілік дамуға бағытталған бағытын басым көпшілікпен қолдады. Бұл ауқымды реформалардың табысты жүзеге асатынына және мемлекетті нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты ықпал ететініне сенімдімін.
Қасым-Жомарт Кемелұлымен арамызда шынайы достық пен сенімге негізделген, нәтижеге бағытталған қарым-қатынас қалыптасты. Біздің кездесулеріміз бен әңгімелеріміз әрдайым ашық әрі сенімді жағдайда өтіп, Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді байланыстарды барлық бағытта дамытуға арналатынын атап өткім келеді.
Әрине, біз экономика саласына айрықша көңіл бөлеміз. Өйткені Ресей мен Қазақстан — ірі сауда серіктестері. Бірнеше жылдан бері экспорт-импорт операцияларының көлемі тұрақты жоғары деңгейде сақталып келеді, оның басым бөлігі ұлттық валюталар арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан экономикасына салынған ресейлік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар Қазақстандағы шетелдік капитал қатысатын заңды тұлғалардың 40 пайыздан астамы Ресей серіктестерімен бірлесіп құрылған компаниялар болып табылады. Ресейлік инвесторлардың қатысуымен республикада автомобиль жасау, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары технологиялық салаларда 70-ке жуық ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның арқасында 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Ресей мен Қазақстан арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Каспий құбыр консорциумының жұмысы арқасында Қазақстан мұнайының жиынтық экспортының 80 пайыздан астамы Ресей аумағы арқылы әлемдік нарықтарға жеткізіледі. Республикадағы тұрақты энергиямен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында «Газпромның» қатысуымен ұлттық газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар ресейлік бизнес қазақстандық серіктестерге баламалы және «таза» энергетика саласындағы бірегей технологиялар мен әзірлемелерді ұсынуда.
Ұзақ мерзімді перспективадағы екіжақты серіктестіктің маңызды бағыты — бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл. Жаңа ірі жоба — «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы. Өткен жылы Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы АЭС алаңында инженерлік жұмыстарды бастау рәсімі өтті.
Сондай-ақ аса маңызды табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы кооперация кеңейіп келеді. Бұл екі елдің ұзақ мерзімді технологиялық және шикізаттық тәуелсіздігін нығайтуға нақты ықпал етеді.
Қазақстан нарығында ірі ресейлік ІТ-компаниялардың инновациялық бағдарламалық өнімдеріне сұраныс жоғары. Бірлескен жобалардың қатарында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика мен көлік, мемлекеттік және муниципалдық басқару, салық жүйесі, білім беру және медицина салаларында ең заманауи цифрлық платформалар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу бар.
Биыл ғарыш саласында маңызды ортақ қадам жасалды. 30 сәуір күні «Бәйтерек» кешенінен Ресей мен Қазақстанның бірлескен «Союз-5 / Сұңқар» орта класты зымыраны алғаш рет ұшырылды. Бұл оқиғаның адамзаттың ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толған жылы жүзеге асуы символдық мәнге ие. Юрий Гагарин өзінің тарихи сапарын дәл осы Байқоңыр ғарыш айлағынан бастаған болатын.
Географиялық орналасуымыздың арқасында біздің елдер зор логистикалық әлеуетке ие. Сондықтан Солтүстік – Оңтүстік және Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ерекше мән береміз.
Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі — экология және биоалуантүрлілікті сақтау. Қазақстандық достарымыздың Қазақстанда амур жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы өтінішіне байланысты тиісті ведомстволар бір жыл ішінде қажетті жұмыстарды жүргізді. Хабаров өлкесінде екі ересек жолбарыс пен екі күшігі ұсталып, олар толық медициналық тексеруден өтті, оның ішінде репродуктивтік денсаулығы да қаралды. Кейін «Аэрофлот» рейсімен Қазақстанға жеткізілді. Қазір ресейлік және қазақстандық ғалымдар оларды «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты жағдайына бейімдеу жұмыстарымен бірлесіп айналысып жатыр. Жақын уақытта жолбарыстар табиғатқа жіберіледі.
Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы да біздің тату көршілік қатынастарымызға елеулі үлес қосып келеді. Бұл бағытта сауда, білім, ғылым және мәдениет салаларын қамтитын 80-нен астам келісім жүзеге асырылуда. Өңіраралық форумдар, делегациялар алмасу, бизнес-миссиялар мен көрмелер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Гуманитарлық байланыстар, білім беру, академиялық және ғылыми алмасу салаларындағы ынтымақтастық та белсенді дамуда. Президент Тоқаевтың жастарды екіжақты байланыстарға кеңінен тартудың маңыздылығы туралы бірнеше рет айтқан пікірлерімен толық келісемін. Өйткені дәл осы жас буын болашақта Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды айқындап, бүгінгі жетістіктерді нығайтып, серіктестігімізді жаңа мазмұнмен толықтырады.
Осы ретте Ресей жоғары оқу орындарында, оның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда, 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатқанын атап өткім келеді. Келесі оқу жылына қазақстандықтарға арналған мемлекеттік гранттар саны 800 орынға дейін ұлғайтылды.
Қазақстанда ММУ мен МГИМО сияқты Ресейдің жетекші университеттерінің филиалдары табысты жұмыс істеуде. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Ресейде алғаш рет шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды және оның дәл Қазақстанның әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті болғаны ерекше мәнге ие.
Біз Алматы қаласында «Қазақстан – Сириус» халықаралық жалпы білім беру мектебі мен балалар және жастар дарындарын дамыту орталығын құру бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Оларды 2029 жылы ашу жоспарланған. Сонымен қатар дәл осындай екінші кешенді Астанада салу жөнінде де уағдаластық бар.
Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихы біз үшін әрдайым ерекше қастерлі болып қала береді. Оның ішінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны бөлек. Біздің елдерде нацизмге қарсы иық тіресе күресіп, Еуропаға бейбітшілік сыйлаған әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі қасиетті мұра ретінде құрметтеледі. Президент Тоқаевқа Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін 8–9 мамыр күндері Мәскеуге келгені үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Президент Қазақстанның былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газетада» жарияланған «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол көрсететін шамшырақ» атты мақаласында атап өткендей, екі ел арасындағы стратегиялық одақтастық — бүкіл Еуразиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің аса маңызды факторы. Сол сапар барысында Мәскеуде қол қойылған жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декларацияда халықаралық құқық нормаларын, соның ішінде БҰҰ Жарғысын сақтауға негізделген әділеттірек көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптастыруға деген ортақ мүдде көрініс тапты. Ресей мен Қазақстан халықаралық қатынастарды тең құқық, барлық мемлекеттердің заңды мүдделерін құрметтеу, олардың мәдени және өркениеттік ерекшеліктерін ескеру қағидаттары негізінде демократияландыруды жақтайды.
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Ресей мен Қазақстан белсенді қатысып отырған өңірлік ынтымақтастық тетіктерінің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті деп санаймыз. Бұл ретте ең алдымен жақын күндері Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одақ саммитін, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, «Ресей – Орталық Азия» форматтарын атап өткен жөн.
Ресейде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы аясындағы Қазақстанның үлесі жоғары бағаланады. Наурыз айында Мәскеуде өткен алғашқы министрлік конференциясы әлемдегі орыс тілі мен орыс тілді мәдени-гуманитарлық кеңістіктің позициясын сақтауға бағытталған осы бірегей құрылымның практикалық жұмысына бастау берді.
Сөзімді қорытындылай келе, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасымен көпқырлы одақтастық қатынастарды жан-жақты дамытуға алдағы уақытта да дайын екенін тағы да атап өткім келеді. Алдағы сапар аясындағы келіссөздер Ресей мен Қазақстан арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, достас Қазақстанның барлық азаматтарына зор денсаулық, амандық және өркендеу тілеймін.