Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуде экономикадан бастап энергетикаға дейінгі ондаған маңызды мәселе талқыланып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыты айқындалды.
Бұл жолғы келіссөздің басты ерекшелігі — тараптардың «шешілмеген мәселе жоқ» деп ашық мәлімдеуі. Сарапшылар мұны аймақтағы геосаяси қысым күшейген кезеңдегі маңызды сигнал ретінде бағалап отыр.
«Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ» — Тоқаев
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен қарым-қатынас Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады», — деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, екі мемлекет арасында тек позитивті динамика байқалады. Оның сөзінше, алдағы кезеңде жаңа жобалар мен бастамалар арқылы байланыс одан әрі тереңдей түспек.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі — «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің қабылдануы болды. Сарапшылар бұл құжатты екі ел қатынасының ұзақмерзімді саяси архитектурасы ретінде бағалап жатыр.
53 миллиард долларлық жобалар: кім көбірек инвестиция құйып жатыр?
Келіссөздің негізгі бөлігі экономикаға арналды. Тоқаев Ресей Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған елдердің бірі екенін айтты.
Қазіргі таңда екі мемлекет арасында жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жоба қалыптасқан. Оның 122-сі іске қосылып, нақты жұмыс істеп тұр.
«Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», — деді Мемлекет басшысы.
Сөз өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және цифрландыру бағытындағы жаңа жобалар туралы болып отыр. Әсіресе, қазіргі санкциялық қысым мен жаңа логистикалық дәліздер қалыптасып жатқан кезеңде бұл бағыттардың маңызы күшейіп келеді.
Путин: «Бұл — тек бастамасы»
Владимир Путин де келіссөз нәтижесіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс бүгінде «жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне» көтерілген.
«Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз», — деді Ресей Президенті.
Путиннің мәліметінше, қазіргі таңда 70 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол мұны «ауқымды жұмыстың бастауы ғана» деп атады.
Астанадағы Ресей күндері және «Болашақ ойындары»
Келіссөз тек саясат пен экономика төңірегінде шектелген жоқ. Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстардың да күшейіп жатқанын ерекше атап өтті.
Президент жақында Астанада өткен «Қазақстандағы Ресей күндері» іс-шарасының қоғам тарапынан жылы қабылданғанын айтты. Сонымен қатар былтыр елордада «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы», ал Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы сквері ашылғанын еске салды.
Тоқаев Астанада өтетін үшінші «Болашақ ойындары» жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін де айтты.
Орталық Азия үшін жаңа кезең бе?
Кездесуде «Орталық Азия – Ресей» форматына да ерекше назар аударылды. Тоқаевтың сөзінше, бүгінде әлемнің назары Орталық Азияға ауып отырған кезеңде бұл алаңның маңызы арта түспек.
Соңғы жылдары аймақта Қытай, Еуроодақ, АҚШ және Түркия ықпалы күшейіп жатқан шақта Мәскеу де Орталық Азиямен байланысын жаңа деңгейге шығаруға тырысып отыр. Ал Қазақстан бұл процесте негізгі стратегиялық әріптестердің бірі ретінде қарастырылады.
Сарапшылардың пікірінше, Астанадағы бұл кездесу тек екіжақты келіссөз емес, аймақтық саясаттың алдағы бағытын айқындайтын маңызды дипломатиялық сигнал болды.

