Қазақстанда салынып жатқан жаңа қала – Alatau City халықаралық инвесторлардың назарын өзіне аудара бастады.
Гонконгта өткен Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстелі барысында әлемдік қаржы институттары, технологиялық компаниялар мен инвестициялық қорлар болашақ мегажобамен танысып, ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Гонконгқа жұмыс сапары аясында өтті. Ол Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесіп, екі тарап арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды, қаржы және технология саласындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Неліктен әлемдік инвесторлар Алатауға қызығып отыр?
Alatau City – жай ғана жаңа қала емес. Бұл Қазақстанда алғаш рет арнайы құқықтық режим негізінде құрылып жатқан жаңа экономикалық орталық. Жоба инвесторларға түсінікті ережелер, құқықтық қорғау және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынады.
Гонконгтағы роудшоу барысында қатысушыларға қаланың инвестициялық әлеуеті, мемлекеттік қолдау шаралары және қаржы технологиялары, жасанды интеллект, Web3, цифрлық активтер мен инновациялық инфрақұрылым бағыттарындағы мүмкіндіктер таныстырылды.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Гонконг тәжірибесі Alatau City үшін маңызды үлгі болып отыр.
«Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару және трансшекаралық жобаларды жүзеге асыру үшін негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Дәл сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қоғамдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет түсінікті қағидаларға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ реттеудің үздік халықаралық стандарттарына басымдық бере отырып, Гонконгта қолданылатын тәсілдермен көп жағдайда үндес келетін арнайы құқықтық режимі бар қала құрылуда», — деді Қанат Бозымбаев.
Alipay жүйесінің иесі де қызығушылық танытты
Форум қорытындысында Alatau City Authority халықаралық технологиялық компаниялармен және инновациялық ұйымдармен алты келісім мен меморандумға қол қойды.
Ең назар аударарлық келісімдердің бірі ANT Digital Technologies компаниясымен байланысты болды. Бұл компания әлемге кеңінен танымал Alipay цифрлық төлем жүйесінің экожүйесіне кіреді және Алатау жобасына инвестиция салуға ерекше қызығушылық танытты.
Сонымен қатар әлемдегі ең ықпалды блокчейн экожүйелерінің бірі саналатын Solana Foundation Alatau City жобаларына бастапқы кезеңнен қатысу туралы шешім қабылдады.
Тараптар инновациялық экожүйені дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, технологиялық стартаптарды қолдау және блокчейн мамандарын даярлау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Қазақстан экономикасына арналған жаңа инвестициялық қор құрылады
Сапар барысында тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Dasco Capital және Templewater компаниялары Қазақстан мен Орталық Азияға инвестиция тартуға бағытталған бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жөнінде меморандум жасасты.
Жаңа қор үшін Alatau City жобалары инвестиция салудың негізгі бағыттарының бірі болады.
Бұл келісімдер Қазақстанға тек қаржы ғана емес, жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибені тартуға мүмкіндік береді.
Гонконг басшысы Қазақстандағы өзгерістерге жоғары баға берді
Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли Қазақстан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсетуде. Мен ел дамуының серпініне және іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне тікелей көз жеткізе алдым. Жүргізіліп жатқан реформалар, ашықтық және инвесторларға деген көзқарас одан әрі ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер жасайды. Біз серіктестік байланыстарды нығайту үшін осы оң серпінді пайдалануға ұмтыламыз», — деді Джон Ли.
«Бизнес капитандарымен» жабық кездесулер өтті
Гонконг сапарының маңызды бөлігі халықаралық ірі инвесторлармен жеке кездесулер болды. Қазақстандық делегация Henderson Land, Far East Consortium, Sunwah Group, Bosera Asset Management және басқа да жетекші компаниялардың құрылтайшыларымен және басшыларымен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында инвесторлар Алатау аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді.
Алатау үшін жаңа кезең басталды
Гонконгтағы роудшоу Alatau City-дің халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі таныстырылымдарының бірі болды. Сарапшылардың пікірінше, қол қойылған келісімдер мен жаңа серіктестіктер жобаның дамуын жеделдетіп, Алатауды Орталық Азиядағы жаңа технологиялық және қаржылық хабқа айналдыруы мүмкін.
Егер жоспарланған бастамалар толық жүзеге асса, Alatau City Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесіне ғана емес, халықаралық капитал мен инновацияларды тартатын өңірлік орталыққа айналуы ықтимал.



