Жаңа жобалар мен өндірісті жергіліктендіру: Германия Қазақстанға инвестиция көлемін арттырып жатыр

957
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан мен Германия экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға ниетті. Астанада өткен кездесуде Премьер-министр Олжас Бектенов пен Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхе инвестиция, өнеркәсіп, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан мен Германия ынтымақтастықты күшейтпек

Кездесу барысында экономика, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және аса маңызды минералдар салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға басымдық берілді.

Олжас Бектенов Германияның Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін Германия Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестердің бірі саналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Германиямен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. 2025 жылы өзара сауда көлемі $4,4 млрд-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артты. Алдағы кезеңдедегі басты міндетіміз – екі ел арасындағы дәстүрлі сауда-инвестициялық ынтымақтастықты неғұрлым дамыған өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға айналдыруды қамтамасыз ету. Біз өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және жоғары білікті кадрлар даярлау арқылы өнеркәсіп кооперациясын жаңа деңгейге шығаруға мүдделіміз», — деді Олжас Бектенов.

Локализация тәжірибесі үлгі ретінде ұсынылды

Кездесуде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында жұмыс істеп жатқан CLAAS және Horsch компанияларының тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Тараптардың пікірінше, өндірісті кезең-кезеңімен жергіліктендіру моделі өз тиімділігін дәлелдеді және оны өнеркәсіптің басқа бағыттарына да қолдануға болады.

Германия Қазақстандағы мүмкіндіктерді жоғары бағалады

Катерина Райхе Қазақстанның экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де жоғары екенін айтты.

«Біздің елдерімізді ұзақ жылдарға созылған берік әрі сенімді ынтымақтастық байланыстырады. Сауданы ғана емес, өнеркәсіптік кооперацияны да дамыту, Қазақстанда жаңа өндірістер ашу маңызды. Германиялық компаниялар Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция салып келеді, алайда мен бұл әлі де мүмкіндіктердің шегі емес екеніне сенімдімін. Біздің өзара іс-қимылымыздың әлеуеті әлдеқайда кең, сондықтан екі елдің экономикасы мен мемлекеттердің мүддесі үшін бұдан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бүгінде Қазақстан өңірдегі жетекші экономика болып саналады. Қазақстанның даму жолы шынымен де ерекше әсер қалдырады. Дәстүрлі өнеркәсіппен қатар, сіздер жасанды интеллектіні дамытуға, цифрландыруға және цифрлық мемлекетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөліп отырсыздар. Біздің серіктестігіміз көптеген бағыттарды қамтиды», — деді Катерина Райхе.

Жаңа инвестициялық жобалар жалғасады

Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Германия арасында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.

Бұл кездесу екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, жаңа өндірістер ашуға, технологиялық серіктестікті дамытуға және инвестиция көлемін арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыс

Қазіргі таңда екі елдің экономикалық ынтымақтастығы тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Негізгі көрсеткіштер:

  • 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында өзара сауда көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9 пайызға артты.
  • 2005 жылдан бері Қазақстанға шамамен 7,8 млрд АҚШ доллары көлемінде Германия инвестициясы тартылды.
  • 2025 жылы Германиядан келген инвестиция көлемі 28,5 пайызға өсіп, 700 млн АҚШ долларын құрады.
  • Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
  • Қазіргі уақытта екі ел арасында 23 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -