Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік тағы бір маңызды кезеңге өтті.
Шанхайда өткен кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап, алдағы бірнеше жылға арналған экономикалық әріптестіктің жаңа жоспарына қолдау білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы аясында өтті. Мемлекет басшысы ең алдымен Қытай көшбасшысына шақырту үшін алғыс айтып, дәл осы форумның технологиялық даму орталығына айналған Шанхайда ұйымдастырылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай Си Цзиньпинді құттықтады.
«Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті», – деді Президент.
Сауда көлемі рекордқа жақындады
Келіссөздердің негізгі тақырыбы – экономика болды. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі ғана емес, ел экономикасына ең көп инвестиция салған мемлекеттердің қатарында.
Президенттің айтуынша, Қытай осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына шамамен 30 миллиард доллар инвестиция құйған. Ал екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 49 миллиард долларға жеткен.
Қазір Қазақстан аумағында 8,5 мыңнан астам қытайлық компания жұмыс істейді. Олар өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Гуманитарлық байланыс та күшейіп келеді
Соңғы жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас тек экономикамен шектелмей, мәдени және білім беру бағытында да қарқын алды.
Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келген. Сонымен қатар Астана мен Бейжіңде мәдени орталықтар ашылып, еліміздегі Лу Бань шеберханалары білім мен технология алмасудың маңызды алаңына айналып отыр.
«Бұл – қос халықтың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Қытай халықаралық алаңда да үндес
Кездесу барысында тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматы аясында өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екенін растады.
Президенттің айтуынша, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерінде екі мемлекеттің ұстанымдары бір-біріне жақын.
Си Цзиньпин: Қазақстанмен серіктестіктің әлеуеті өте жоғары
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы екі ел арасындағы қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді», – деді Си Цзиньпин.
Сонымен бірге Қытай басшысы Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформаларға оң баға беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.
2030 жылға дейінгі жаңа бағдарлама қабылданды
Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.
Бұл құжат алдағы жылдары инвестиция, өнеркәсіп, логистика, ауыл шаруашылығы және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған негізгі стратегиялық құжаттардың бірі болмақ.



