Омбыдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасын ашық айтып, АЭС құрылысы мен Қазақстан–Ресей экономикалық серіктестігінің болашағына тоқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Омбыда өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі тек екіжақты қарым-қатынасқа ғана арналмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен келіссөз барысында сауда мен инвестициядан бастап атом энергетикасына дейінгі маңызды жобаларды талқылап қана қоймай, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты өз көзқарасын да ашық жеткізді.
Бұл мәлімдеме кездесудің ең көп назар аудартқан бөлігіне айналды.
Қазақстан мен Ресей: 28 миллиард долларлық серіктестік
Кездесу басында Мемлекет басшысы Омбыдағы қонақжайлық үшін Владимир Путинге алғыс айтып, өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы жаңа бастамаларды талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін айтты.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыс тұрақты өсіп келеді.
– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті.
Президент Ресей Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.
Бүгінде Ресейдің қатысуымен жалпы құны 53 миллиард долларды құрайтын 177 өнеркәсіп жобасы жоспарланған. Оның 122-сі іске асырылып үлгерген.
Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мұндай нәтижені екі елдің бірлескен жұмысының нақты көрсеткіші деп бағалады.
Тоқаев АЭС туралы: «Бұл тек энергетика емес»
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы болды.
Президент Балқаш көлінің маңындағы құрылыс алаңын дайындау жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтып, бұл жобаның стратегиялық мәніне тоқталды.
– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады.
Тоқаев Қазақстан Ресейдің көмегімен атом саласына қажетті инженерлер мен жоғары білікті ұлттық кадрларды даярлауды көздейтінін ерекше айтты.
Украина мәселесі: Тоқаевтың ең маңызды мәлімдемесі
Кездесудің ең көп талқыланатын бөлігі Ресей мен Украина арасындағы соғысқа арналды.
Қазақстан Президенті бұл қақтығысқа қатысты бұрынғы ұстанымын тағы да қайталап, оның мемлекетаралық соғыс екенін атап өтті.
– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз.
Сонымен бірге Тоқаев қазіргі жағдайда дипломатиялық келіссөздерді қайта бастау қажет деп есептейтінін айтты.
– Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді.
Президент Қазақстанның бұл мәселеде арағайын болуға ниетті емес екенін де ашық мәлімдеді.
– Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын.
Тоқаев соғыстың жалғасуы екі халыққа да ауыр зардап әкеліп жатқанын айтып, әсіресе жастардың қаза табуына алаңдаушылық білдірді.
– Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек.
Президенттің пікірінше, қазіргі қақтығыстың созылуы Ресей мен Украинаның қарсыластарына ғана тиімді.
Қазақстанның Ресейге қатысты ұстанымы өзгермейді
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік бағытын жалғастыратынын тағы бір мәрте растады.
– Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мемлекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз.
Путин: «Ынтымақтастық іс жүзінде стратегиялық сипат алды»
Владимир Путин де екі ел арасындағы экономикалық көрсеткіштердің өсіп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы өзара сауда көлемі шамамен 28 миллиард доллар болған, ал биылғы бес айда тағы 4 пайыздан астам артқан.
Ресей Президенті Ресей кәсіпкерлерінің қатысуымен Қазақстанда жалпы көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды.
Білім мен тарихи байланыс та назардан тыс қалған жоқ
Путин гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа арнайы тоқталды.
Ол Омбыда Қазақстанның жоғары оқу орнының филиалы ашылғанын айтып, Қазақстан тарапы ресейлік студенттерге бөлген 100 мемлекеттік грант үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Ресей Президенті Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың соғыс жылдарында дәл осы Омбыдағы госпитальде емделгенін де еске салды.
– Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған.
Келіссөз қорытындысы
Кездесу соңында президенттер энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарыш салаларындағы бірлескен жобалардың болашағын жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Алайда Омбыдағы кездесудің басты ерекшелігі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты ұстанымын Владимир Путиннің алдында ашық айтып, дипломатиялық шешімнің қажеттігін тағы бір мәрте жария түрде мәлімдеуі болды.