Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумында екі елдің алдағы жылдардағы әріптестігіне қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы сауда, инвестиция, атом энергетикасы, көлік дәліздері мен туризмнен бастап цифрлық логистикаға дейінгі жаңа бастамаларды ұсынып, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
Форумның биылғы тақырыбы – «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей – Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі».
Алғашқы сөз әкесі Кемел Тоқаев туралы болды
Президент сөзін ерекше ризашылықпен бастады. Ол Ресей Президенті Владимир Путин мен Омбы облысының басшылығына әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың ерлігіне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданы құрамында Польша жерінде ауыр жараланып, кейін Омбыдағы әскери госпитальда ем қабылдаған.
Бұл тарихи байланыс форумға ерекше символикалық мән берді.
Тоқаев: Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты
Президенттің айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы байланыс бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген.
– Бүгінгі таңда мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Инвестиция көлемі артып келеді
Президент Ресейдің Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.
Соңғы жиырма жылда Ресейден Қазақстанға 30 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Биылғы бірінші тоқсанда ғана ресейлік инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға өсіп, 773 миллион долларға жеткен.
Сонымен қатар:
- Қазақстанда ресейлік капиталы бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді;
- Қазақстандық бизнес Ресей экономикасына 9 миллиард доллардан астам инвестиция салған;
- Жалпы құны 52 миллиард доллардан асатын 177 ірі жоба дайындалған;
- Оның 122-сі жүзеге асып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
АЭС пен ғарыш жобалары стратегиялық әріптестіктің белгісі
Президенттің пікірінше, «Росатом» жетекшілік ететін халықаралық консорциумның Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салуы екі ел ынтымақтастығының ұзақмерзімді стратегиялық сипатын көрсетеді.
Сондай-ақ ол ғарыш саласындағы әріптестікке арнайы тоқталды.
Биыл сәуірде «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшырылымы жүзеге асты.
– Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың нақыл сөзінің мағынасы осыған жақын. Мызғымас достық пен тату көршілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.
Тоқаев көлік дәліздері туралы маңызды мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Ресейдің Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінде ерекше орын алатынын айтты.
Президент келтірген деректерге сәйкес:
- теміржол арқылы тасымал көлемі 92 миллион тоннаға жеткен;
- Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан арқылы өтетін контейнер тасымалы соңғы бес жылда 8 есеге артқан;
- Ресей – Қазақстан – Қытай бағыты бойынша миллионыншы контейнер жеткізілген;
- автомобильмен жүк тасымалы өткен жылы 8,5 миллион тонна болған;
- биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен астам өскен.
Қазақстан цифрлық көлік дәлізін іске қосуды ұсынды
Форумдағы ең маңызды бастамалардың бірі – «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосу туралы ұсыныс болды.
– Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел арасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев жаңа әуе бағдарламасын ұсынды
Президент шекаралас өңірлер арасындағы байланысты күшейту үшін «500+» атты жаңа бастама көтерді.
Бағдарлама аясында Астана мен Қазақстанмен шектесетін, халқы 500 мыңнан асатын Ресей қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу ұсынылды.
Сонымен бірге трансшекаралық туристік бағыттарды дамыту мәселесі де көтерілді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанға келетін туристер саны бойынша Ресей бірінші орында тұр. Одан кейін Қытай, Үндістан және Түркия орналасқан.
– Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді, – деді Президент.
Форум қорытындысы: жаңа келісімдерге жол ашатын кездесу
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сенімді әріптестік тек мемлекетаралық деңгейде ғана емес, өңірлердің, бизнес қауымдастықтарының, ғылым мен мәдениет өкілдерінің тығыз байланысы арқылы да нығайып келеді.
Президент Омбыға Қазақстаннан ауқымды делегация барғанын айтып, бұл екі елдің нақты жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін көрсетті.
– Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жылнамасындағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Путин не деді?
Ресей Президенті Владимир Путин де форум барысында өңіраралық ынтымақтастықтың рөліне тоқталды.
Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстанның көлік, логистика, экономика және басқа да салалардағы бірлескен жұмысты одан әрі күшейтуге әлеуеті жеткілікті.
– Ең басты нәрсені айтайын: Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында, сондай-ақ экономика мен қоғамдық өмірдің басқа да бағыттарында өзара тиімді ықпалдастықты арттыруына мүмкіндіктері мол. Осындай үйлесімді әрі ұжымдық жұмысты жалғастырса, Ресей мен Қазақстанның өңірлері екі елдің бауырлас халықтарының игілігі үшін жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосады, – деді Владимир Путин.