Қазақстан суды технологияның көмегімен сақтап қалмақ.
Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг пен автоматтандырылған есеп жүйелері су ысырабын азайтуға тиіс. Ал халықаралық инвестициялар су шаруашылығын жаңғыртуды жеделдетпек, деп хабарлайды DKNews.kz.
4 тамызда Астанада су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің үшінші отырысы өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰДБ қаржы институттарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен бизнес өкілдерінің басын қосты.
UNDP
Кездесудің негізгі тақырыбы суды үнемдеу болды. Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы күшейген тұста мемлекет жаңа тәсілге көшіп жатыр: нақты есеп пен бақылау болмаса, жаңа каналдар мен су қоймалары мәселені толық шеше алмайды.
ЖИ мен спутниктер су есебін өзгертеді
Қатысушылар су шаруашылығын цифрландыруды, жасанды интеллектті, спутниктік мониторингті және суды есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін талқылады.
UNDP
Бұл технологиялар су жоғалатын учаскелерді анықтауға, каналдардың жағдайын бақылауға, тұтыну көлемін болжауға және ресурсты өңірлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында дәлірек бөлуге мүмкіндік береді.
«Су қауіпсіздігінің болашағы бізде бар су көлемімен емес, керісінше, оны қаншалықты тиімді басқара алатынымызбен айқындалады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының су секторын дамытудың басым бағыттарының қатарында суды үнемдеу, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері тұр. Алайда бұл өзгерістерге тек мемлекет, ғылым, бизнес және халықаралық әріптестердің бірлескен күш-жігері арқылы ғана қол жеткізуге болады. Дәл осындай ынтымақтастық моделін біз Үйлестіру кеңесі арқылы дамытып келеміз», – деді Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
UNDP
Кеңес 2024–2030 жылдарға арналған Су жөніндегі әріптестік бастамасының іске асырылу барысын да қарады. Бастама мемлекеттік жобаларды халықаралық қаржыландырумен, техникалық сараптамамен және заманауи технологиялармен байланыстыруды көздейді.
20-дан астам келісім жасалды
Үйлестіру кеңесі құрылған кезден бері министрлік пен халықаралық әріптестер арасында 20-дан астам келісім мен меморандумның жасалуына ықпал етті.
Бұл уағдаластықтар су секторына техникалық көмек пен инвестиция тартуға жол ашты. Ендігі міндет — жекелеген жобаларды су ресурстарын басқарудың біртұтас жүйесіне біріктіру.
«Екі жыл ішінде Үйлестіру кеңесі жай ғана диалог алаңы емес, мемлекет, халықаралық әріптестер мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіруге көмектесетін тиімді механизмге айналды. Бұл жұмыстың шынайы құндылығы кездесулердің санымен емес, бүгіннің өзінде инвестициялық жобаларға айналып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге ықпал етіп отырған бірлескен шешімдермен өлшенеді. БҰҰДБ осы үдерістің бір бөлігі болғанын мақтан тұтады және Қазақстанға су үнемдеуді дамыту мен елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетуді жалғастырады», – деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
UNDP
Отырыс барысында тараптар жаңа әріптестік келісімдеріне қол қойды. Компаниялар мен ғылыми ұйымдар суды үнемдеуге арналған инновациялық жобаларын таныстырды.
Салаға қажет мамандар саны артып келеді
Су шаруашылығына құрал-жабдықпен қатар инженерлер, гидрологтер, цифрлық технология мамандары мен зерттеушілер қажет.
Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыттағы мамандарды даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырысты көбейтіп жатыр.
«Су саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын ұлғайтылып келеді. Соңғы жылдары оның көлемі үш есеге жуық артты», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
Білім беру мәселесі алғаш рет Үйлестіру кеңесінің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Бұған дейінгі кездесулерде қаржыландыру, инфрақұрылым және заңнаманы жетілдіру мәселелері басым болған.
UNDP
Суды үнемдеуді мектептен үйретеді
Мемлекет суды ұтымды пайдалану әдетін мектеп қабырғасынан қалыптастыруды көздеп отыр.
UNDP
Қазақстанда 125 мыңнан астам оқушыны біріктіретін 4 400-ден аса экологиялық клуб жұмыс істейді. Оқушылар «Жасыл мектеп» жобасына және басқа да экологиялық бастамаларға қатысады.
«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мектеп қабырғасынан басталады. Бүгінгі таңда бұл жұмыс «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінде білім беру ұйымдарында 125.000-нан астам оқушыны біріктіретін 4.400-ден астам экологиялық клуб жұмыс істейді, «Жасыл мектеп» жобасы мен басқа экологиялық бастамалар жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз – балалардың экологиялық санасын қалыптастырып, суды ұтымды пайдалану мәдениетін және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды дамыту. Бұл құндылықтар олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс».
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет пен халықаралық әріптестер суды үнемдеу, саланы цифрландыру және инвестиция тарту бағытындағы жаңа жобаларды айқындайды.
UNDP
Қазақстан үшін мұндай шешімдердің құны әр құрғақшылық маусым сайын өсіп келеді. Су енді тек табиғи ресурс емес, азық-түлік қауіпсіздігіне, өңірлердің тұрақтылығына және экономикалық өсімге тікелей әсер ететін факторға айналды.