Электр көліктері, дрондар, жасанды интеллект және ғарыш технологиялары.
Осылардың барлығын алға жылжытатын басты күш – жаңа буын аккумуляторлары, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ал дәл осы бағыттағы ең озық ғылыми идеялар осы аптада Астанада талқыланып жатыр.
5–7 тамыз аралығында Nazarbayev University базасында Наноматериалдар және озық энергия сақтау жүйелері бойынша XIV халықаралық INESS-2026 конференциясы өтуде. Биылғы форумға Еуропа, Азия, Африка және Солтүстік Американың 10-нан астам елінен 200-ден аса ғалым, инженер және өнеркәсіп өкілі келді.
Конференция аясында 100-ден астам ғылыми әзірлеме ұсынылып жатыр. Олардың қатарында жаңа буын аккумуляторлары, энергия сақтау технологиялары, жасанды интеллекттің ғылымдағы қолданылуы, электрохимиялық құрылғылар және болашақтың энергетикасын өзгертетін инновациялық жобалар бар.
Болашақтың технологиясы бүгіннен басталады
Соңғы жылдары аккумуляторларға деген сұраныс бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді. Бұған электр көліктерінің көбеюі, жаңартылатын энергия көздерінің дамуы, ұшқышсыз аппараттардың кеңінен қолданылуы және ғарыш саласындағы жаңа жобалар себеп.
Бірақ мәселе тек батарея шығаруда емес. Ғалымдардың алдында әлдеқайда күрделі міндет тұр: қуаты жоғары, тез зарядталатын, ұзақ қызмет ететін әрі қауіпсіз аккумуляторлар жасау.
Сондықтан әлемнің жетекші зерттеушілері дәл осы тақырыпты Қазақстанда талқылап жатыр.
Әлемдік ғылымның ең танымал есімдері Астанада
INESS-2026 конференциясының құрметті спикерлері қатарында аккумулятор технологияларын дамытуға зор үлес қосқан әлемдік деңгейдегі ғалымдар бар.
Олардың арасында литий-ионды аккумуляторлар технологиясының негізін қалаушылардың бірі профессор Джефф Дан (Jeff Dahn), литий-ионды батареяларға арналған графит анодының авторы профессор Рашид Язами (Rachid Yazami) және натрий-ионды аккумуляторлар саласындағы жетекші сарапшылардың бірі профессор Шинити Комаба (Shinichi Komaba) бар.
Профессор Шинити Комабаның айтуынша, әлем енді жаңа кезеңге аяқ басты.
«Жиырма жыл бұрын ғылыми зерттеулердің басым бөлігі литий-ионды аккумуляторларға бағытталды. Бүгінде біз аккумуляторлардың жаңа түрлерін белсенді зерттеп жатырмыз, өйткені алдағы 10, 20 немесе 30 жылда қоғамның қажеттілігі өзгереді. Сондықтан энергия сақтау технологиялары бойынша іргелі зерттеулердің маңызы ерекше. Қазіргі таңда ең болашағы зор бағыттардың бірі – натрий-ионды аккумуляторлар. Қазақстанды қоса алғанда көптеген мемлекет осы технологияны дамытуға басымдық беруде», – деді Токио ғылым университетінің профессоры Шинити Комаба.
Қазақстан тек зерттеп қана қоймай, жасап жатыр
Көпшілік үшін тосын жаңалық болуы мүмкін: Nazarbayev University-де литий-ионды аккумуляторлар өндіруге арналған екі пилоттық өндіріс желісі жұмыс істейді.
Бұл инфрақұрылым зерттеушілерге жаңа материал жасаудан бастап, электрод дайындау, аккумулятор ұяшықтарын құрастыру, батарея модульдерін әзірлеу және оларды толық сынақтан өткізуге дейінгі барлық процесті бір жерде жүргізуге мүмкіндік береді.
INMET бас директоры әрі NU профессоры Жұмабай Бәкеновтің айтуынша, зерттеу нәтижелері тәжірибеде қолданылып жатыр.
«Осы инфрақұрылымның арқасында біз әртүрлі форматтағы литий-ионды аккумуляторларды өндірудің өзіндік технологиясын әзірлеп, алғашқы тәжірибелік үлгілерін жасадық. Ең бастысы, біздің әзірлемелер зертханамен шектелмей, тәжірибеде қолданылып жатыр. Өзіміз жасаған аккумулятор блогы электр көлігіне орнатылып, оның борттық электроникасын қоректендіретін штаттық 12 V аккумулятор ретінде сынақтан сәтті өтті», – деді ол.
Ендігі мақсат – дрондар мен шағын ғарыш аппараттарына арналған батареялар
Зерттеулер мұнымен тоқтап тұрған жоқ.
Қазір университет ғалымдары өте төмен температурада тұрақты жұмыс істейтін, энергия сыйымдылығы жоғары арнайы аккумуляторларды әзірлеуге кірісті. Мұндай жүйелер ең алдымен стратосфералық платформалар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған.
Сонымен қатар Қазақстанда CubeSat форматындағы шағын жерсеріктерге арналған аккумуляторлар жасау жұмыстары да басталған.
Бұл – еліміздің ғарыш және жоғары технологиялар саласындағы әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазақстан ғылымы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтті
Конференцияның ашылуында Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад ғылымның шекарасы болмайтынын айтты.
«Nazarbayev University әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. INESS конференциясы – түрлі елдердің ғалымдарын біріктіріп, бүгінгі ғылым мен технологияның өзекті мәселелеріне бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң», – деді ол.
INESS неге маңызды?
2013 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан INESS бүгінде материалтану мен энергия сақтау технологиялары саласындағы Орталық Азиядағы ең беделді халықаралық ғылыми алаңдардың біріне айналды.
Осы уақыт ішінде конференция мыңдаған зерттеушіні біріктіріп, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге, жаңа технологиялардың пайда болуына және бірлескен жобалардың іске қосылуына ықпал етті.
Бүгін Астанада талқыланып жатқан ғылыми идеялардың бір бөлігі ертең біздің смартфондарда, электр көліктерінде, дрондарда немесе тіпті ғарыш аппараттарында қолданылуы әбден мүмкін.




