Қазақстан Қытай үшін көрші әрі сауда серіктесі ғана емес. «Деловой Казахстан» басылымына берген эксклюзив сұхбатында Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин мырза жасанды интеллект, сауда, Орта дәліз және гуманитарлық байланыстар екі ел қарым-қатынасының жаңа күн тәртібін қалай қалыптастырып жатқанын айтты.
Елші мырза, өткен айда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына және жасанды интеллектіні жаһандық басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысу үшін Қытайға арнайы сапармен барды. Сапар барысында Президент Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан мен Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы қоғамның ерекше назарын аударды. Осы бағыттағы екі елдің өзара іс-қимылы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
Осы жылдың шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев делегацияны бастап, 2026 жылғы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына және жасанды интеллектіні жаһандық басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысу үшін Шанхайға барды.

Сапар аясында екі мемлекеттің басшылары кездесті. Маған да осы маңызды іс-шараларға жеке қатысу мәртебесі бұйырды.
Кездесу барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, ынтымақтастық әлеуеті зор әрі келешегі кең екенін атап өтті.
Ол екі елдің даму стратегияларын ұштастыруды және саясатын үйлестіруді күшейту, практикалық ынтымақтастық деңгейін жүйелі түрде арттыру, бірлескен дамуға ықпал ету, екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге шығарып, жаңа нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Қазақстан Қытаймен қарым-қатынасты сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын және ҚХР-мен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Қазақстан Қытай тарапымен жоғары деңгейдегі тығыз байланысты сақтауға, практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, гуманитарлық алмасуды кеңейтуге және екіжақты қатынастарды дамытуда бұдан да салмақты әрі нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі.
2026 жыл Қытай үшін де, Қазақстан үшін де ерекше маңызға ие. Биыл Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толады, сондай-ақ Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуының 15-бесжылдық жоспарын іске асыру басталады.
Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді, осы айда Құрылтайдың жаңа құрамын сайлау өтеді, ал елдегі саяси және экономикалық реформалар жүйелі түрде тереңдеп келеді.
Осындай жағдайда екі мемлекеттің басшылары ынтымақтастықтың келешегі мен одан әрі дамудың негізгі бағыттарын жан-жақты талқылап, Қазақстан-Қытай қатынастары үшін жаңа бағдарлар белгіледі, жаңа мүмкіндіктер ашып, өзара іс-қимыл кеңістігін ұлғайтты.
Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы — Қытай тарапының бастамасымен өткізілетін жасанды интеллект саласындағы ең ірі және беделді халықаралық іс-шаралардың бірі.
Биыл конференция тоғызыншы рет өтті. Оған 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымның ресми өкілдері, сондай-ақ бизнес, ғылым және академиялық орта өкілдері қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі маңызды құжатқа — «2026 жылғы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы және ЖИ-ді жаһандық басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция төрағасының мәлімдемесіне» және «Жасанды интеллект саласындағы дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге» қол қойылды.
Жасанды интеллектіні жаһандық басқарудың алдағы бағдарларын анықтауға, әлемдегі цифрлық және интеллектуалдық алшақтықты қысқартуға және басқа да өзекті міндеттерді шешуге бағытталған маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстанның Жасанды интеллект саласындағы дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымына құрылтайшы мемлекеттердің бірі ретінде қосылғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл Қазақстанның Қытай тарапы ұсынған бастамаларды нық қолдайтынын, сондай-ақ жасанды интеллектіні жаһандық басқару жүйесін қалыптастыруға белсенді әрі жауапты түрде қатысып отырғанын көрсетеді.

Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан жасанды интеллект саласындағы нәтижелі ынтымақтастық пен алмасуды белсенді дамытып келеді.
Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстанның ұлттық даму қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді және елді жаңғыртудың қуатты «интеллектуалдық қозғалтқышына» айналып отыр.
Қытайдың ашық бастапқы коды бар ірі модельдеріне, бірлескен қытай-қазақстан зертханаларына, «Лубань шеберханаларына» және басқа да платформаларға сүйене отырып, елдеріміз бірлескен ғылыми-технологиялық зерттеулер жүргізіп, білікті кадрлар даярлап келеді. Бұл Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын практикалық қолдану деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Тараптар «жасанды интеллект + мемлекеттік қызметтер» форматы бойынша да ынтымақтастықты дамытып отыр. Бұл Қазақстандағы цифрлық мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын бірлесіп іске асыру да Қазақстан экономикасын әртараптандыруға ықпал ететін болады.
Алдағы уақытта біз жасанды интеллект саласындағы алмасу мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, оның инклюзивті дамуына бірлесіп жәрдемдесуге, интеллектуалдық технологиялар ұсынатын артықшылықтар мен мүмкіндіктерге кеңірек қолжетімділікті қамтамасыз етуге және екі ел үшін бұдан да жарқын болашақты бірге құруға ниеттіміз.
Қытай экономикасының қазіргі жағдайы туралы айтып берсеңіз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң динамика көрсетіп келеді. Сіздің ойыңызша, екі елдің сауда-экономикалық байланысын жаңа деңгейге көтеру үшін қандай нақты шаралар қажет?
2026 жылдың бірінші жартысында Қытай экономикасы күрделі әрі жылдам өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға қарамастан тұрақтылық танытып, орнықты дамыды және жаңа өсім драйверлері айқын күшейді.
Жалпы экономикалық жағдай тұрақты болды.
Бірінші жартыжылдықта Қытайдың жалпы ішкі өнімі 69,57 трлн юаньды, яғни қазіргі айырбас бағамы бойынша шамамен 10,3 трлн АҚШ долларын құрап, жылдық есеппен 4,7%-ға өсті.
Абсолюттік мәнде ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 трлн юаньға, шамамен 533 млрд долларға жетті. Бұл соңғы бес жылдағы осы кезең үшін ең жоғары көрсеткіш болды.
Жаңа сападағы өндіргіш күштер жедел дамып, инновациялар экономикалық өсімнің негізгі факторларының біріне айналып отыр.
Жоғары технологиялық өндірістегі қосылған құн 13,3%-ға, цифрлық өнім өндірісінде 12,3%-ға өсті.

Жасанды интеллектпен байланысты салалар 30%-дан жоғары өсім қарқынын сақтап отыр, ал жаңа драйверлердің экономикалық өсімге қосқан үлесі қазірдің өзінде 40%-дан асты.
Қытайдың сыртқы саудасы да жаңа тарихи максимумдарға жетті. Бірінші жартыжылдықта тауар саудасының көлемі 25,47 трлн юаньға, шамамен 3,77 трлн АҚШ долларына жетіп, алғаш рет 25 трлн юань межесінен асты.
Жасыл экономиканы дамытуда да елеулі нәтижелер бар. Жаңа энергия көздеріндегі автомобильдердің жалпы бөлшек саудадағы үлесі қатарынан үш ай бойы 60%-дан жоғары болды. Бұл Қытайдың осы саладағы әлемдік көшбасшылығын растайды.
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда ынтымақтастығы жоғары қарқынмен дамып келеді.
Қытай үшінші жыл қатарынан Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып отыр.
Осы жылдың бірінші жартысында екіжақты сауда көлемі 27,2 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық есеппен 25%-ға өсті.
Шанхайда өткен екі мемлекет басшыларының кездесуі барысында «Қытай Халық Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2030 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жоспарына» қол қойылды.
Бұл құжат алдағы бес жылдағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басым бағыттарын нақтылай түсті.
Келесі кезеңде тараптар екі мемлекет басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.
Қазақстанның 2026 жылы «Қытайға экспорт» бастамасы аясында жыл елі мәртебесіне ие болуына байланысты тараптар Қытай халықаралық импорт көрмесі, Қытай халықаралық тұтыну тауарлары көрмесі және Қытай халықаралық жеткізу тізбектері көрмесі сияқты алаңдарды неғұрлым тиімді пайдалануға, сондай-ақ сауданы ынталандыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізуге ниетті.
Бұл Қазақстанның жоғары сапалы шикізаттық емес өнімдерін Қытайға экспорттауды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар трансшекаралық электрондық коммерция, цифрлық және жасыл сауда сияқты ынтымақтастықтың жаңа форматтарын жедел дамыту жоспарланып отыр. Бұл дәстүрлі саудаға қосымша серпін береді.
Тараптар энергетика және минералдық ресурстар, заманауи ауыл шаруашылығы, автомобиль жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сияқты салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуді жалғастырады.
Орта дәлізді дамытуға қатысуға, сондай-ақ өндірістік және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмысын бірлесіп қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, Қытай мен Қазақстан екі елдің қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді қолдап, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасы мен деңгейін жүйелі түрде арттыруды жалғастырады.
Жақында Бейжіңде Жаһандық даму бастамасының бес жылдығына арналған жоғары деңгейдегі кеңес өтті. Соңғы бес жыл ішінде бұл бастама халықаралық аренада маңызды бағыттаушы рөл атқарып, әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауына ие болды және көптеген елдің белсенді қатысуын қамтамасыз етті. Жаһандық даму бастамасы ұсынылғалы бері қандай нәтижелерге қол жеткізілді және олар Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығында қалай көрініс тауып отыр?
2021 жылдың қыркүйегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясындағы жалпы саяси пікірталаста сөз сөйлеп, Жаһандық даму бастамасын ұсынды.

Ол халықаралық қауымдастықты даму мәселелерін жаһандық макроэкономикалық саясаттың басым бағыттарының қатарына қоюға, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін іске асыруды жеделдетуге және неғұрлым серпінді, жасыл әрі салауатты жаһандық дамуға ықпал етуге шақырды.
Соңғы бес жылда бастама тұжырымдамадан нақты іс-қимылға дейінгі жолдан өтті, ал Қытай ұсынған идея кең халықаралық мойындауға ие болып, халықаралық консенсустың бір бөлігіне айналды.
130-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйым бастаманы қолдайтынын білдіріп, оның аясындағы ынтымақтастыққа қатысып келеді.
100-ге жуық мемлекет, халықаралық және өңірлік ұйым Қытай тарапымен бастама шеңберіндегі ынтымақтастық туралы тиісті құжаттарға қол қойды. Соның нәтижесінде жаһандық даму мүддесіндегі әріптестіктің ауқымы кеңейіп келеді.
«Жаһандық даму бастамасының достар тобына» қатысушы елдердің саны 88 мемлекетке жетті және бүгінде ол жаһандық дамуды ілгерілетудегі маңызды күшке айналды.
Қытай-БҰҰ Бейбітшілік және даму қоры, сондай-ақ Жаһандық даму және Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық қоры ауқымы шағын болғанымен, тиімді әрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар жобаның іске асуына ықпал етті.
Бұл бастамалар 120-дан астам елдің тұрғындарына нақты пайда әкелді.
Жаһандық даму бастамасы және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп іске асыру аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық елеулі әрі нақты нәтижелер беріп келеді.
Қазақстан «Жаһандық даму бастамасының достар тобының» жұмысына белсенді қатысып, оның дамуы мен кеңеюіне маңызды үлес қосып отыр.
Сауда-экономикалық салада 2025 жылы екіжақты сауда көлемі 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, тағы да тарихи рекорд орнатты.
Сол жылы Қытай-Еуропа жүк пойыздарының өткізу қабілетін арттыруға және Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық тасымал тиімділігін жоғарылатуға бағытталған негізгі жобалардың бірі — Достық-Мойынты теміржол желісінің екінші жолы ресми түрде пайдалануға берілді.
Жоба нәтижесінде желінің өткізу қабілеті бес есе артты.

Сонымен қатар тараптар Қытай мен Қазақстан арасындағы үшінші теміржол шекара өткелін салу жұмыстарын жеделдетіп жатыр.
Сиань қаласындағы Қазақстан логистикалық терминалы жұмысын бастады. Ол қазақстандық өнімдердің Қытай нарығына шығуына мүмкіндік беретін маңызды логистикалық торапқа айналды.
Қытай мен Қазақстан бірлесіп үш «Лубань шеберханасын» ашты. Олар қазақстандық жастарға сұранысқа ие практикалық және кәсіби дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
2025 жылы Сиань-Алматы бағыты бойынша Қытай-Орталық Азия халықаралық мәдени-туристік пойызының алғашқы рейсі де жүзеге асты.
Бұл нақты жобалар екі ел халқына тікелей пайда әкеліп қана қоймай, олардың одан әрі жақындасуына және өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етеді.
Алдағы уақытта Қытай тарапы Қазақстанмен бірге Жаһандық даму бастамасын белсенді іске асыруды, практикалық ынтымақтастықты жүйелі түрде тереңдетуді және елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылда анағұрлым салмақты әрі нақты нәтижелерге қол жеткізуді жалғастыруға ниетті.
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қытай Халық Республикасының «Ұлттық бірлік пен прогреске жәрдемдесу туралы» заңы ресми түрде күшіне енді. Қытайдың ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын одан әрі жетілдірудегі маңызды қадам болған бұл заң әлемнің көптеген елінің назарын аударды.
Осы заңды қабылдаудың негізгі мақсаттары қандай? Ол ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға, елдің әртүрлі өңірлерінің теңгерімді дамуына және қытайлық жаңғыруды ілгерілетуге қалай ықпал етеді?
Қытай ежелден біртұтас көпұлтты мемлекет болып келеді.
Екі мың жылдан астам уақыт бұрын Қытайда өзегін Хуася өркениеті құраған, ал түрлі этностар бірлесіп дамыған тарихи құрылым қалыптасқан.
Ұзақ тарихи үдеріс барысында Қытай халықтары үнемі өзара араласып, тәжірибе алмасып, бір-біріне жақындай отырып, бай мәдени мұраны бірге қалыптастырды және ортақ тарихты бірге жазды.
Біртіндеп елдегі барлық этностық топтарды біріктіретін біртұтас қытай ұлты қалыптасты.

1949 жылы Жаңа Қытай құрылғаннан кейін ұлттық саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттары белгіленді. Олардың қатарында халықтардың теңдігі мен бірлігі, ұлттық аудандық автономия, сондай-ақ барлық этностық топтардың бірлескен дамуы мен өркендеуі бар.
Бүгінде Қытай халықтары өздерін біртұтас қытай ұлты қауымдастығының бөлігі ретінде берік сезінеді, теңдік, өзара қолдау және өзара көмек қағидаттарына сүйеніп қарым-қатынас жасайды, келісім мен бірлікте өмір сүріп, бір анардың дәндеріндей тығыз топтасқан.
Қытай Халық Республикасының «Ұлттық бірлік пен прогреске жәрдемдесу туралы» заңының қабылдануы және күшіне енуі жаңа дәуірдегі ұлттық саясаттың құқықтық негіздерін нығайтудың маңызды қадамы болып табылады.
Заң халық мүддесіне бағдарлану қағидатын жүйелі түрде ұстанады және барлық этностық топ өкілдеріне саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік және басқа салаларда заңды құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруға, сондай-ақ елдің жаңғыру нәтижелеріне бірдей қол жеткізуге құқықтық кепілдік береді.
Заң түрлі этностар өкілдерінің заңнамаға сәйкес еркін жүріп-тұруына, жұмысқа орналасуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді.
Бұл ретте толық еріктілік, заңдылық, белгіленген нормаларды сақтау және тұрғылықты жері мен қызмет түрін еркін таңдау қағидаттары қатаң сақталады.
Мұның бәрі Қытайдағы түрлі халық өкілдері арасындағы кең ауқымды өзара іс-қимылға, жан-жақты алмасуға және тереңірек жақындасуға ықпал етеді.
Қытайдағы ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету барлық этностық топтардың реформалар мен даму нәтижелерін тең пайдалануына ғана емес, олардың білімі, күш-жігері мен ұмтылысын ортақ мақсат — қытайлық жаңғыруды ілгерілету және қытай ұлтының ұлы жаңғыруын жүзеге асыру жолында біріктіруге бағытталған.
Қазақстан — бай әрі өзіндік өркениеті бар көпұлтты мемлекет. Елде шамамен 140 этностық топтың өкілдері тұрады және мыңға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Қытай да көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстанның этносаралық келісім мен ұлттық саясат саласындағы елеулі жетістіктерін жоғары бағалайды, сондай-ақ елдің өзінің ұлттық ерекшеліктері мен барлық этностық топтардың мүдделеріне сай келетін даму жолын іздеуіне қолдау білдіреді.
Gov
Қытай тарапы Қазақстанмен ұлтаралық қатынастар саласындағы тәжірибе алмасуды және өзара үйренуді дамытуға, ұлттық саясат мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге, Қытай-Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығын одан әрі жақындастыруға және екі ел мен олардың халықтарына көбірек нақты пайда әкелуге дайын.
Елші мырза, Қазақстанда жұмыс істеген кезеңде еліміздің көптеген өңірлерінде болып, түрлі сала өкілдерімен кездестіңіз.
Дипломат әрі қарапайым адам ретінде Қазақстанда Сізге ең терең әсер қалдырған не? Қандай сапарлар, кездесулер немесе қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетінің қандай қырлары ең жылы әрі жарқын естелік болып қалды? Соңында Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуын көптеген жыл бойы қызығушылықпен бақылап келе жатқан «Деловой Казахстан» оқырмандарына не айтар едіңіз?
Қазақстанға келген сәттен бастап еліміздің көптеген өңірін аралап, жүзден астам түрлі іс-шараға қатыстым.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен салт-дәстүрлері маған терең әрі ең жылы әсер қалдырды.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Ұлыстың ұлы күні — Дәстүрлердің жаңғыруы» іс-шарасына қатыстым.
Іс-шара барысында мені енді ғана алғашқы қадамын жасап келе жатқан бір жасар қыздың тұсауын кесу рәсіміне қатысуға шақырды.
Бұл — өте ерекше әрі терең мағынаға толы қазақ дәстүрі. Онда баланың дені сау болып өсуі, өмір жолында нық қадам басуы және болашағы жарқын болуы туралы жақындарының ақ тілегі көрініс тапқан.
Сол қыз балаға өмір бойы денсаулық, бақыт және амандық тілеймін.
Қазақстан өңірлеріне жасаған сапарларымның бірінде малшы отбасының киіз үйінде де болдым.
Үй иелері мол дәстүрлі дастарқан жайып, маған қойдың басын бөліп, етін үлестіру құрметін көрсетті.
Бұл дәстүрден қазақтың шынайы қонақжайлығы, қонаққа деген терең құрметі мен сенімі, алыстан келген адамға білдіретін ізгі тілегі анық көрінеді.
«Мемлекеттер арасындағы қатынастар халықтардың жақындығына негізделеді».
Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Деловой Казахстан» газетінің оқырмандарына шынайы сәлемім мен ең ізгі тілегімді жеткізгім келеді, сондай-ақ Қытай-Қазақстан қатынастарының дамуына көп жылдан бері назар аударып, елдеріміз арасындағы достықты тұрақты қолдап келе жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін.
Соңғы жылдары екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығы арқасында Қытай-Қазақстан қатынастары жоғары деңгейде дамып, екі ел мен олардың халықтарына нақты пайда әкеліп келеді.
Сонымен бірге Қытай мен Қазақстан азаматтарының саны артып, олар елдеріміз арасындағы достықты нығайту ісіне белсенді араласып, екіжақты ынтымақтастықтың тікелей қатысушылары әрі жасампаздарына айналып отыр.
Одан да көп оқырман «халық елшілері» ретінде әрекет етіп, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде өз ұсыныстары мен идеяларын белсенді білдіреді деп үміттенемін.
Бұл Қытай мен Қазақстан халықтары арасындағы достықты нығайтуға және тереңдетуге, мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарын дамытуға, сондай-ақ Қытай-Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығын одан әрі жақындастыруға үлес қосады.