Қазақстан Гонконг арқылы Қытай инвестициясын тартуды көздейді

946
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Қазақстан Қытай капиталын тарту аясын кеңейтпек. Астанада өткен China Conference: Central Asia 2026 конференциясында Гонконг пен материктік Қытай инвесторларын Қазақстан және Орталық Азиядағы тау-кен, энергетика мен цифрлық инфрақұрылым жобаларына тарту жолдары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) баспасөз қызметі хабарлады. South China Morning Post басылымы АХҚО қолдауымен ұйымдастырған конференция 7 қыркүйекте Hilton Astana қонақүйінде мемлекеттік органдардың, бизнес пен инвестициялық қауымдастықтың және технология саласының өкілдерін жинады.

Астана мен Гонконг биржаларын қосарлы листинг байланыстырады

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі АХҚО биржасы — Astana International Exchange (AIX) пен Гонконг биржасы (HKEX) арасындағы ынтымақтастық болды. Екі алаңның байланысы компанияларға әртүрлі нарықтағы инвесторлардан қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Мұндай тәжірибе бар. 2025 жылғы тамызда Jiaxin International Resources Investment Limited тау-кен компаниясы акцияларын Гонконг пен Астанада бір мезгілде орналастырды. АХҚО-ның ресми хабарламасына сәйкес, бұл Орталық Азиядағы юаньмен номинацияланған алғашқы IPO, яғни акцияларды алғаш рет жария орналастыру болды.

Қазақстан үшін келесі міндет — осындай қаржыландыру тетіктерін кеңінен пайдалану. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров бұл бағытты капитал ағынын ұлғайтумен және отандық бизнестің Қытай нарығына шығуымен байланыстырды.

«Қытай — Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз қаржылық және инвестициялық байланыстарды тереңдетудің елеулі әлеуетін көріп отырмыз. Біздің міндетіміз — осы берік серіктестікті екіжақты капитал ағынының ұлғаюына ұластыру, нарықтарымыз арасындағы байланысты нығайту және нақты инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыру. China Conference: Central Asia мемлекеттік органдардың өкілдерін, инвесторлар мен нарық көшбасшыларын практикалық ынтымақтастықты дамыту үшін біріктірген маңызды алаңға айналды. АХҚО және Astana International Exchange арқылы біз Қытай капиталы мен тәжірибесін Қазақстан мен Орталық Азиядағы инвестициялық мүмкіндіктермен ұштастыруға, сонымен бірге қазақстандық бизнеске Қытай нарығына шығудың жаңа жолдарын ұсынуға ұмтыламыз», — деді Ренат Бектұров.

Қытайдың Орталық Азиямен саудасы $106,3 млрд-қа жетті

Инвестициялық байланыстар өзара сауда өсіп жатқан кезеңде талқыланды. Қытай үкіметінің сайтында жарияланған дерекке сәйкес, 2025 жылы Қытай Халық Республикасы (ҚХР) мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы тауар айналымы 106,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Бір жылдағы өсім — 12%.

Бұл көрсеткіш бүкіл өңірді қамтиды. Ал Қазақстан үшін конференцияның практикалық мәні қалыптасқан сауда байланыстарын кәсіпорындарды, көлік инфрақұрылымын және технологиялық жаңғыртуды қаржыландыруға пайдалануда жатыр.

ҚХР-дың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань өңірдің Қытай үшін маңызын атап өтті.

«Орталық Азия Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан. Қытай үшін Орталық Азия — үміт артатын өңір. Қытай Орталық Азия елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтейді және бұл халықаралық ынтымақтастығымыздың ең сенімді кепілі болып саналады», — деді Чэн Кэфань.

Қатысушылар Гонконгті Орталық Азиядағы жобаларды Қытай бизнесімен және халықаралық инвесторлармен байланыстыратын орталық ретінде қарастырады. South China Morning Post (SCMP) басылымының баспагері Тэмми Тэм Қазақстанға қызығушылықты осы мүмкіндіктермен түсіндірді.

«Гонконг Орталық Азияны, әсіресе Қазақстанды болашағы зор нарық деп қарайды. Жаһандық бизнесті материктік Қытаймен тікелей байланыстыратын алмастырылмас дәнекер ретінде Гонконг Орталық Азияның өсіп келе жатқан әлеуетін жаһандық капиталмен және халықаралық ықпалмен ұштастыруда бірегей мүмкіндіктерге ие», — деді Тэмми Тэм.

Астанада 100-ден астам компанияның өкілдері бас қосты

Конференцияға Гонконгтен, Үлкен шығанақ аймағынан және материктік Қытайдың түрлі провинцияларынан кәсіпкерлер келді. Қатысушылар қатарында Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) мүше елдердің бизнес өкілдері де болды.

«Бүгін біз осы өзара байланысты дәл осы залда іс жүзінде жүзеге асырып отырмыз. Конференция Гонконгтен, Үлкен шығанақ аймағынан, материктік Қытайдың түрлі провинциялары мен АСЕАН елдерінен келген делегаттарды, сала көшбасшыларын және 100-ден астам компанияның өкілдерін, сондай-ақ әлемнің басқа өңірлерінен келген қонақтарды біріктірді», — деп атап өтті Тэмми Тэм.

Бұл — SCMP басылымының Орталық Азиядағы алғашқы флагмандық конференциясы. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, басылым Қазақстанда осындай ауқымдағы флагмандық конференция өткізген алғашқы гонконгтік бұқаралық ақпарат құралы болды.

«South China Morning Post-та біз сенімді әрі беделді ақпарат көзі ретіндегі рөлімізді мақтан тұтамыз. Түрлі салалардың көшбасшыларын біріктіру, жоғары деңгейдегі трансшекаралық диалогты дамытуға ықпал ету және макроэкономикада, қаржы нарықтары мен өңірлік инфрақұрылымда сапалы өзгерістер мен өсімге жағдай жасау үшін өз көзқарасымызды тікелей Астанаға әкелдік», — деді Тэмми Тэм.

Тау-кен өндірісіндегі жасанды интеллект пен жасыл инвестициялар талқыланды

Пікірталастардың жеке бөлігі аса маңызды минералдарды өндіруге арналды. Қатысушылар бұл салада жасанды интеллект пен жасыл инвестицияларды қолдануды, сондай-ақ тау-кен және энергетика кәсіпорындарын технологиялық жаңғыртуды қарастырды.

Цифрлық бағыттағы талқылаулар бұлтты технологияларды, киберқауіпсіздікті және Цифрлық Жібек жолы бойындағы қаржы технологияларын қамтыды. Бұл салалардағы қаржыландыру өндірісті жаңартуға, деректерді өңдеуге және қаржы қызметтерін дамытуға байланысты.

Баспасөз хабарламасында осы бағыттар бойынша жаңа инвестициялық келісімдердің сомасы көрсетілмеген. Әзірге жобалар мен ынтымақтастық тетіктерін талқылау туралы айтылып отыр.

5 қазанда Назарбаев Университетінде медициналық семинар өтпек

Конференцияда жарияланған нақты іс-шаралардың бірі — Назарбаев Университетіндегі Global Medical Frontiers семинары. Оның дайындығы туралы Гонконг әкімшілігінің бұрынғы басшысы, GX Foundation ұйымының негізін қалаушы төрағасы Си-Уай Люн бейнеүндеуінде хабарлады.

«Өзім негізін қалаушы төрағасы болып табылатын, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында жұмыс істейтін халықаралық үкіметтік емес GX Foundation ұйымы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Назарбаев Университетімен бірлесіп Global Medical Frontiers семинарын өткізетінін қуана хабарлаймын. Ол клиникалық технологияларды, денсаулық сақтау жүйесін басқару мен дәстүрлі медицинаны, тіршілік ортасы мен табиғи апаттар мәселелерін, медициналық білім беруді және гуманитарлық салада кадр даярлауды қамтиды. Семинар 5 қазанда Назарбаев Университетінде өтеді», — деді Си-Уай Люн.

Ол конференцияны Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысуымен де байланыстырды.

«Орталық Азия — “Бір белдеу, бір жол” бастамасының негізгі өңірі, ал Қазақстан — оның негізгі елдерінің бірі. Астанада China Conference өткізгені үшін South China Morning Post-қа алғыс айтамын. Конференция Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық және өзге де ынтымақтастық бағыттарын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін, соның ішінде байланыстырушы орталық рөлін атқаратын Гонконг арқылы айқындауға көмектесетініне сенімдімін», — деп атап өтті Си-Уай Люн.

Бұған дейін маусым айында Қазақстан мен Гонконг ынтымақтастығын кеңейту аясында жасалған 46 келісім туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -