Тоқаев Германия капиталына жаңа инвестициялық платформа ұсынды

1067
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан Германия капиталына жеке қаржы тетігін ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құрып, еуропалық капиталды Қазақстанның қоса қаржыландыруы, кепілдіктері және тәуекелді бірге бөлу механизмдерімен ұштастыру бастамасын көтерді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұсыныс Мемлекет басшысының Германияға ресми сапарының алғашқы күні осы елдің жетекші экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуінде айтылды. Талқылаудың негізгі өзегі — неміс қаржысын, технологиясын және тәуекелдерді басқару тәжірибесін Қазақстанның ресурстық және көлік мүмкіндіктерімен біріктіру.

Жаңа платформа капитал мен тәуекелді бір жүйеге біріктірмек

Президент ұсынған модельдің ерекшелігі — Германиядан инвестиция тартумен шектелмей, жобаларды қаржыландыру тәуекелін екі тарап арасында бөлу.

Қазақстан жағынан мақсатты жобаларды құрылымдау міндетін «Бәйтерек» холдингі атқара алады.

«Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл механизм іске қосылса, неміс қаржы ұйымдары үшін Қазақстандағы жобаларға кірудің жеке институционалдық арнасы қалыптасуы мүмкін. Алайда әзірге платформаның қаржы көлемі, іске қосылу мерзімі және нақты құрылымы жарияланған жоқ.

Германиядан $1,2 млрд қаржы тартылған

Қазақстан мен Германия арасындағы қаржылық ынтымақтастық нөлден басталмайды.

Президенттің мәліметінше, Қазақстан даму банкі неміс қаржы институттарының қатысуымен өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымындағы жобаларға $1,2 млрд тартқан.

Бұл қаржыландыруға Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank және KfW секілді қаржы институттары қатысқан.

«Экономикамызды қаржыландыруға даму институттары белсенді атсалысуда. Өткен жылы олар 20 миллиард доллар көлемінде қаражат бөлді. Қазақстан даму банкі ұзақ жылдар бойы неміс қаржы институттарының қолдауымен өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы салаларында маңызды жобаларды іске асырып келеді. Бұл мақсатқа Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank, KfW және басқа да ұйымдардан 1,2 миллиард доллар қаржы тартылды», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның сыртқы қаржыландыру мүмкіндігіне рейтингтік жағдай да әсер етеді. S&P Global Ratings 2026 жылғы 21 тамызда Қазақстанның ұзақ мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтингін BBB- деңгейінен BBB-ге көтеріп, болжамды «Тұрақты» деп белгіледі.

Критикалық шикізат Германиямен ынтымақтастықтың жеке бағытына айналмақ

Қаржымен қатар келіссөздерде аса маңызды материалдарға ерекше назар аударылды.

Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Президент UFK кепілдіктерінің талаптарына сәйкес келетін және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге мүмкіндік беретін жобаларды ілгерілетуді ұсынды.

Бұл модель Қазақстан үшін шикізатты жай экспорттау мәселесінен кеңірек қарастырылып отыр. Берлиндегі келіссөздердің логикасы қаржыландыру, ұзақ мерзімді жеткізу және инвестициялық тәуекелді сақтандыру құралдарын бір тізбекке біріктіруге негізделген.

Тоқаев Германияның Қазақстан үшін технологиялық үлгі ретіндегі рөлін де атап өтті.

«Халқымыз Германияға айрықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдердің жоғары сапасына, шағын және орта бизнестің орнықтылығына (Mittelstand) тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан трансформациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұтамыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі – Еуропалық Одақпен ықпалдастықта қазақ-герман ынтымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйтсе де экономикалық байланысымыздың әлеуеті мұнымен түгесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын», — деді Президент.

Неміс бизнесіне энергетикадан киберқауіпсіздікке дейінгі салалар ұсынылды

Берлиндегі кездесуде инвестиция тартудың бірнеше нақты бағыты белгіленді.

Олардың қатарында энергетика мен өнеркәсіпті жаңғырту, жаңартылатын энергия көздері, «жасыл» сутегі, деректерді өңдеу орталықтары, энергия тиімділігі технологиялары, бұлтты инфрақұрылым, киберқауіпсіздік және қаржы технологиялары бар.

Президент Қазақстандағы цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаңа өнімдерді сынақтан өткізетін нарық ретінде пайдалануды ұсынды.

«Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Alatau City неміс капиталына жеке жоба ретінде ұсынылды

Кездесудегі тағы бір ірі инвестициялық нүкте — Alatau City.

Тоқаев жаңа қаланы неміс қаржы секторы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері түйісетін алаң ретінде ұсынды.

«Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін», — деді Президент.

Бұл ұсыныстың артында қазірдің өзінде қалыптасып келе жатқан инвестициялық портфель бар. Alatau City-дегі жобалар саны 67-ге жетіп, олардың жалпы құны шамамен $6,9 млрд-ты құрайды. Жобалар толық жүзеге асса, 55 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап қалада арнайы құқықтық режим қолданылады. Ол инвесторлармен жұмыс істеудің бөлек тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстан Германиямен капиталдан технологияға дейінгі тізбек құрмақ

Берлиндегі кездесудің құрамы да келіссөздердің бағытын көрсетеді. Оған Германия экономикасы Шығыс комитеті, Германия сауда-өнеркәсіп палатасы, Германия өнеркәсібі федералдық одағы, German Water Partnership және бірқатар ірі қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Президенттің ұсынған моделі бірнеше элементті бір уақытта байланыстырады: неміс капиталы, Қазақстанның қоса қаржыландыруы, экспорттық кредиттерді сақтандыру, критикалық шикізат, энергетикалық жаңғырту, цифрлық технологиялар және Alatau City.

Осы тұрғыда Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасының практикалық маңызы оның құрылған-құрылмағанымен ғана емес, осы бағыттардағы нақты жобаларға қанша жеке капитал тарта алатынымен өлшенбек.

Бұған дейін біз Alatau City инвестициялық портфелінің 67 жобаға және $6,9 млрд-қа дейін өскені туралы жазған едік. Енді Берлинде бұл жоба Германияның қаржы секторын Қазақстан экономикасына кеңірек тартатын ықтимал алаңдардың бірі ретінде ұсынылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -