Тоқаев Қазақстанға шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізбек

737
Фотосурет: Аkorda

Білім беру моделі өзгеріп жатыр. Қазақстан жастарды жаппай шетелге оқуға жіберуден гөрі, жетекші халықаралық университеттердің стандарттары мен ғылыми технологияларын елге әкелуге басымдық бермек, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қыркүйекте Берлинде Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары және ғылыми институттардың басшыларымен кездесуде айтты.

Қазір Қазақстанда 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Мемлекет басшысының айтуынша, 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған.

Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100 серіктеспен жұмыс істейді

Президент Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық байланыстың ауқымы кеңейгеніне назар аударды.

«Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Яғни ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді», – деді Президент.

Тоқаев бұл үдеріске Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылғы маусымдағы Қазақстанға сапарынан кейін нығайған саяси диалог ықпал еткенін айтты.

Қазақстанның стратегиялық мақсаты — елді Еуразиядағы жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналдыру.

2029 жылға қарай 100 мың шетелдік студент тартылмақ

Бұл саясаттың басты өзгерісі — білімді импорттаудың жаңа моделі.

«Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

100 мың студенттік меже бұған дейін де Қазақстанның жоғары білімді интернационалдандыру жоспарында белгіленген. Мәселен, біз Қазақстанның 2029 жылға қарай 100 мың шетелдік студент тарту жоспары туралы жазған едік.

Университеттер өндірістен алшақ болмауы керек

Қазақстан мен Германия қазір классикалық студент алмасудан бөлек, экономикаға тікелей байланысты білім беру орталықтарын құрып жатыр.

Мұндай бірлескен құрылымдар Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматыда ашылған.

Президент академиялық серіктестіктің тиімділігін оның нақты экономикалық және технологиялық сұранысқа қаншалықты жауап беретінімен байланыстырды.

«Бұл мысалдар мына маңызды қағиданың дұрыс екенін көрсетеді. Нақты экономикалық және технологиялық қажеттілікке сай келетін академиялық серіктестік нәтижелі болады. Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет», – деді Президент.

Қазақстан мен Германияның осы бағыттағы жұмысы бұрыннан жүріп келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Қазақ-неміс университеті базасындағы ғылым және технологиялар институтының консорциумына Фрайберг тау-кен академиясы және Германияның басқа да жетекші университеттері кірген.

Тоқаев Германияға үш бағыт ұсынды

Президент екі ел арасындағы байланысты білім алмасудан білімді бірлесіп жасауға көшіру үшін үш негізгі бағытты атады:

  • бірлескен білім беру және қос диплом бағдарламаларын көбейту, арнайы академиялық алмасу бағдарламасын іске қосу;
  • Қазақстан мен Германия ғалымдарының бірлескен зерттеулерін кеңейту;
  • технология трансферін күшейтіп, инженерлік зертханалар мен технология трансфері орталықтарын құру.

Бірінші бағыт студенттермен ғана шектелмейді. Зерттеушілердің де екі елдегі серіктес ұйымдарда бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасау ұсынылды.

7,5 миллион еуролық TiBeRIUM жобасы іске қосылды

Ғылыми кооперацияның нақты мысалы ретінде Президент TiBeRIUM жобасын атады.

Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен бірге ел Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі.

Тоқаевтың айтуынша, аталған ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды.

«TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді. Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл жерде ғылыми жобаның міндеті тек зерттеу жариялаумен шектелмейді. Түпкі мақсат — титан мен бериллий өндірісіндегі ғылыми әзірлемелерді нақты өнеркәсіптік тізбекпен байланыстыру.

Ғылымға жұмсалатын қаржы ЖІӨ-нің 1%-ына жеткізілмек

Үшінші бағыт — технология трансфері.

Тоқаев Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1%-ына дейін арттыратынын мәлімдеді.

Сонымен бірге жеке компанияларды университеттік зерттеулерге инвестиция салуға ынталандыру тетіктері іске қосылған.

Президент неміс бизнесін Қазақстандағы бірлескен мекемелер жанынан:

  • инженерлік зертханалар;
  • технология трансфері орталықтарын ашуға шақырды.

Қазақстан мұндай жобаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін де жеткізді.

700 мың студент AI-Sana бағдарламасынан өтті

Кездесудегі жеке бағыт жасанды интеллект болды.

Тоқаевтың мәліметінше, AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған дағдылар алған.

Қазақстанда alem.cloud суперкомпьютер кластері орнатылып, жасанды интеллект саласындағы мамандандырылған зерттеу университеті ашылған.

Президент бұл инфрақұрылымды Германияның ғылыми ұйымдары және өнеркәсіп компанияларымен жаңа жобалар құру үшін пайдалануды ұсынды.

«Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Германиядан диплом ғана емес, технология тартуға ұмтылады

Берлиндегі кездесуде айтылған ұсыныстар Қазақстан мен Германия арасындағы білім байланысының бағытын айқындайды: студент алмасумен қатар қос диплом, ортақ зерттеу, инженерлік зертхана және технология трансфері қатар жүруге тиіс.

Бұл Германиямен жасалған соңғы келісімдердің жалпы бағытымен де сәйкес келеді. Екі елдің жаңа стратегиялық құжаттарында Қазақ-неміс университетін дамыту, оның жаңа кампусын құру мүмкіндігі, Астанада Қазақ-неміс мектебін ашу және техникалық-кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қарастырылған. Бұл бастамалар туралы біз Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа стратегиялық әріптестік жөніндегі материалда жазған едік.

Берлиндегі кездесудің негізгі сигналы да осы: Қазақстан Германиядан дайын білімді ғана алуға емес, университет, ғылым және өндіріс бір тізбекте жұмыс істейтін ортақ технологиялық жобалар жасауға ұмтылып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -