Тоқаев Баварияға Қазақстан үшін жаңа өнеркәсіптік модель ұсынды

990
Фотосурет: Akorda

Қазақстан неміс технологиясын ел ішінде қолданбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария бизнесіне автоматтандыру, робот техникасы мен микроэлектроникадан бастап логистика және агротехнологияға дейінгі салаларда Қазақстанмен бірлескен өндіріс құруды ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент бұл бастамаларды 30 қыркүйекте Мюнхенде өткен Қазақстан-Бавария технологиялық форумында жариялады. Бизнес, өнеркәсіп және технология өкілдерінің басын қосқан форум Мемлекет басшысының Германияға ресми сапарын қорытындылады.

«Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай»

Мюнхендегі басты экономикалық сигналдың бірі Қазақстанның Германиямен қарым-қатынасты дайын өнім мен шикізат саудасынан тереңірек өндірістік кооперацияға қарай жылжыту ниеті болды.

Тоқаев Баварияны Еуропадағы жетекші өнеркәсіптік аймақтардың бірі әрі инженерия мен жоғары технология орталығы деп атады.

«Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүние жүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым», – деді Президент.

Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Қазақстан бұл өңірге мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар мен бидай экспорттайды.

Ендігі мақсат – осы байланысты жоғары технологиялық өндіріс пен жаңа нарықтарға бірлесіп шығуға қарай кеңейту.

Siemens пен KUKA Қазақстан өндірісін автоматтандыруға қажет

Тоқаев машина жасау, металлургия, электр техникасы мен өнеркәсіптік компоненттер өндірісіндегі еңбек өнімділігін арттыру үшін автоматтандыру мен роботтандырудың рөлін атап өтті.

Қазақстан бұл бағытта Siemens және KUKA секілді технологиялық компаниялардың тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Ал Qarmet сияқты ірі қазақстандық кәсіпорындар жаңа технологияларға тұрақты сұраныс қалыптастыра алады.

«Озық өндірісті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл формула Қазақстанның ұсынысын нақты көрсетеді: неміс жабдығын сатып алумен шектелмей, технология мен өндірістік құзыретті ел ішіндегі кәсіпорындарға енгізу.

Қазақстан Германияға мыс, титан және тантал ұсынды

Критикалық материалдар Мюнхендегі келіссөздердің тағы бір маңызды бағытына айналды.

Германия өнеркәсібі стратегиялық ресурстарды жеткізу арналарын әртараптандыруға ұмтылып жатқанда, Қазақстан өзін ұзақмерзімді жеткізуші ретінде ұсынып отыр.

«Неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың жеткізілу жолдары сенімді және әр тараптан болуына мүдделі. Қазақстан бұл орайда мыс, титан, алюминий, берилий, тантал, ниобий секілді элементтермен ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ете алады», – деді Мемлекет басшысы.

Мұндағы Қазақстан үшін негізгі мәселе шикізатты жеткізумен ғана шектелмеу. Президент форумда өндірістік технологияларды елге тарту мәселесін критикалық материалдармен қатар қойды.

Қазақстан бірден микросхема зауытын салуға ұмтылмайды

Микроэлектроника бойынша Тоқаев Қазақстан үшін нақты әрі прагматикалық бастапқы нүктені атады.

Ел әзірге ауқымды микросхема өндірісіне ұмтылмайды. Оның орнына қазіргі қазақстандық өнеркәсіпке тікелей қажет технологиялық тізбектерге кіру ұсынылып отыр.

Олардың қатарында:

  • үлкен қуат ағындарын реттейтін электроника;
  • датчиктер;
  • өлшем жүйелері;
  • күрделі автоматтандырылған басқару жүйелері бар.

Мұндай шешімдер энергетикада, тау-кен және металлургия саласында, көлікте және өңдеу өнеркәсібінде қолданылады.

«Бавария Infineon Technologies, Siltronic, Rohde & Schwarz секілді дүние жүзі мойындаған компанияларды біріктіріп, жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника саласында Еуропадағы ең үздік экожүйелердің бірін қалыптастырды. Қазақстанға ауқымды микросхема өндірісінен гөрі отандық өнеркәсіптің дамуына тікелей септігін тигізетін қосылған құны жоғары өнімдер шығарудан бастаған оңтайлы болар еді. Энергетика, тау-кен, металлургия, көлік және өңдеу өнеркәсібі салаларына үлкен қуат ағындарын реттейтін электроникалар, датчиктер, өлшем жүйелері мен автоматтандырылған күрделі басқару жүйесі көбірек қажет. Осы орайда, Bavarian Chips Alliance қатысуымен арнайы серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Бағдарлама шеңберінде тиісті қазақстандық компанияларды, ғылыми-зерттеу мекемелерін және даму институттарын бавариялық жартылай өткізгіштер өндірісінің экожүйесімен сабақтастыруға болады», – деді Президент.

Бавариялық бизнеске Транскаспий бағыты ұсынылды

Өндіріс үшін сыртқы нарыққа тұрақты шығатын жол қажет. Сондықтан форумда технологиямен бірге логистика мәселесі де көтерілді.

Тоқаев бавариялық бизнесті Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бойында өнеркәсіптік және логистикалық хабтарды бірлесіп дамытуға шақырды.

Бұл модель Қазақстандағы өндірісті ішкі нарықпен ғана шектемей, Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу тізбектеріне қосуға бағытталған.

Alatau City неміс компанияларына жаңа алаң ретінде ұсынылды

Мюнхенде Президент Alatau City мегажобасын да таныстырды.

Бавариялық компанияларға жаңа қалада инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастыру, технологиялық шешімдерін көрсету, жергілікті серіктестер табу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.

Бұл ретте Alatau City жеке жоба ретінде ғана емес, неміс технологиялары мен қазақстандық нарықты байланыстыратын бизнес алаңы ретінде қарастырылып отыр.

Бавария технологиясы Қазақстан ауыл шаруашылығына да қажет

Тағы бір бағыт – агроөнеркәсіп.

Баварияның ауыл шаруашылығы машинасын жасау, ғылыми негізделген егіншілік, су үнемдеу және тамақ өнеркәсібіндегі тәжірибесін пайдаланып, Қазақстан-Бавария үлгілі шаруашылықтар жобасын іске қосу ұсынылды.

Мұнда басымдық Еуропа стандарттарына сәйкес келетін сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге берілмек.

Бұл ұсыныс технологияны тек өнеркәсіптік кәсіпорындарға емес, аграрлық өндіріске де енгізуді көздейді.

Алматыда Бавария экономикасының өкілдігі ашылуы мүмкін

Мюнхендегі тағы бір ұсыныс тікелей Алматыға қатысты.

Тоқаев қалада Бавария экономикасының өкілдігін орналастыруды ұсынды. Ол неміс кәсіпорындарының Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы мүддесіне қызмет ете алады.

Президент жаңа өндірістер үшін білікті мамандар қажет екенін де атап өтті. Қазақстан Баварияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесінің тәжірибесін пайдалануға және инженерлік кадрларды даярлауды ірі өнеркәсіптік жобалармен байланыстыруға мүдделі.

Мюнхендегі ұсыныстар Берлинде басталған экономикалық келіссөздердің жалғасына айналды. Бір күн бұрын біз Қазақстан мен Германияның құны $54 млрд-тан асатын 40 инвестициялық бастамадан тұратын портфель қалыптастырғанын, оның 21-і жүзеге асқанын жазған едік. Енді Бавариядағы келіссөздер сол инвестицияның қандай технологиялар мен өндірістік құзыреттерді Қазақстанға әкеле алатынына бағытталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -