Діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіру – Ерлан Қарин Президенттің Бейбітшілік жолындағы жаһандық қозғалыс құру бастамасы туралы айтты

913
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ақорда

Съезд діни саладағы ЖИ-ға ортақ қағидаттар ұсынды. Астанада халықаралық алаңға қатысушылар жасанды интеллектіні діни салада пайдалануға арналған этикалық кодексті және діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы жеке құжатты қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шешімдер Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Хатшылықтың XXIV отырысында қабылданды. Жиынға 20 елден әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың 30-дан астам беделді өкілі, сондай-ақ мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жасанды интеллектіні діни салада қолдануға этикалық талаптар белгіленді

Отырыстың негізгі қорытындыларының бірі – «Жасанды интеллектіні діни салада пайдаланудың этикалық кодексінің» қабылдануы.

Құжат технологияларды қолданудың аса сезімтал тұстарын қамтиды. Олардың қатарында діни мәтіндердің бұрмалануы, цифрлық жалған материалдар, кемсітушілік және адамдардың сеніміне ықпал ету үшін технологияларды пайдалану тәуекелдері бар.

Кодекс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі Дінаралық комиссия құру және әмбебап «алгоритмдерге арналған өсиеттерді» әзірлеу бастамасын жалғастырады.

Қазақстан үшін бұл ЖИ мәселесін тек технологиялық күн тәртібімен шектемей, оның адам сенімі мен дүниетанымына ықпалын да талқылауға шығару деген сөз. Бұл жолы мәселе алгоритмдердің діни мәтіндермен, сеніммен және адамдардың көзқарасымен жұмыс істеуінде қандай этикалық шектер болуы керектігіне тіреліп отыр.

Екінші құжат дін мен климаттық жауапкершілікті байланыстырды

Отырысқа қатысушылар «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» атты құжатты да қабылдады.

Екі құжат та Астана бейбітшілік декларациясы – 2025 ережелерін іске асыру аясында әзірленген. Климат жөніндегі құжат экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған және қоршаған ортаға қамқорлықты азаматтық жауапкершілікпен ұштастыратын Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасының философиясымен үндеседі.

Ерлан Қарин Съезд жұмысының алдағы бағытын да айқындады: алаң пікір алмасумен шектелмей, бірлескен құжаттар мен нақты жобалар әзірлеуге көбірек ден қоюы тиіс.

«Алдыңғы жылдары қалыптасқан құндылықтық негіз Съездің практикалық ауқымын кеңейтуге – құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, серіктестікті нығайтуға және жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин.

Қазақстан Жаһандық бейбітшілік қозғалысының тұжырымдамасын әзірлейді

Съезд аясындағы келесі бағыттардың бірі – Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру.

Президент бастамасы діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруді көздейді. Хатшылыққа серіктестермен бірлесіп қозғалыстың тұжырымдамасын, оны кезең-кезеңімен қалыптастыру және халықаралық деңгейде ілгерілету жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бұл жұмыс қарулы қақтығыстар, гуманитарлық дағдарыстар, радикализм мен өшпенділік тілінің күшеюі жағдайында қолға алынбақ. Съезд күн тәртібіне сонымен бірге климаттық және технологиялық тәуекелдер де енді.

Астананың ұстанымы бойынша, діни ұйымдар саяси диалог қиындаған тұста байланыс арналарын сақтауға ықпал ете алады, ал рухани дипломатия дәстүрлі келіссөз тетіктерін толықтыруға мүмкіндік береді.

Хартия айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтарын қамтиды

Отырыста тағы бір халықаралық бастама – «Айықпас дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартия» таныстырылды.

Құжат Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы ретінде «Бамбино Джезу» ауруханасы сарапшыларының қатысуымен әзірленген. Хатшылық Хартия бойынша жұмысты жалғастыруды қолдады.

Осылайша Съездің практикалық күн тәртібі бір мезетте бірнеше бағытты қамтып отыр: бітімгерлік, медицина, экология және жасанды интеллектіні жауапты қолдану мәселелері.

БАӘ Мұсылман ақсақалдары кеңесі ЖИ мен климат құжаттарын әзірлеуге қатысты

Отырыс аясында Ерлан Қарин бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

БАӘ Мұсылман ақсақалдары кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Абдельсаламмен кездесуде Съезд аясындағы ынтымақтастық талқыланды. Ерлан Қарин Кеңеске форум жұмысына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, оның Адамзат бауырластығы туралы құжатты ілгерілетуге, сондай-ақ климат пен жасанды интеллект этикасы жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті.

БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Аль-Сабримен алдағы ынтымақтастықтың бағыттары және толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын ілгерілету мәселелері қаралды.

Қытайдың буддистік және даостық ұйымдарының өкілдері Цю Шуан және Сунь Сяомен өткен кездесуде олардың Съезд жұмысына қатысуы мен конфессияаралық диалогты дамытуға қосып жүрген үлесі талқыланды.

Енді Съезд беделі қабылданған декларациялар санымен емес, олардың нақты халықаралық бастамаларға қаншалықты айналатынымен өлшенбек.

«Съездің беделі қабылданған шешімдердің халықаралық бастамаларда қаншалықты дәйекті жүзеге асырылып, бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қызмет ететініне байланысты болады», — деді Ерлан Қарин.

Бұған дейін біз Қазақстанның 2028 жылға қарай дінаралық диалогтың келесі кезеңіне қандай бастамалар дайындап жатқанын жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -