Қазақстанда өндірілген электр энергиясының бір бөлігі тұтынушыға жетпей жоғалады. Елдегі электр желілеріндегі шығын орта есеппен 12%-ға жетеді. Енді бұл көрсеткішті төмендету үшін халықаралық жоба іске қосылып, жаңа технология сынақтан өткізілмек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бастаманы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанның Энергетика министрлігімен бірлесіп, Mitigation Action Facility халықаралық климаттық қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырады. Жобаның басталуы жыл сайын 11 қарашада атап өтілетін Халықаралық энергия үнемдеу күніне орайластырылған.
Электр энергиясының 12%-ы қайда жоғалады?
Қазақстанда жаңа электр станцияларын салу, қуат тапшылығын азайту және энергия өндіру көлемін арттыру мәселелері талқыланып жатқанда, қолданыстағы желілерде өндірілген электр энергиясының едәуір бөлігі жоғалып отыр.
Жоба материалдарындағы мәліметке сәйкес, Қазақстандағы электр энергиясының орташа шығыны шамамен 12% құрайды. Көршілес елдерде жағдай күрделірек: Қырғызстанда бұл көрсеткіш 15%-ға, Өзбекстанда 14–16%-ға жетеді.
Мұндай шығынның бірнеше себебі бар. Соның бірі — реактивті қуат.
Реактивті қуат электр жабдықтарының жұмыс істеуіне қажет болғанымен, оны тиімсіз басқару желіге артық жүктеме түсіреді. Соның салдарынан сымдар қызады, электр энергиясының технологиялық шығыны артады және желілердің өткізу қабілеті төмендейді.
Нәтижесінде тұтынушыларға қажетті электр энергиясын жеткізу үшін көбірек энергия өндіруге тура келеді.
Бұл энергетикалық компаниялардың шығынын арттырып, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға кедергі келтіреді. Ал кәсіпорындар үшін электрмен жабдықтау сапасы мен тұрақтылығы өндіріс жұмысына тікелей әсер етеді.
Қазақстандағы БҰҰДБ/ Салтанат Бөтеу
Электр желілерін жаңғыртуға 8,7 млн еуро қарастырылған
Қазақстан реактивті қуатты компенсациялау технологиясы сынақтан өткізілетін алғашқы ел болмақ. Жоба нәтижелі болса, оны Қырғызстан мен Өзбекстанда да қолдану жоспарланып отыр.
Mitigation Action Facility қорының ресми мәліметіне сәйкес, өңірлік жобаны қаржыландыру көлемі 8,7 млн еуроны құрайды. Іске асыру мерзімі 2026 жылғы қыркүйектен 2031 жылғы қыркүйекке дейін белгіленген.
Технология электр желілеріндегі артық жүктемені азайтуға, кернеу сапасын жақсартуға және қолданыстағы қуаттарды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.
Дегенмен реактивті қуатты компенсациялау электр энергиясы шығынының барлық себебін жоймайды. Оның нақты тиімділігі желілердің техникалық жағдайына және орнатылатын жабдықтың нәтижесіне байланысты болады.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің климат және жасыл өсу мәселелері жөніндегі бағыт жетекшісі Томас Пирсон қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымның тиімділігіне көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді.
«Бұл жобаның ерекшелігі — энергетикалық жүйе жұмысының көп жағдайда назардан тыс қалып жүрген бір мәселесін қамтуында. Қазақстан энергетикасының болашағы туралы сөз қозғағанда, біз заңды түрде жаңа генерация қуаттарын салуға және инфрақұрылымға ірі инвестициялар тартуға басымдық береміз. Алайда қолданыстағы желілердің барынша тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету де кем емес маңызды. Электр энергиясының шығыны әлі де жоғары болып отырған жағдайда, бұл жоба тиімділігі бұрыннан белгілі технологиялардың шығынды қаншалықты азайта алатынын, желілердің жұмысын жақсартып, электр энергиясын қажет ететін үйлер мен кәсіпорындарға көбірек қуат жеткізуге қаншалықты мүмкіндік беретінін іс жүзінде тексеруге жол ашады», — деді Томас Пирсон.
Қазақстандағы БҰҰДБ/ Салтанат Бөтеу
Қазақстандағы технология көрші елдерге де енгізілуі мүмкін
Жобаның ерекшеліктерінің бірі — оның үш мемлекетті қамтуы.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелері өзара тығыз байланысты. Сондықтан электр желілерінің тиімділігін арттыру жекелеген елдер үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияның энергиямен жабдықтау тұрақтылығы үшін де маңызды.
Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, доктор Хайке Ренате Пайч өңірлік ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
«Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдаланумен қатар, электр желілерінің тиімділігін арттыру және электр энергиясының шығынын азайту энергетикалық ауысудың тағы бір маңызды бағыты болып саналады. Бұл электр энергиясына сұраныс артып, энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктеме күшейіп жатқан Орталық Азия үшін әсіресе өзекті. Сондықтан біз осы жобаның іске қосылуын, әсіресе Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерінің өзара тығыз байланысын ескере отырып, оның өңірлік сипатын құптаймыз», — деді Хайке Ренате Пайч.
Қазақстан үшін бұл бастама технологияның экономикалық тиімділігін тексеруге де мүмкіндік береді.
Жоба нәтижесінде реактивті қуатты компенсациялауға жұмсалған инвестицияның қаншалықты тиімді екені және мұндай шешімдерді қандай жағдайда кеңінен қолдануға болатыны бағаланбақ.
Электр желілерін жаңғырту үшін қаржыландыру тетіктері әзірленеді
Жоба тек жаңа жабдық орнатумен шектелмейді.
БҰҰДБ мен серіктестері қолданыстағы заңнаманы талдап, оны жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңа технологиялардың экономикалық тиімділігі бағаланады.
Тағы бір бағыт — инвестиция тарту.
Энергия үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу үшін энергетикалық компаниялардың жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруына, ал банктердің мұндай жобалардың экономикалық нәтижесін бағалауына қолайлы жағдай қажет.
Қордың жоба сипаттамасында пилоттық кезеңге гранттық қолдау көрсету, жеке капитал тарту және жасыл облигациялар мен несиелер сияқты қаржыландыру құралдарын пайдалану қарастырылған.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа технологияларды кеңінен қолдану үшін нормативтік және кәсіби негіз қалыптастыру қажет екенін айтты.
«Энергия тиімділігін арттыру қолда бар ресурстарды ұтымды пайдаланудан басталады. Заманауи технологиялар электр энергиясының шығынын азайтуға, желілер жұмысының тиімділігін көтеруге және энергетика секторының қоршаған ортаға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. БҰҰДБ үшін мұндай шешімдерді енгізу нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен, кәсіби әлеуетті нығайтумен және технологияларды кеңінен қолдануға жағдай жасаумен қатар жүруі маңызды», — деді Катаржина Вавьерниа.
Қазақстандағы БҰҰДБ/ Салтанат Бөтеу
Электр шығыны азайса, қосымша энергия өндіру қажеттілігі де төмендейді
Электр желілеріндегі шығынды азайтудың тағы бір нәтижесі бар: тұтынушылардың бұрынғы сұранысын қамтамасыз ету үшін азырақ электр энергиясын өндіру жеткілікті болуы мүмкін.
Бұл әсіресе электр энергиясының едәуір бөлігі көмір станцияларында өндірілетін Қазақстан үшін өзекті. Өндіріс көлемін қысқарту мүмкіндігі парниктік газдар шығарындыларын да азайтуға ықпал ете алады.
Mitigation Action Facility бағалауынша, жобаны іске асыру кезеңінде парниктік газдар шығарындылары шамамен 255 мың тонна CO₂ эквивалентіне қысқаруы мүмкін.
Бұл әзірге болжамды көрсеткіш. Нақты нәтиже технология енгізіліп, оның тиімділігі бағаланғаннан кейін белгілі болады.
Бастама Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне де сәйкес келеді.
Электр желілерінің тиімділігіне қатысты мәселе энергия тұтыну көлемі өсіп жатқан кезеңде ерекше өзектілікке ие.
Бұған дейін біз Қазақстанның 2027 жылы электр энергиясы тапшылығын жойып, профицит қалыптастыру жоспары туралы жазған едік. Энергетика министрлігінің болжамынша, жаңа генерация қуаттары іске қосылған жағдайда, 2027 жылдың соңына қарай елде шамамен 1,3 млрд кВт·сағ электр энергиясының профициті қалыптасуы мүмкін.
Алайда жаңа электр станцияларын салу мәселенің бір бөлігін ғана шешеді. Өндіріс көлемі артқанымен, энергияны жеткізу кезіндегі шығын сақталса, жүйенің тиімділігіне қатысты мәселе де өзекті болып қала береді.
Енді Қазақстан жаңа технологияның көмегімен қанша электр энергиясын үнемдеуге болатынын және оны кеңінен енгізу қаншалықты тиімді екенін іс жүзінде анықтауы тиіс.
Жобаның болашағы да осы нәтижелерге байланысты. Егер технология өзінің экономикалық және техникалық тиімділігін дәлелдесе, оны алдымен Қазақстанның басқа электр желілерінде, кейін Орталық Азия елдерінде кеңінен қолдануға негіз қаланбақ.