Цифрлық Қазақстанға жолбасшы: күнделікті қолданатын сервистер қалай жұмыс істейді?

532

Қазақстанда әмиянсыз жүру үйреншікті жағдайға айналды. Жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, банк карталарының бәрі смартфонға сыйып тұр. Баланың мектептегі бағасын көру немесе дәрігердің қабылдауына жазылу үшін де бірнеше рет экранды бассаңыз жеткілікті. Қазір мұның бәрі қалыпты нәрседей көрінеді. Ал осыдан он жыл бұрын қарапайым құжаттың өзін рәсімдеу үшін апталап уақыт жоғалтуға тура келетін.

Цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына еніп үлгерді. Мемлекеттік қызметтер, банк жүйесі, жол қауіпсіздігі, білім беру, медицина — бәрінің артында біз күнде пайдалансақ та, қалай жұмыс істейтінін біле бермейтін күрделі IT-жүйелер тұр. Цифрландыру күніне орай уақытты үнемдеп, қағазбастылықты азайтып, күнделікті тіршілігімізді жеңілдетіп жүрген қазақстандық технологиялардың ішкі жұмысына үңіліп көрдік.

eGov: мемлекеттік қызмет смартфонға қалай көшті?

Биылғы он айда қазақстандықтар 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызметті онлайн алған. Соның 30 миллионға жуығы eGov Mobile арқылы көрсетілген.

Бұл сандардың артында ХҚКО-ға бармай, кезек күтпей, қажетті құжатын үйден шықпай рәсімдеген миллиондаған адам тұр.

Бірақ экрандағы бір батырманың артында бірнеше мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі қатар жұмыс істеуі мүмкін.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Электрондық үкімет департаментінің директоры Шоқан Баубеков мұны қарапайым мысалмен түсіндіреді.

«Отбасында сәби дүниеге келсе, ата-анасына бірден SMS келеді. Онда құттықтап, баланың тууын тіркеу ұсынылады. Ал осы бір хабарламаның артында бірнеше мемлекеттік жүйенің өзара әрекеті жатыр. Адам үшін бұл бірнеше хабарлама алмасу ғана болып көрінгенімен, жүйе ішінде сұрау салу, деректерді тексеру және мемлекеттік органдар арасында ақпарат жеткізу сияқты тұтас үдеріс жүреді. Қай мәліметті қайда жіберу керегін анықтап, жауап алып, оны пайдаланушыға жеткізу қажет», — дейді Шоқан Баубеков.

eGov енді тек анықтама алатын портал емес

Бүгінде электрондық үкімет адам өміріндегі көптеген маңызды кезеңмен бірге жүретін цифрлық көмекшіге айналған.

Бала дүниеге келгенде тиісті төлемдерді рәсімдеуден бастап, білім грантына өтініш беру мен кәсіп ашуға дейінгі қызметтер бір экожүйеге біріктірілген.

Ал eGov GPT пайда болғалы мемлекеттік қызметтің ресми атауын немесе заңдағы күрделі терминдерді жатқа білудің де қажеті азайды.

Виртуалды көмекшіге не керек екенін күнделікті сөйлейтін тілмен түсіндірсеңіз, ол сұрағыңызды диалог түрінде қабылдайды.

Freedom SuperApp: банк қосымшасы тұтас цифрлық ортаға айналды

Бұрын банк қосымшасы арқылы ақша аударып, коммуналдық төлем төлесек жеткілікті еді.

Қазір оның мүмкіндігі әлдеқайда кең.

Мәселен, Freedom SuperApp арқылы депозит ашуға, несие мен сақтандыру қызметтерін пайдалануға ғана емес, ұшақ пен пойызға билет сатып алуға, қонақүй брондауға, азық-түлік тапсырыс беруге болады.

Дәрігерге жазылу, кино мен концертке билет алу, тіпті әкімшілік айыппұлға шағымдану да осы қосымшада қолжетімді.

Freedom SuperApp-та тіркелген пайдаланушылар саны 6 миллионнан асқан.

Ал осындай қызметтердің бір қосымшада жұмыс істеуі оңай шаруа емес.

Оның артында мемлекеттік дерекқорлар, банктің ақпараттық жүйелері және серіктес платформалар арасында үздіксіз мәлімет алмасу үдерісі жүреді.

Жүйелер қажетті ақпаратты өзара салыстырып, жаңартып, құжаттарды автоматты түрде қалыптастырады. Соның арқасында пайдаланушы бір мәліметті қайта-қайта енгізіп отырмайды.

Мысалы, цифрлық ипотека рәсімдегенде банк қажетті ақпаратты мемлекеттік базалардан өзі алады.

Құжаттар бұлтты электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бекітіледі, ал жылжымайтын мүлікке ауыртпалық блокчейн технологиясының көмегімен бір жұмыс күнінде тіркеледі.

Бір қосымша неге сонша көп қызметті біріктіреді?

Мұндай платформалардың негізінде адамның күнделікті қажеттіліктері жатыр.

Пайдаланушы бір рет сәйкестендіруден өтіп, банк картасын байланыстырады. Содан кейін түрлі шаруасын бір жерден атқара алады.

Ұшақ билетін алу үшін бөлек сайтқа, қонақүй іздеу үшін басқа қосымшаға, дәрігерге жазылу үшін үшінші сервиске өтудің қажеті азаяды.

Бұл пайдаланушының уақытын үнемдейді. Ал банк үшін клиентке тек қаржылық қызмет көрсетумен шектелмей, оның күнделікті қажетіне жарайтын цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Sergek: жолдағы камералар айыппұлдан бөлек не істейді?

Көшедегі камераны көрген жүргізушілердің көбі алдымен жылдамдығын тексереді.

Алайда Sergek жүйесінің міндеті жол ережесін бұзғандарды тіркеумен шектелмейді.

Бүгінде интеллектуалды қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі Қазақстанның 11 қаласы мен бес облысында жұмыс істейді.

Алматыда Sergek 2020 жылы іске қосылған. Жүйе жұмыс істеген жылдары қалада жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 161 адамнан 73 адамға дейін азайған.

Sergek Group компаниясының бас архитекторы Болат Тәңірбергеннің айтуынша, жүйедегі жасанды интеллект 20-дан астам құқықбұзушылық түрін бір секундқа жетпейтін уақытта анықтай алады.

Мұндағы мақсат жүргізушілерді жазалау ғана емес, жолдағы қауіп-қатерді азайтып, олардың көлік жүргізу дағдысын біртіндеп өзгерту.

«Ақылды жүйелер жұмысының басты өлшемі — жазылған айыппұлдардың саны емес, аман қалған адамдардың өмірі мен бос тұрған жансақтау орындары. Алгоритм ешкімді алаламайды. Оның эмоциясы жоқ, адамның мәртебесіне де, артықшылығына да қарамайды. Уақыт өте келе бұл жүргізушілердің әдетін өзгертеді. Адамдар айыппұлдан қорыққандықтан емес, қауіпсіз орта әр қала тұрғынына тиімді болғандықтан жол ережесін сақтауға үйренеді», — дейді Болат Тәңірберген.

Sergek полицияға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде де көмектеседі.

Жүйе күдіктілерді ізін суытпай анықтауға және ұрланған көліктерді іздеуге пайдаланылады.

Бұдан бөлек, жиналған деректер жолдағы көлік ағынын болжауға және қалалық қозғалысты басқаруға мүмкіндік береді.

Компания экология бағытын да дамытып жатыр. Атап айтқанда, ауа сапасын бақылайтын өз экологиялық датчиктерін әзірлеген.

Sergek технологиясын кім жасаған?

Камералардың өзін компания сырттан сатып алады.

Ал инженерлік архитектурасы, бағдарламалық жасақтамасы, нейрожелілері мен компьютерлік көру алгоритмдері Қазақстанда жасалған.

Яғни Sergek — отандық технологиялық өнім.

Жабдықтық бөлігі де жергілікті инфрақұрылым мен нарықтың қажеттіліктеріне қарай құрастырылады.

Бұл Қазақстанда тек дайын цифрлық шешімдерді пайдаланып қана қоймай, күрделі технологиялық жүйелерді өзіміз де жасай алатынымызды көрсетеді.

BilimClass: мектептің апталық кестесін бірнеше минутта құрастырады

Мектептегі электрондық күнделік ата-аналар үшін үйреншікті құралға айналды.

Бала қандай баға алды, үй тапсырмасы не, сабақ кестесі өзгерді ме? Мұның бәрін телефоннан көруге болады.

Бірақ цифрлық платформаның мұғалімдерге беретін пайдасы одан да ауқымды.

Бүгінде BilimClass экожүйесі Қазақстанның 18 өңіріндегі 2,75 миллион оқушы мен 307 мың мұғалімді қамтиды.

Платформаны күн сайын 1,5 миллион адам пайдаланады.

Мектеп өміріндегі ең күрделі жұмыстардың бірі — сабақ кестесін құрастыру.

Сырт көзге қарапайым кесте болып көрінгенімен, ондаған сыныптың, мұғалімнің, кабинеттің және оқу жүктемесінің уақытын үйлестіру керек.

Bilim Group EdTech экожүйесінің зерттеу және әзірлеу (R&D) бағытының жетекшісі Фархат Үсен бұл жұмыстың қалай автоматтандырылғанын түсіндіреді.

«Мектептің сабақ кестесін жасау — әр бөлшегінің өз шарты бар күрделі пазл құрастырумен бірдей. Бұрын оқу ісінің меңгерушілері кестелерді апталап қолмен сәйкестендіріп, сабақтарды бір-бірден ауыстыратын. BilimClass бұл міндетті екі кезеңде шешеді. Алдымен ең күрделі бөліктер: топтарға бөлінетін сабақтар, бейіндік кабинеттер және оқу жүктемесі шегіне жеткен мұғалімдер орналастырылады. Содан кейін генетикалық алгоритм іске қосылады. Ол мұғалімдердің сабақ арасындағы бос уақытын азайтып, апталық жүктемені тең бөлетін түрлі комбинацияларды есептейді. Бұрын оқу ісінің меңгерушісі бір апта жұмсайтын жұмыс енді бірнеше минутта орындалады», — дейді Фархат Үсен.

Мұғалімнің уақытын алатын жұмыстар автоматтандырылды

BilimClass тек электрондық күнделік қызметін атқармайды.

Платформада сабақ кестесін құрастыратын құралдар, бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалауға арналған материалдар каталогы, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау мүмкіндіктері бар.

Бұрын мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі едәуір уақыт жұмсайтын жұмыстардың бір бөлігі енді автоматты түрде орындалады.

Соның арқасында педагогтер қағаз толтыруға емес, оқытуға және оқушылармен тікелей жұмыс істеуге көбірек көңіл бөле алады.

Med365: жүргізушінің денсаулығын 60 секундта тексеру

Күн сайын миллиондаған қазақстандық автобусқа отырып, жұмысқа, оқуға немесе басқа шаруасымен жолға шығады.

Бірақ көлік тізгініндегі жүргізушінің денсаулық жағдайы қандай екенін жолаушылардың көбі біле бермейді.

Жолға шығар алдындағы медициналық тексеру осы үшін қажет.

Қазақстанда мұндай тексерулерді автоматтандыратын Med365 жүйесі жұмыс істейді.

2020 жылдан бері елдегі ақылды терминалдар арқылы 20 миллионнан астам медициналық тексеру жүргізілген.

Бұрын кезек күтіп, қағаз журнал толтырумен байланысты болған міндетті рейс алдындағы және ауысым алдындағы тексеру енді әлдеқайда жылдам өтеді.

Процестің өзі шамамен бір минутқа созылады.

Med365 директоры Арман Баймұхановтың айтуынша, осы қысқа уақыттың ішінде бірнеше технология қатар жұмыс істейді.

«Автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесінің арқасында кәсіпорын қызметкерлері міндетті ауысым алдындағы және рейс алдындағы тексеруден небәрі бір минутта өтеді. Сырттай қарағанда бәрі қарапайым көрінгенімен, оның артында медициналық жабдықтар, бағдарламалық жасақтама және жасанды интеллект алгоритмдерінен тұратын күрделі цифрлық инфрақұрылым жатыр. Жүйе адамның физиологиялық көрсеткіштерін жедел жинап, медицина қызметкеріне жібереді. Ал жасанды интеллект модульдері қызметкердің соңғы 30–90 күндегі тексеру тарихын талдап, оның жеке қалыпты көрсеткіштерінен ауытқуларды анықтайды және денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді болжайды», — дейді Арман Баймұханов.

Жасанды интеллект тексереді, соңғы шешімді дәрігер қабылдайды

Медицинадағы цифрландыру туралы сөз болғанда, жасанды интеллект дәрігерді толық алмастырады деген пікір жиі айтылады.

Med365 жүйесінің жұмыс істеу тәртібі басқаша.

Алгоритм адамның бірнеше ай ішіндегі денсаулық көрсеткіштерін салыстырып, өзгерістерді анықтайды және ықтимал қауіптер туралы ескертеді.

Мысалы, бір реттік өлшеу қалыпты болып көрінгенімен, алдыңғы апталардағы нәтижелермен салыстырғанда белгілі бір ауытқу байқалуы мүмкін.

Мұндай мәлімет медицина маманына қызметкердің жағдайын жан-жақты бағалауға көмектеседі.

Дегенмен жасанды интеллект ешкімді өздігінен рейске немесе жұмыс ауысымына жібермейді.

Соңғы шешімді әрдайым медицина қызметкері қабылдайды.

Бұл әсіресе автобус жүргізушілері мен өндіріс орындарының қызметкерлері үшін маңызды. Өйткені олардың денсаулық жағдайына өздерінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігі байланысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -