Қазақстан велошабандоздар даярлауда UCI-мен әріптестікті күшейтеді

504
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: UKIMET

Қазақстан велошабандоздарды даярлауға басымдық бермек. Осы бағытта Халықаралық велосипедшілер одағымен (UCI) ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға көңіл бөлінеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Велоспортты дамытудың келешегін Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен UCI президенті Давид Лаппартьен талқылады. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде спортшыларды даярлау және халықаралық байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстанда 9 мыңнан астам адам велоспортпен айналысады

Қазақстандық велошабандоздар әлемдік аренада талай жетістікке жетті. Ендігі басым бағыттардың бірі – ізбасар спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеу.

Қазір елімізде 9 мыңнан астам адам велоспортпен тұрақты түрде айналысады. Олардың қатарында балалар мен жастар да бар. Спортшылар Астанадағы әлемдік деңгейдегі «Сарыарқа» велотрегінде және өңірлердегі мамандандырылған спорт мектептерінде жаттығады.

Алайда велоспорттың барлық бағыты өңірлерде бірдей дамымаған. Тасжол велоспорты 9 өңірде, трек велоспорты мен маунтинбайк 5 өңірде, ал BMX 4 өңірде дамып келеді.

«Біз Халықаралық велосипедшілер одағымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Қазақстанда велоспорт үлкен танымалдылыққа ие. Біз Александр Винокуров, Алексей Луценко сынды танымал спортшыларымыз бен чемпиондарымызды, сондай-ақ Анель Ташбай секілді жас талантты велошабандоздарымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан велосипед спортын одан әрі дамытып, UCI-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Велоспортты елімізде дамытуға ғана емес, оны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға да үлес қосуға дайынбыз», – деді Олжас Бектенов.

Өңірлерде 50-ге жуық нысан салынады

Спорт инфрақұрылымын дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген «Халық құрылысы» бастамасы аясында да қарастырылған.

Өңірлерде білім беру, спорт және мәдениет салаларына арналған 50-ге жуық нысан салу көзделіп отыр. Бұл тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Алайда аталған нысандардың қаншасы велоспортқа арналатыны Үкімет хабарламасында нақтыланбаған.

UCI басшысы Қазақстанды Азиядағы үздік велоспорт елдерінің қатарына қосты

Давид Лаппартьен қазақстандық велошабандоздардың халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне және кәсіби велокоманданың әлемдік деңгейдегі орнына ерекше тоқталды.

«Қазақстан – велоспорт бойынша Азиядағы ең мықты елдердің бірі. Елде тәжірибелі велошабандоздар көп, халықаралық аренада, соның ішінде Азия ойындарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Astana XDS командасы көп жылдан бері әлемдік пелотондағы танымал ұжымдардың қатарында. Біз Қазақстанның велоспортты дамытуға қосқан үлесін және осы бағытты жүйелі түрде қолдауын жоғары бағалаймыз. Халықаралық велосипедшілер одағы Қазақстанда велоспортты одан әрі дамытуға жәрдемдесуге дайын», – деді Давид Лаппартьен.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар велоспортты дамытуға және насихаттауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады. Әзірге нақты жобалар, оларды іске асыру мерзімі мен қаржыландыру көлемі жарияланған жоқ.

Бұған дейін біз Қарағанды велошабандоздарының Азия чемпионатында алты медаль жеңіп алғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -