Қазақстандық балаларға емделудің жаңа мүмкіндігі туды. Енді қан тамырларының күрделі мальформациясына шалдыққан балалар шетелге бармай-ақ, елімізде жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алғашқы сегіз балаға ота жасалды. «Өмір сыйлайық» («Вдохнем жизнь») жобасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры жүзеге асырды.
Шетелде емделуге 437 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған
Қазақстанда жыл сайын қан тамырларының мальформациясы бар 40-тан астам бала дүниеге келеді. Бұл – қан тамырларының туа біткен даму ақауы. Дерт созылмалы ауырсынуға, қан кетуге, ал ауыр жағдайларда баланың қозғалысының шектелуіне әкелуі мүмкін.
Бұған дейін аурудың күрделі түріне шалдыққан балалар шетелдік клиникаларға жіберілетін. 2021–2024 жылдар аралығында мемлекет олардың еміне 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021–2026 жылдар аралығында 45 бала шетелге емделуге жіберіліп, барлығы 90 емдеу кезеңінен өткен. Кейбір науқастарға бес кезеңге дейін ем қабылдау қажет болған.
Енді Алматыдағы ғылыми орталық еліміздің барлық өңірінен жылына 50 балаға дейін қабылдауды жоспарлап отыр.

Жаңа емдеу әдісі қалай жұмыс істейді?
BEST технологиясының негізінде электропорациямен ұштастырылған склеротерапия әдісі жатыр. Емдеу барысында дәрілік препарат пен қысқа электр импульстары қатар қолданылады.
Электр импульстары жасуша мембраналарының өткізгіштігін арттырады. Соның арқасында дәрінің мөлшерін азайтып, бала ағзасына түсетін жүктемені төмендетуге болады.
Жаңа технологияны енгізу үшін Алматыдағы орталыққа Италияда өндірілген Cliniporator Vitae жүйесі сатып алынды.
Қазақстандық төрт дәрігер Германияның Галле қаласындағы университеттік клиникада арнайы даярлықтан өтті. Оларға қан тамырларының туа біткен ақауларын диагностикалау және емдеу бойынша Еуропаның жетекші мамандарының бірі, профессор Вальтер Вольгемут жетекшілік етті.
2026 жылғы 23–24 қарашада оның жетекшілігімен қазақстандық хирургтер елімізде алғаш рет жаңа әдіспен сегіз ота жасады.
«Енді орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы даярлықтан өткендіктен, қан тамырларының күрделі мальформациясы бар балаларды диагностикалаудан бастап толық оңалтуға дейінгі барлық кезеңде өзіміз емдей аламыз», – деді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Құсайынов.
Орталық жыл сайын 80–100 емшара өткізуді жоспарлап отыр. Әр балаға қажетті емдеу курстарының саны жеке анықталады.

Almaty Marathon қатысушылары 117,6 млн теңгелік жобаны жүзеге асыруға көмектесті
«Өмір сыйлайық» жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгені құрайды. Қайырымдылық бастамаларын қаржыландыру көздерінің бірі – Almaty Marathon қатысушыларының жарналары.
2026 жылғы 27 қыркүйекте өткен мерейтойлық марафонға әлемнің 66 елінен 16 мың жүгіруші қатысты.
Ғылыми орталықтың бағалауынша, сатып алынған медициналық жабдық кемінде 10–15 жыл қызмет етеді. Алғашқы он жылда оның көмегімен мыңға жуық емшара өткізу жоспарланған.
«Біз балалардың отбасынан жырақтамай, Қазақстанда заманауи ем алғанын қалаймыз. Сондықтан дәрігерлермен бірлесіп қажетті жабдықты таңдап, мамандарды оқытуды ұйымдастырамыз», – деді «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Алайда жаңа технологияны медициналық тәжірибеге толық енгізу үшін клиникалық хаттама мен емдеу тарифтерін бекіту қажет.

Балалар денсаулығын қорғауға 248,3 млн теңге бөлінді
«Өмір сыйлайық» – екі қайырымдылық қорының балалар денсаулығын сақтау саласындағы төртінші бірлескен жобасы. 2024 жылдан бері осы бастамаларды жүзеге асыруға 248,3 млн теңге бағытталған.
Бұған дейін Түркістан облысында жүкті әйелдерді ерте скринингтен өткізуге арналған «Бір күндік клиника» іске қосылды. Шымкент пен Түркістанның перинаталдық орталықтары шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға және емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді.
2026 жылдың наурызынан бастап Түркістандағы нәрестелерді көздің тор қабығын лазермен емдеу үшін Шымкентке немесе Алматыға тасымалдаудың қажеті жоқ.
«Балалар медицинасында көп айтыла бермейтін мәселелер бар. Алайда осындай қиындыққа тап болған отбасылар үшін бұл үлкен сынаққа айналады. Көмекке мұқтаж балалардың саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, мұндай жобалар қомақты қаржыны қажет етеді», – деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
Қазақстанда алғашқы инфант-томограф пайда болады
2026–2027 жылдары екі қор құны 160 млн теңге болатын тағы бір медициналық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне Қазақстандағы алғашқы инфант-томограф орнатылады. Бұл аппарат шала туған нәрестелердің көзінің тор қабығын наркозсыз және көзге жанаспай тексеруге, ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл сайын жаңа аппараттың көмегімен 700-ге жуық нәрестені тексеруге болады.
Бұған дейін біз Қазақстанның балалар медицинасында инновациялық емдеу және диагностика әдістерін қалай енгізіп жатқаны туралы жазған едік.


