Қазақстан мен Франция атом саласының болашағын талқылап жатыр

1071
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Франция атом саласындағы әріптестігін нығайтуда. Астанада өтіп жатқан келіссөздерге екі елдің уран өнеркәсібі, энергетикалық компаниялары және салалық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

26–27 қараша күндері елордада Қазақстан мен Франция арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты мониторингтеу жөніндегі бірлескен комитеттің кезекті отырысы өтуде.

Уран өндіруден атом энергетикасына дейін

Қазақстан тарапынан жиынға ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының және «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының өкілдері қатысуда.

Француз делегациясының құрамында Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, Orano және Arabelle Solutions компанияларының өкілдері бар.

Қатысушылардың құрамы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымын көрсетеді. Ол уран өндірумен қатар атом энергетикасы технологиялары мен АЭС-ке қажетті жабдықтар өндірісін де қамтиды.

Француз компаниялары Қазақстанның атом бағдарламасына қатысып келеді

Екі ел арасындағы әріптестік әлдеқашан уран өндіру шеңберінен шыққан. Францияның Assystem компаниясы бұған дейін «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының техникалық кеңесшісі атанып, АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциум көшбасшысын іріктеу әдістемесін әзірлеуге қатысқан.

Orano компаниясы ядролық отын цикліне маманданған. Ал Arabelle Solutions атом электр станцияларына арналған технологиялар мен жабдықтарды, соның ішінде бу турбиналарын әзірлеумен айналысады.

Қазақстан үшін мұндай компаниялармен әріптестік озық инженерлік шешімдерге, өнеркәсіптік технологияларға және АЭС пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибеге қол жеткізу тұрғысынан маңызды.

Астана мен Париж стратегиялық әріптестікті кеңейтуде

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің негізі – 2024 жылғы 5 қарашада қол қойылған стратегиялық әріптестікті нығайту туралы бірлескен декларация.

Комитеттің кезекті отырысында атом саласындағы екіжақты байланысты одан әрі дамыту мәселелері қарастырылуда. Әзірге келіссөздер қорытындысы бойынша жаңа келісімшарттардың жасалғаны немесе нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Бұған дейін біз Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы жетекші француз компанияларымен жүргізген келіссөздері туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -