Қазақстандық агробизнес жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуі мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен ауыл шаруашылығы жобаларына берілетін кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін бес жылға дейін субсидиялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тиісті ереже жобасы Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысында мақұлданды. Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды.
Бес жылға дейінгі субсидияны кімдер ала алады?
Агроөнеркәсіптік кешендегі (АӨК) бірлескен жобаларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бюджеті есебінен қаржыландыру көзделіп отыр. Мұндай тетік өнеркәсіп саласында қазірдің өзінде қолданылады.
Алайда қаржылай қолдау алғысы келетін қазақстандық кәсіпкерлер бір маңызды талапты орындауы тиіс: жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш мемлекеттің кәсіпорындары қатысуы қажет.
Қаржылай қолдау мынадай бағыттар бойынша көрсетілмек:
- жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту;
- селекциялық шешімдерді әзірлеу және енгізу;
- ауыл шаруашылығын цифрландыру;
- жаңа агротехнологияларды енгізу.
Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау кәсіпорындардың бірлескен инвестициялық жобаларға алған кредиттері мен қарыздары бойынша шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Құжат алдағы уақытта Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылады. Әзірге субсидия көлемі мен өтінім қабылдау мерзімі жарияланған жоқ.
Қазақстандық органикалық өнімнің ЕАЭО нарығына шығуы жеңілдейді
ЕЭК Кеңесі органикалық өнімді өзара тану тәртібі туралы келісім жобасын да мақұлдады.
Одақ елдері органикалық өнімді өндіруге, сертификаттауға және таңбалауға қойылатын талаптарды біріздендіріп, сәйкестік сертификаттарын өзара тануды көздеп отыр.
Қазақстандық өндірушілер үшін бұл өз өнімдерін ЕАЭО елдерінің нарығына шығару кезінде сертификаттауға байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Келісімге қол қойылғанға дейін құжат жобасы мемлекетішілік рәсімдерден өту үшін Одаққа мүше елдерге жіберіледі.
Шұжық пен ет өнімдерін таңбалаудың жаңа тәртібі енгізілмек
ЕАЭО елдері ет өнімдерінің жекелеген түрлерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөнінде келісімге келді.
Тізімге шұжық өнімдері, ысталған, тұздалған және кептірілген ет, сондай-ақ еттен дайындалатын кейбір дайын өнімдер енді.
Қазақстан таңбалауды енгізу мерзімі мен тәртібін өз бетінше айқындайды.
Тағы бір шешім тұрмыстық химия өнімдеріне қатысты. ЕЭК Кеңесі Қазақстан әзірлеген синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия тауарларының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентті қабылдады.
Құжат өнімнің қауіпсіздігіне, ескерту таңбаларына және қауіпсіздік паспорттарына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
Техникалық регламент 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Бизнеске кедендік рәсімдер жеңілдетіледі
Уәкілетті экономикалық операторлар уақытша сақтау алаңдарында кеден органдарының рұқсатынсыз тауарларға қатысты бірқатар қосымша операцияны орындай алады. Бұл тәртіп ұлттық заңнамада өзгеше талаптар белгіленбеген жағдайда қолданылады.
Атап айтқанда, тауарларды таңбалау, сұрыптау, қаптау және қайта қаптау, тауар партияларын бөлу және жөнелтілімдерді қалыптастыру рәсімдері жеңілдетіледі.
Импорттаушылар мен логистикалық компаниялар үшін бұл әкімшілік жүктемені азайтып, шығындарды қысқартуға және жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шетелде ұзақ уақыт тұрған немесе ЕАЭО елдеріне тұрақты тұруға көшетін азаматтардың жеке мүлкін баж салығынсыз әкелу шарттары нақтыланды.
Қазақстан жүк көлігі шиналарына қатысты жеңілдіктерді сақтауды көздейді
Қытай, Вьетнам және Таиландтан әкелінетін жүк көлігі шиналарына қатысты демпингке қарсы баж салығы мәселесі әзірге шешілген жоқ.
Қазақстан белгілі бір көлемдегі шиналарды демпингке қарсы баж салығын төлемей импорттау мүмкіндігін сақтап қалуды қолдайды.
Сондай-ақ отандық автокөлік өндірісіне және сатылған көліктерге кейіннен техникалық қызмет көрсетуге арналған шиналарды аталған баж салығынан босату ұсынылып отыр.
Бұл жеңілдіктердің сақталуы коммерциялық көлік өндірісі мен оған техникалық қызмет көрсету шығындарына тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында хабарланғандай, бұл мәселе бойынша талқылау Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында жалғасады.
Бұған дейін біз Қазақстанның ЕАЭО агроөнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бес басым бағыты және органикалық өнімнің Одақ аумағында еркін айналымын қамтамасыз ету бастамасы туралы жазған едік.
