Қазақстандағы жер реформасы жаңа кезеңге өтті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарумен қатар, енді топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге және жердің пайдаланылуын цифрлық бақылауға басымдық берілмек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ташкенттегі Green University базасында өткен халықаралық іс-шараның қорытындысы бойынша хабарлады. Қазақстан жер ресурстарын басқару тәжірибесін шетелдік мамандарға, БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшыларына және халықаралық салалық ұйымдардың өкілдеріне таныстырды.
13,5 млн гектар жер халықтың қажеттілігіне бөлінді
2022 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда пайдаланылмай жатқан 15,7 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 13,5 млн гектары халықтың қажеттілігі үшін қайта бөлінді.
Алайда жерді жаңа иеленушілерге беру оның өнімді болуына кепілдік бермейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін топырақтың жай-күйі, құнарлылығы және шаруашылық жүргізуге жарамдылығы аса маңызды.
Сондықтан Қазақстан жерді қайтарумен қатар, оның сапасын бағалау және тозуының алдын алу жұмыстарын кеңейтіп жатыр.
114 млн гектар жердің жай-күйі зерттелді
Ауыл шаруашылығы министрлігі жердің тозу деңгейін көрсететін электрондық карталарды жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Екі жыл ішінде бұл жұмыстармен 114 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы қамтылды:
- 2025 жылы – 53,5 млн гектар;
- 2026 жылы – 60,5 млн гектар.
Алынған деректер қалпына келтіруді қажет ететін аумақтарды анықтауға және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды жоспарлауға негіз болмақ.
Сонымен қатар JerInSpectr ақпараттық жүйесінің базасында жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесі құрылып жатыр. Оған кадастрлық мәліметтер, зерттеу нәтижелері және мемлекеттік мониторинг деректері біріктіріледі.
Бұл жер учаскелері туралы мәліметтерді олардың нақты жай-күйімен салыстыруға және жердің пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы жерлеріне паспорт жасалады
Жер реформасының тағы бір маңызды бағыты – 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған «Топырақты қорғау туралы» ҚР Заңы.
Құжатта топырақты қорғаудың өңірлік жоспарларын әзірлеу, агрохимиялық деректердің бірыңғай ақпараттық банкін құру және ауыл шаруашылығы жерлерін паспорттау қарастырылған.
Аграрлық сектор үшін бұл жердің сапалық көрсеткіштеріне қойылатын талаптардың маңызын арттырады. Жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізумен қатар, оның құнарлылығын сақтау да назарда болады.
Қазақстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында PRAIS-5 ұлттық баяндамасын әзірлеп жатыр.
Тозған жерлерді қалпына келтіруге басымдық беріледі
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы міндеттердің бірі ретінде кеңістіктік деректер мен ғылыми негізделген шешімдерді пайдалана отырып, тозған жерлерді қалпына келтіруді белгіледі.
Екі жылда 114 млн гектар алқап зерттеу жұмыстарымен қамтылды. Ендігі міндет – жиналған деректерді топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге және ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыруға пайдалану.
Бұған дейін біз 2027 жылдан бастап Қазақстанда жер учаскелерін бөлу тәртібі қалай өзгеретіні және мемлекетке қайтарылған жерлерді игеруге қандай кедергілер бар екені туралы жазған едік.

