Қазақстанның үш көрнекті тұлғасы халықаралық деңгейде ұлықталады. ТҮРКСОЙ ұйымының 2027 жылға арналған бағдарламасына қазақ музыкасы, ғылымы мен бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің мерейтойлары енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шешім Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Тұрақты кеңесінің 43-отырысында қабылданды.
2027 жылы кімдердің мерейтойы атап өтіледі?
Қазақстан композитор Ғазиза Жұбанованың, ғалым Болат Сарыбаевтың және суретші Қанафия Телжановтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өткізуді ұсынды. Үш бастама да ұйымның 2027 жылға арналған бағдарламасына енді.
Мерейтойлардың халықаралық мәдени күнтізбеге енгізілуі қазақ өнері мен ғылымы өкілдерінің мұрасын түркі әлеміне кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Кеңес отырысында Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров қатысты.
Жамбылдан Ахмет Жұбановқа дейін
Отырыста Қазақстанның 2026 жылы жүзеге асырған мәдени жобалары да таныстырылды.
Олардың қатарында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Алматыда өткен «Ата толғауы» концерті бар. Анкарада Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қайрат Қамбаров түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, Өзбекстан тарапын «Әндіжан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Талас түркі әлемінің мәдени астанасы атанады
Кеңес қатысушылары алдағы екі жылға арналған маңызды мәдени бастамаларды да бекітті.
2028 жылы Қырғызстанның Талас қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы атанады. Сонымен қатар 2027 жыл Шолпан жылы, ал 2028 жыл Шыңғыс Айтматов жылы болып жарияланды.
Отырыс қорытындысы бойынша декларацияға қол қойылып, есептер, алдын ала бюджет және ТҮРКСОЙ-дың 2027 жылға арналған қызмет бағдарламасы бекітілді.
ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің келесі, 44-отырысы 2027 жылдың төртінші тоқсанында Түркияда өтеді.
Бұған дейін біз Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы атанғаны және Каспий жағалауында өткен салтанатты шаралар туралы жазған едік.