Оразақ СМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҒА академигі: Қазақ халқының төл тарихына – 50 ғасыр

5615

«Кемел» айдарының бүгінгі кейіпкері – ғасырға жуық ғұмырдың куәгері. Оның сәби күнінде анасы аштықтан ажал құшқан, балалық дәурені сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, бозбала шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңде өткен. Ал «Отаныма қызмет етемін» деп, ғылым-білімге бойлаған уақытта қуғын-сүргіннің құрбанына айналуға аз қалады. Бір қарағанда ХХ ғасырдағы қазақ тарихының хронологиясы секілді. Бірақ бұл тарих емес, бұл – қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы, ҚР ҰҒА академигі және Болония ғылыми академиясының мүше-корреспонденті (Италия) Оразақ Смағұловтың өмір жолы. Ол халқының төл тарихын ғылыми фактілермен дәлелдеп шыққан. Жасы тоқсаннан асса да, «ұлтыма бір пайдам тисін» деп, ғылыми ізденісін тоқтатқан емес. Бұған дейінгі ғылыми шығармалары бір төбе. Бүгін де төрт тілде кітап жазуды жоспарлап, еңбектен қол үзбей келеді. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы физикалық антропология саласы бойынша кешенді зерттеу жүргізген. Келер ұрпаққа келелі кеңес болар деген оймен ғалыммен жүздесіп, әңгімелескен едік.

 

 

40 ғасырлық тарих қалай зерттелді?

Өткен ғасырдың 58-жылдары Мәскеуде антропология саласы бойынша аспирантураға түстім. Мәскеудегі Этнография институтындағылар: «Қазақстаннан антропологиялық тақырып бойынша материал жоқ. Сондықтан антропологиядан мамандық алып шығу үшін зерттеу тақырыбың басқа болады», – деді. Стипендияны Қазақ академиясы төлейтіндіктен, мұны естіген олар шалқасынан түсті. «Жоқ, біз стипендия төлейміз, демек, маман да Қазақстан тақырыбы бойынша жазуы керек» деді. Ал 40 ғасырлық тарихты зерттеу үшін қола дәуірінен бастап, осы күнге дейінгі қазақтардың сүйектері керек болды. Сол дәуірден бастап жиналған 40 ғасырлық палеоантропологиялық сүйектерді бүгінгі қазақтардыкімен салыстырайын десе, олардың сүйектері жоқ. Қызылордада және біздің мединститутта патша заманынан қалған он шақты сүйек бар екен. Бірақ онда қырғыз деп жазылған. Оның не қырғыз, не қазақ екенін ешкім білмейді. Әрі он сүйекке қарап қазақтың 40 ғасырлық тарихын жаза алмайсыз. Сондықтан жобама жетекшілік етпек болған Георгий Францевич Дебец: «Ғылым академиясы президенттерінің жиналысы болып жатыр. Сендердің академиктерің де осында болуы керек. Тауып алып, сөйлесіп, жағдайыңды айт. Әйтпесе тақырыпты орыс казактарынан берейік. Сергей Павлович Толстов сол ұлттан және директорың болады. Доннан бастап, Уссурийский крайға дейін барлық жағдайды жасайды. Әрі уақытында қорғайсың», – деді.

Содан Қаныш Сәтбаевты «Мәскеу» қонақүйіне іздеп бардым. Сол жерде «Қазақстанда мұндай мамандықты даярламайды, бірақ өз бетіммен ізденіп, емтихандардан өттім. Тек мәселе тақырыбына қарап тұр. Мен ежелгі және осы заманғы адамдардың қаңқа сүйектерін зерттеумен айналысайын десем, бүгінгі қазақтардың сүйектері жоқ» деп жағдайымды айттым. Сосын, Қанекең: «Онда мен де саған бір талап қоямын. Қазақстанда 30-40 ғасыр бұрын қаншама рудалардың жері қазылған. Соларды кім қазды екен? Біздің ататегіміз болып табылатын тұрақты тайпалар ма, әлде сырттан келіп қазғандар ма? Маған да осыны анықтау керек болып тұр», – деді. Осылайша менің барлық әңгімемді тыңдағаннан кейін: «Сен экспедицияға дайындала бер, бір жетіден кейін хабар келеді», – деді. Үш күннен кейін директор, академик Толстов шақырып, телеграмманы ұсынды. Телеграммада: «Аспирант Смағұловқа үш айға 12 мың рубль, бір машина, төрт кісі бөлінді. Келіп, жұмысын жүргізсін», – деп жазылған екен.

280 адамның сүйегін жинадым

Содан Алматыға келіп, уәде етілген қаражатты алып, иесіз қалған молаларды іздеуге кірістім. Сол кезде біздің бөлімді Әлкей Марғұлан басқарған. Әлекең: «Бүгінгі қазақтың сүйектерін оңтүстіктен іздеме, онда көп ұлт араласып жатыр. Иесіз молалар болғандықтан, қайсысы қай ұлттың өкілі екенін ажырату қиынға соғады. Сен Орталық және Солтүстік Қазақстанға бар. Ол жерде орыс қана араласатын шығар, оны бірдеңе қылып айырасың», – деді. Содан Орталық Қазақстандағы Беғазы, Семейдегі Ақтүлкі, сондай-ақ Баянауылдан екі жарым айда 280 адамның сүйегін жинадым. Бірақ қағаз толтырғанда «мал сүйегі» деп жаздым. Адам сүйегі десең, эпидемиологиялық анықтамаларды қажет етеді де, толып жатқан кедергілерге тап боласың.

Содан Балқаш пен Қарағандыдағы теміржол стансасы арқылы Ленинградтағы кунсткамераға жібердім. Мұны естігенде ғылыми жетекшім Ф.Г.Дебец сондай қуанды. Өзі 50-жылдары қырғыз жерлерін қазған екен. Бірақ қырық шақты сүйекті қазғаннан кейін қырғыз халқы айыр, балта алып, зираттан бұларды қуады. Осыдан кейін «мұсылман елінде сүйек қазуға болмайды екен» деген ойға келеді. Ал мен 300-дей сүйек алып келгенде, «ВАК-тың төрағасы болсам, осы сүйек үшін ғана саған диплом бере салған болар едім» деп әзілдеген еді. Осылай марқұм Сәтбаевтың арқасында көне заманғы сүйектерді зерттеп, кандидаттығымды қорғап шықтым. Ол кездерде зерттеу тақырыбымыз «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» деген атаумен кітап болып шықты. Бұл – қазақтардың ата-бабаларының 40 ғасыр бойы өз жерінде өмір сүріп жатқанының бір айғағы.

«Енді тірі қазақтарды зерттейсің»

Бұл жұмысты аяғына жеткізгеннен кейін антрополог ғалымдар мен бұрынғы жетекшілеріміз бәрі бірауыздан менің жас екенімді алға тартып, сүйекпен ғана емес, мұны тағы да басқа жолдармен дәлелдеуімді ұсынды. «Сен енді біз секілді тірі қазақтарды да зерттейсің. Өзіміз әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Бүгінгі қазақтардың тіс құрылысын зертте. Өйткені 13 жастан бастап 17 жасқа дейінгі адамның тіс құрылысында генетикалық заңдылықтарға сүйенген сызықтар болады. Өшіп кетпей тұрғанда соны зерттеп-білу керек. Одан бөлек, қан жүйелері, алақан-тері бедерлерінен материал жинап, сүйектердің кейбір дәуірлерін зерттеп толықтырасың. Осындай бес саладан зерттеу жасайсың», – деді. Бірақ Ленинград әскери академиясындағы медицина ғылымының докторы В.В.Гинзбург маған қан жүйесі ата-бабаларымыздың тарихын дәлелдемеуі мүмкін екенін, «бұл өзі құбылып тұратын жүйе» деп ескертті. Ал мен тәуекел еттім. Содан не керек, 1966 жылдан бастап, 1977 жылға дейін 8-10 жылда қазақтың 40 мың қан үлгісін жинадым. Ол кезде Қаныш Имантайұлы қайтыс болып кеткен.

Мәскеу, Ленинградта да бұрынғыдай ғалымдар жоқ. Қазақстанда жұмыс істеген немесе Сәтбаев секілді қолдап-қуаттап отыратындар болмады. Өзім 90-ға келсем де, бір көрген адамның сөзіне бірден сене алмаймын. Ал Қаныш Имантайұлы маған сенім білдіргеніне таңғаламын. Меніңше, марқұмның кеудесінде «осы кен топырақтарды үйген кімдер екен» деген бір ой болған шығар.

Қазақтар жүзге бөлінбейді

Кешенді антропологиялық зерттеулердің арқасында қазақтар ешбір аймақтарға және жүзге бөлінбейтін біртұтас этникалық топ екені дәлелденді. Сонымен қатар қазақтар Еуразия аймағындағы барлық халықтардан ерекше, өзіндік антропологиялық статусы бар екені нақтыланды. Яғни өз жерінде жеке қалыптасқан. Сайып келгенде, қол жеткізгеніміз қазақ халқының төл тарихы өз жері мен елінде 50 ғасырлық тарихы бар ұлт қатарына жатады.

Бұл аталмыш ғылыми анықтамаларды менің арнайы есеп жолдарымен шығарылған мына бір үш иллюстрациядан айқын көре аламыз (1-3 суреттер).

Шешемді өлтірген жүйеге қызмет ете алмадым

Осылайша менің жолым ашылды. 1968 жылы Жапониядағы конгреске қатыстым. Бірақ өмірімде партияда болмаған адаммын. Өйткені менің шешем өткен ғасырдың 32-жылдары аштан өлген ғой. Шешемнің жүзін де білмеймін. Туған шешемді өлтірген осындай жүйеге мен қалай еңбек етемін?! Сондықтан ішімде осындай қаттылық пайда болды да, партияға қызмет ете алмадым. Оған өкінбеймін де. Содан осы конгреске баруым ең алғаш шетелге шығуым болды. Ол кезде шетелге шығу қиын еді. Оның үстіне партия мүшесі де емеспін. Бірақ КГБ-дағы жігіттер мені түсінді ғой деймін, рұқсат берді. 1974 жылы Этнография институтынан телеграмма келді. «Смағұлов, сені Мәскеудің үш антропологымен бірге төрт айға Үндістанға жібереміз» деді. Үндістан да маған үлкен тәжірибе болды. Онда Индира Гандимен кездестік. Сол жақта жүріп эндогамиялық популяция (бір ғана топ немесе тайпа шеңберінде некелесу – ред.), яғни касталық жүйенің адамдарын зерттедік.

«Персона нон грата»

1977 жылы докторлық қорғау үшін «Этническая геногеография Казахстана» деген кітап шығардым. Ол кітапта қан жүйелері AB0, MNSs, Rhesus және РТС дәм сезімі ғана болатын. Менің ондағы мақсатым – руға, жүзге бөлінетін қазақтардың ұқсастығы мен бірлігі бар ма, соны зерттеу. Қан жүйесі алыс-жақындығын жақсы айырады. Кітап 3-4 айдай сатылды. Бір күні директор: «Сенің кітабыңа тыйым салып, отқа жағамыз. Онда қазақтың жүздері айтылған», – деді. Жүздер туралы айтылғаны рас, бірақ мен соны анықтау мақсатында зерттедім ғой. Сөйтсем, қазақтар не руға, не жүзге бөлінбейді екен. Батыстағы адайлар, шығыстағы наймандар түптеп келгенде бәрі бір қазақ. Оған мәскеуліктер де таңғалды. Бірақ сол кездегі ЦК-дағы С.Имашев деген белсенділік жасап: «Бұл партияның идеологиясына қарсы. Соғысқа қатысқандардың қаны бірдей емес пе еді?! Сен оны неге руға, жүзге бөлгенсің?» – деді. Бөлгенім рас, бірақ ар жағында «бөлінбейді» деген қорытындысы бар ғой. Оны оқымайды, тек «бөлінеді» деген тұсын ғана көріп, «Исмагулов делит казахов на генном уровне. Беспартийный набрался буржуазной идеологии» деген лақапты мойныма іліп, кітабымды отқа жағып жіберді. Сол 1977 жылдан бастап, Кеңес өкіметі құлағанша мен персона нон грата (елдің саясатына қарсы адам – ред.) боп жүрдім, соңымнан КГБ ілесті. Ешкіммен қарым-қатынас құрмадым, еш жерге байланысқа шықпадым. Тіпті жұмыс істеудің өзі қиын болды.

Әлем ғалымдары үн қосты

Әйтеуір, бағыма қарай, аман қалдым. Бірақ жүрек ауруына тап болдым. Құдай қуат беріп, 1992 жылы кітабымды ақтап алды. Бірақ мен түрмеге отырудың аз-ақ алдында қалдым. КГБ түрмесінің есігі маған айқара ашық тұрды. Менің кітабымды өртейтін кезде әлем ғалымдары үн қосты. Америка, Аляска университеті, Германия, Грекия, Үндістан, Италия, Жапония ғалымдары әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында мені жақтап сөз сөйлеп, мәселе қозғады. Содан «Құрысын, мына Смағұлов туралы шу болып жатыр, оны қайтеміз?! Кітабын өртейік те, өзін бақылауда ұстайық» деген шешімге келді деп ойлаймын. Бірақ Кеңес өкіметі құлағаннан кейін, 1993 жылы Калифорния университеті екі айға дәріс оқуға шақырды. Сосын, Италиядағы Болония университетінен дәріс өткізуге ұсыныс түсті. Ол кезде бұл университет Х ғасырда ашылған әлемдегі ең көне университет екенін білген жоқпын. Олар қазақтарды бірге зерттеу үшін менімен келісімшарт жасасты. Осылайша Кеген ауданындағы биік таулы аймақтардың популяциясына екі жыл бойы зерттеу жасадық.

«Аруақтар саған қарсы болуға тиіс емес»

Үндістанда жүргенде ескі Делидегі Жұма-Мәжіт деген мешіттің имамынан: «Мен Қазақстаннанмын. Мамандығым – адам сүйектерін зерттеу. Осы күнәһарлыққа жата ма?» деп сұрадым. Молда одан қанша пайда табатынымды сұрады. Халқыңның тарихын зерттеп жүрген болсаң, ешқандай күнә еместігін айтты. «Егер осыны саудаға салып байып жатсаң, онда күнәлісің» деп нүктесін қойды. Түркиядағы дін қызметкерлерінің де айтқаны: «Ғылыми зерттеу үшін болса, аруақтар саған қарсы болуға тиіс емес».

Мені қолдаған қазақтардың аруағы деп ойлаймын. Өйткені соңғы елу жылда бір институттың жұмысын істеппін. Стоматология, тіс құрылысы секілді бес сала бойынша кітаптар жаздым. Мен секілді бір халықтың биологиялық ерекшелігін кешенді түрде зерттеген ғалым жоқ шығар. Біреу қанын, біреу алақан бедерлерін, енді бірі сүйегін зерттейді. Ал мен бір мезгілде осының барлығын біріктіріп, кешенді зерттеулер жасадым. Осылайша өмірлік миссиямды орындай алдым деп ойлаймын.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жария еткен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында айтқандай, әр халық тарихын өзі жазуы керек. Бүгінде қазақ халқының төл тарихы оның өз денесі мен сүйегінде ғасырлар бойы сақталып қалғаны аян болып отыр.

Соның арқасында бес бірдей антропология саласы бойынша зерттелген қазақтарды, яғни соматология (бас пен дене құрылысы), одонтология (тіс морфологиясы), серология (қан жүйесі), дерматоглифика (алақан, тері бедерлері), краниология (бас сүйек морфологиясы) анықтамаларына арнайы есеп жолымен шығарылған иллюстрацияларда қазақ халқының бірегей антропологиялық тұтастығы, сондай-ақ оны географиялық аймақтарға (шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік, орталық) және субэтникалық топтарға (жүздерге) бөлуге ешқандай негіз жоқ. Бұл анықтамаларды бір ғана иллюстрациямен көрсетуге мәжбүрміз.

Сонымен қатар қазақ халқы Азия мен Еуропа аймағындағы этникалық таптардан ерекше. Оның өзіндік қалыптасқан антропологиялық тарихын бірнеше қан жүйелерінің топтасқан түріне арналған серология дендрограммасынан айқын байқалады (2-иллюстрация). Дәл осындай ерекшеліктерді соматология, дерматоглифика, краниология дендрограммасынан айқын көре аламыз.

Нақтылы ғылыми қорытындыны қазақ халқының 50 ғасырлық антропологиялық тарихына академик атамыз Оразақ Смағұловтың мына бір схемасы дәлел болары хақ (3-иллюстрация). Бұл антропологиялық зерттеулерден кейін бүгінгі қазақ жеріне ешкім көз қиығын салмас деген ойдамыз.

 

Дайындаған Кәмила ДҮЙСЕН

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -