Роза ҚАСЫМОВА, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к.: Тұрақтылық – тәуелсіздіктің негізгі өлшемі

6390

Тәуелсіздік – ұлттың ұлт болып, ел болып, мемлекет болып салтанат құруының бірден-бір өлшемі, өзегі, ұлт болып дамудың шарты, көрсеткіші. Мемлекет үшін тәуелсіз болу сезімінен артық өрісті, қымбат сезім жоқ. Әрбір мемлекет тағдырындағы ең бақытты шағы, ол – тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңі. Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгіміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк байрақ, төртіншісі – қазақ тілі», – деген сөзі кімді болсын ойға қалдырады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдерде небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңғыру жолына түскен Қазақстан бүкіләлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды. Ұранымыз, мақсат-мұратымыз мүлде өзге сипатта еді. Бүгінде өз шекарамызды нақты білеміз, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, еліміз, Ата заңымыз бар жұртқа айналдық. Азаттықтың арқасында «Мәңгілік ел» болу деген ұлы мұратымызды айқындап алдық. Тәуелсіздік пен мемлекет егемендігі туралы заң қабылданған сәтте толқымаған, шаттанбаған, қуанбаған қазақ жоқ шығар, сірә.

Алматының алаңына жиналған жұрт та желтоқсанның ызғарын елемеді. Өйткені егемендіктің әсері өте жалынды, ыстық болатын. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Халқымызға сан ғасырлар арман болып келген тәуелсіздіктің ең басты тірегі – ана тіліміз. Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ана тілі – жан дүниеміздің айнасы, сондықтан елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі болуы қажет. Өйткені тіл – біздің түп тамырымыз, шығу тегіміз. Ешқандай халық өзінің салт-дәстүрінсіз, әдет-ғұрпынсыз және ана тілінсіз өмір сүре алмайды, оның мәнісі де осында. Халықтың даналығы, даралығы, тарихы мен шежіресі, мәдениеті сол халықтың тілінде жазылып, сол тілде жас ұрпағымызға мұра болып қалады. 

Тағы бір айта кететін жайт, тәуелсіздік жылдары ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі, болмысымыздың өзегі, елдігіміздің негізі болып саналатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама ұлттың рухани-ағартушылық, мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өсіп келе жатқан ұрпақты өз елінің салт-дәстүрі мен жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек деп ойлаймын.

Қaзақстан – бүгіндe Еурaзияның жүрeгінде oрналасқан, тaту-тәттi өмiр сүрiп жaтқан көпэтносты мемлeкет. Тәуелсіздігімізден артық қасиетті де қымбат ұлы арман, орасан зор биік мақсат бар ма!? Бүгінгі тәуелсіздігіміздің тірегі – Елбасымыздың өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА – достық пен татулықтың, бірлік пен келісімнің киелі бесігі. Ұлтаралық сыйластық пен ынтымақтастықты көрсетудегі бейбіт өміріміздің белгісі. Демек, тәуелсіздікті қастер тұту, құрметтеу – тек қазақ халқы үшін ғана емес, елімізді мекендеген әрбір азаматтың парызы. Жүз отыздан аса этносты бауырына басқан Қазақстанның бейбіт бірлігін дамытып, тірлігін нығайту қасиетті борыш болып есептеледі.

Әлемдік аренадағы айтулы қадамдарға келер болсақ, еліміз 30 жыл ішінде халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналып, қысқа мерзімде өзіндік даму моделін таңдаған, жер бетіндегі бейбітшілік пен бірліктің қолдаушысы екенін таныта білді. Халықаралық саясатта тың идеяларды ұсынып, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамаларымен көріне бастаған болатын.

Тәуелсіздігіміздің дамуына, білім саласының өсіп-өркендеуіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Университетімізде теориялық білімді жетік меңгерген, кәсіби тұрғыдан алдына жан салмайтын мамандарды ғана емес, сонымен қатар ішкі рухани дүниесін жан-жақты дамыта білген, өз білімін іс жүзінде дәлелдей алатын түлектерді даярлап келеді. Мен де болашақ мамандарға «Этнопедагогика», «Педагогика» және магистранттарға «Жоғары мектеп педагогикасы» пәндерінен дәріс және семинар сабақтарын жүргізіп, пәннің қыр-сырын үйретіп, семинар сабақтарында жаңа технологияларды меңгертіп, оқу мен тәрбие үрдісін қатар жүргізіп келе жатқан университет ұстаздарының бірімін. 

Университет қабырғасында педагогикалық қызмет атқара жүріп, 200-дей ғылыми мақала, оқулық, оқу құралы, монография, нұсқаулық, әдістемелік құрал және халықаралық ғылыми журналдарда Скопусқа мақала шығарып, университетіміздің рейтингіне өз үлесімді қосудамын. Өзім де осы оқу орнының 1982 жылғы түлегімін. Сондықтан университеттің дамуына, қоғам талабына сай, бәсекеге қабілетті маман даярлаудың локомотиві болуына жұмыс атқарудамын. Тынымсыз еңбек пен қосқан елеулі үлестерім үшін университет тарапынан алғыстар мен марапаттауларға ие болып және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Білім бағдарламасы бойынша міндетті пәннен оқулық және оқу-әдістемелік құралдарын жаздық.  

Білім беру жүйесі туралы айтсам: үздіксіз білім беру (бакалавриат, магистратура, PhD докторантура); жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары; жақын және алыс шетелдерге барып, жаңа инновациялық технологияларды үйрену, тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлықпен оқуға бару; жобалармен жұмыс істеу; әртүрлі тақырыпта байқауларға қатысу, жастарға арналған стипендиялар бар, баспана алу мүмкіншілігі де мол. Өзін-өзі дамытамын деген тұлғаға барлық мүмкіншіліктер жасалған. Бұл да тәуелсіздіктің арқасында деп ойлаймын. 

Ұстаз болғандықтан айтарым, жастар білімді, креативті, жауапкершілігі мол болып, ұлттық құндылықтарды өз бойларына қалыптастырса екен деген тілегім бар. Елге, Отанға, табиғатқа, жерге, тілге, дінімізге, ата-анаға деген құрмет болса, өз еліне деген аса патриоттық сезім болса, ұлттық әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық сусындарымызды т.б. дәріптейтін тұлға қалыптастырсақ деген ойлар мазалайды. Себебі қазір көптеген жастар батысқа еліктейді. Дамыған елдерден жаңа инновациялық технологияларды үйреніп, әкелуге болады. Әрбір этнос өз ұлттық құндылықтарымен ерекшеленеді. Мен Қазақстан әділетті қоғам және экономикасы дамыған ел болады деп сенемін.    

Тәуелсіздік жолында өзін-өзі құрбан еткен жастар тарих бетінде көркем әріппен жазылып, бейнелері мәңгі есімізде сақтаулы. Өткенін білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Білектің күшіне ғана сеніп қоймай, оқу-тәрбие, білімнің, ақыл-парасаттың, тіл мәдениетін терең меңгеріп, жүрегі елім деп соққан, жаны жайсаң, көңілі көркем патриот жастардың өсіп келе жатқаны мәлім. Ынталы, білімді шәкірттер көп, барлығы да еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосуда. Студенттерімнен болашақта үлкен үміт күтемін. Алған білімдерін жақсы жағынан көрсетеді деген ойым бар, оған мүмкіншіліктер өте көп.

Тәуелсіздік – біздің алтын қазынамыз, елімізде Тәуелсіздік күніне орай, жыл сайын ескерткіштер мен монументтер ашылып жатыр. Мысалы, Астанада «Ұлы дала елі» монументі жаңа 25 қырлы монумент, конституциялық заңды ұлықтайтын ескерткіш тақта, Аягөздегі «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші, Тараздағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне арналған монумент және тағы басқа да көптеген Тәуелсіздік мерекесіне арнап, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.

Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпінді дамуға байланысты, бұл күн сан ғасырлар бойы біздің бабаларымыздың армандаған арманы еді, оған да қол жеткіздік. Өз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Қазақстанның халықаралық маңызға ие шараларды ойдағыдай өткізіп, әлем мемлекеттерінің алдында беделге ие болуы жас мемлекеттің болашағы жарқын екеніне сендірсе керек. «Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, оны сақтап қалу үлкен еңбек пен тоқтаусыз даму жұмыстары мен бірлікті, сенімді талап етеді. Барлығы өтеді, қалатыны – ел мен жер һәм ұрпақ. Сол ұрпақ қанмен, термен келген тәуелсіздікті құрметтей түсу үшін үнемі еске салып отыру ұстаздардың, ата-аналардың міндеті болмақ.

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Ал біз еліміздің тәуелсіздігінің асқақтай түсуіне әрқашан да дайын болуымыз қажет. Тұрақтылық, толеранттылық, бейбітшілік, жұмысқа қабілеттілік және өз мемлекетіне пайдалы болуға деген ұмтылыс тәуелсіздіктің негізгі өлшемдері. Осы жолда Қазақстан жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Тұрақтылық пен татулыққа негізделген сарабдал жолымызды табанды түрде жалғастыра береміз. Қазақстанды мәдениеті жоғары, рухы биік, патриоттық сезімі берік, ХХI ғасырдың асау тізгінін өз қолдарына алатын ұрпақтың Отанына айналдыру үшін осы елде тұрып жатқан әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет және ол біздің ортақ борышымыз болуы тиіс.

Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Мақсатымыз бақытты ел болу және заманмен бірге жаңаша жаңғыру, тәуелсіздіктің туын биік ұстау, рухани құндылықтарды қастерлеу мен игеру болмақ. Біз алға қойып отырған мақсат-міндеттерді жемісті іске асыру баршамызға байланысты екенін терең сезінеміз. Сан ғасырлық салт-дәстүрімізді жаңғыртып дамытуға, мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, қастерлеуге қоғам мен мемлекеттің біріккен күш-жігері ғана негіз бола алады. Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.

Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -