Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру деректері де, оның ел аумағына әкеліну фактілері де тіркелген жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақты, профильді қызметтердің толық бақылауында.
Үндістанда тіркелген сырқаттану жағдайлары туралы хабарламалар аясында республикада алдын алу шаралары күшейтілді. Денсаулық сақтау министрлігі сақтық мақсатында мемлекеттік шекараның барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
Шекарадағы бақылау күшейтілді
Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары тіркелген Үндістаннан және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінен келетін жолаушыларға ерекше назар аударылуда. Аталған инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізімі халықаралық эпидемиологиялық ахуалға сәйкес тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.
Шекарадағы медициналық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Келіп жатқан азаматтардың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізіледі, қажет болған жағдайда қосымша тексерулер ұйымдастырылады.
Медицина жүйесі дайын
Елдегі медициналық ұйымдар ықтимал инфекцияның әкеліну қаупіне толық дайындыққа келтірілді. Жедел медициналық жәрдем бригадалары мен инфекциялық стационарлардың әзірлігі қамтамасыз етілген. Дәрілік препараттардың, жеке қорғаныш құралдарының және дезинфекциялау заттарының жеткілікті қоры қалыптастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пациенттерді оқшаулау, оларды бағыттау және зертханалық диагностика жүргізуді қамтитын әрекет ету алгоритмдері пысықталған.
Азаматтарға арналған ұсынымдар
Нипах вирусы эндемиялық саналатын елдерге сапар жоспарлаған азаматтарға жеке алдын алу шараларын сақтауға кеңес беріледі. Елге оралғаннан кейін ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге қай елде болғаны туралы міндетті түрде хабарлау қажет.
Нипах вирусы туралы не белгілі
Нипах вирусы зооноздық инфекциялар қатарына жатады. Ол адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде берілуі мүмкін. Ластанған азық-түлік пен сусындар арқылы жұғу қаупі де бар.
Ауру жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен қатар жүруі мүмкін. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесі зақымданып, өкпе қабынуы дамуы ықтимал.
Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу әдісі де, бекітілген вакцина да жоқ. Көрсетілетін медициналық көмек симптоматикалық сипатта болады.
Билік өкілдері атап өткендей, қазіргі кезеңде дүрбелеңге негіз жоқ. Қазақстандағы жағдай тұрақты, ал қабылданып жатқан профилактикалық шаралар алдын алу мақсатында жүргізілуде.