Бибізия ҚАЛШАБАЕВА, тарих ғылымының докторы, профессор: Басты құндылығымыз – азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім

4851

Ел тәуелсіздігінің баянды болуының бір тетігі мемлекетіміздің 30 жылдан бері жүргізіп келе жатқан этносаясатымен де байланысты. Осы уақыт аралығында әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына қосылу мақсатында ҚР дамуының стратегиялық бағыттарын қалыптастырды. Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы    мемлекеттің тұрақты дамуымен және өз кезегінде ел ішіндегі ұлтаралық бейбітшілікті қамтамасыз етуімен байланысты. Ал мұндай мақсатқа жету үшін қазақ қоғамының мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – этносаралық үйлесімділік пен келісім. Елбасының этносаралық қатынаста табысқа қол жеткізуінің тетігі ең алдымен 130-дан астам этностың басын біріктіруші бүкіл қазақстандықтардың ынтымақтастығы, яғни ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін реттеу болса, екіншісі – толеранттылық, ал үшіншісі – тарихи тағдырлардың қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясын құруында еді.  

Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан да Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының этнолог мамандары да этносаралық қатынастарды дамыту мәселелеріне өз үлестерін қосуда. Этнология ғылымы негізінен халықтың шығу тегін, этникалық тарихын, халықтар арасындағы қарым-қатынасты, мәдениетін зерттейтіндіктен, этнолог мамандарды тереңдей дайындау мақсатында «Қазақстанның этносаясаты», «Қазақстанның этникалық топтар этнографиясы», «Қазақстанның этномәдени үдерістері», «Қазақстандағы этноконфессиялық үдерістер», «Әлемдік кеңістіктегі этносаяси үдерістер» т.б. тақырыптарда дәрістер оқылады. Археология және этнология мамандығын бітірген түлектеріміз ҚР министрліктерінде, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарының мәдениет бөлімдерінде, этносаралық қатынастар мәселелерімен айналысатын бөлімдерінде, облыстық, аудандық мәдениет бөлімдерінде қызмет атқаруда. Осы салаларда қызмет етіп жүрген түлектеріміз де еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі мәселелері саласында атсалысуда. Бұл, әрине, Археология, этнология және музеология кафедрасының кадр даярлаудағы Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл қарсаңындағы үлесі деп білеміз. Бұрын «Археология және этнология» мамандығы аясында бірге дайындалса, 2020 жылдан бастап «Этнология және антропология» білім беру бағдарламасы негізінде магистратура деңгейі бойынша мамандар даярлануда.  

Өткен 30 жылда, әрине, көп өзгерістер болды. Факультетте мамандық аялары кеңейіп, білім беру бағдарламаларының саны өсті. 2013 жылы ҚР мемлекеттік хатшысы М.Тәжиннің төрағалығымен және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесі шешімімен ұлттық тарихты зерттеу ведомоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі хаттамасын орындау үшін құрылған үш ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеді: 1) «Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерттеу» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталықтың жетекшісі­ – белгілі ғалым, ежелгі түркі тайпалары тарихын зерттеуші, т.ғ.д., профессор Т.Омарбеков. 2) «Әлем тарихын зерттеу» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы, директоры – т.ғ.д., профессор, Геттинген университетінің құрметті профессоры (Германия) Қ.Жұмағұлов. 3) «Археология және дала өркениеті» ғылыми-зерттеу институтының директоры В.Зайберт. Институт жанында «Геоархеология» халықаралық зертханасы жұмыс істеді. Факультетте 20-ға жуық ҚР БжҒМ қаржыландырған гранттық жобамен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижелері кітап, мақалалар түрінде жарық көрді. Аталған орталықтар мен қаржыландырылған тақырыптық ғылыми жоба аясында көптеген еңбектер жарияланды. Оның ішінде шетелдерде де ғалымдарымыз өз еңбектерін шығарып, Қазақстан тарихының кейбір аспектілері ашылған еңбектер жарияланды. Мәселен, «Omarbakov T., Khabizhanova G., Kartayeva T., - Nogaybayeva M.. Kazakistan’da türklerin tarihi // Ortak Turk tarihi. – Ankara, 2019. 401-527 бб.» еңбегі Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жазылған. Ол көне замандардан XV ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Үшінші бөлімінде Қазақстандағы түркілер тарихы сөз болады.

Факультетте студент, магистрант, докторанттардың білімін одан сайын тереңдету мақсатында шетелдерден профессорлар шақырылып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, олар: Н.Кенжеахмет (Бонн университетінің профессоры, Германия), Оджал Огуз (Қажы байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры, Түркия), Марина Толмачева (Вашингтон мемлекеттік университетінің профессоры, АҚШ), Ренато Сало (Туринский университет, Италия), Ирена Скуба (СГХ Халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі, Польша), Сейфы Иылдырым (Хаджетепин университетінің профессоры, Түркия), Колин Макфадден (Миннесоты университетінің профессоры, АҚШ), Паул Уерз (Невада университетінің профессоры, АҚШ), Ангела Шоттенхаммер (Зальцбург университетінің профессоры, Австрия) және т.б.

Археология, этнология және музеология кафедрасының мамандары да шетелдік ЖОО мамандарымен бірлесе зерттеу жұмыстарын қатар алып келеді. Мәселен, Алтай мемлекеттік университетімен (РФ), РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтымен, Санкт-Петербург қаласындағы РҒА Материалдық мәдениет институты т.б. зерттеу институттарында археологиялық артефактілерге зертханалық талдау жүргізсе, енді біреулерімен этнография саласында ынтымақтаса жұмыс жүргізіп отыр. Алыс шетелдердегі мамандармен де тығыз қарым-қатынаста бола отырып, бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олар Эхиме университеті (Жапония), НАРА (Жапония) университетінің мамандары ­– профессор Ясуюки Муракамимен археология саласында, профессор Садакацу Кунитакэ дендрохронология мәселелерімен тәжірибе алмасады. Синьцзян педагогикалық университетінен (Қытай) PhD Нұрбақыт Туерхун,  Газий университетінен (Түркия, Анкара) профессор Оджал Огуз,  Цюрих университетінен (Швейцария) Петер Финке т.б. этнология саласында кафедра мамандарына кеңесін беріп, тәжірибе алмасып, зерттеулер жүргізуде.

Шетелдік ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болу мақсатында халықаралық ғылыми конференциялар жиі ұйымдастырылып отырады. Мәселен, 2018 жылы «Түркі дүниесінің саяси-экономикалық және мәдени дамуы», «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары», 2019 жылы «Ботай мәдениеті және Орталық Азиядағы энеолиттік ескерткіштер» т.б. тақырыпта конференциялар өткізіліп, факультет, кафедра ұжымының шетелдік ғалымдармен тығыз байланыста болуына жағдай жасалған.

Факультетте студент, магистранттардың қос дипломды бағдарлама негізінде де білім алу жолға қойылған. Мәселен, 2018/19 жж. жеті магистрант білім алса, 2020 ж. олардың саны 23-ке жетті. Ал әлемдегі жағдайға байланысты 2020/21 жж. алты магистрант білім алуда. Академиялық ұтқырлық бойынша серіктес ЖОО-лар қатарында: Ла Сапиенца Рим университеті, Ыстамбұл университеті, Ататүрік университеті, Анкара Хажы Байрам Вели атындағы университеті, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті, Алтай мемлекеттік университеттері т.б. бар.

Факультет, кафедра ұжымы оқытудың жаңа технологияларын дамыту және оны оқу үдерісіне интеграциялауда табысты еңбек етуде. Кейбір пәндер бойынша қашықтан оқытудың Жаппай ашық онлайн курстары (МООК), атап айтқанда: «Қазақстанның қазіргі заман тарихы», «Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта», «Әлем халықтарының этнографиясы», «Ежелгі шығыс өркениеті» пәндері бойынша қолданыста болса, болашақта мұндай курстардың тиімділігіне байланысты «Ортағасырлық еуропалық өркениет», «Этнологияның зерттеу әдістері», «Орталық Азия тарихы» (ағылшын тілінде), Modern History of Kazakhstan, «Археология негіздері» т.б. курстарды дайындау жоспарланды. 

Сондай-ақ студенттердің болашақта сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету мақсатында факультет, кафедра ұжымы жұмыс берушілермен де тығыз қарым-қатынаста. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, ҚР Орталық мемлекеттік музейі, ҚР Президенті архиві, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің мамандары да шақырылып, студенттерге дәріс береді. Сонымен қатар аталған ғылыми-зерттеу институттарында, музейлерде, архивтерде практика өткізудің базасын ашып қойған. Студенттер жыл сайын белді археолог-этнолог мамандардың экспедицияларына («Ақтөбе» (Баласағұн) экспедициясы, «Елеке сазы» экспедициясы, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданы, «Геоархеология» халықаралық зерттеу лабораториясымен Есік қорғанына бірлескен экспедиция) қатысып, тәжірибе алмасып, қазба жұмыстарына бейімделеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері Археология, этнология және музеология кафедрасы кеңейтілді. Кафедраның өсіп-өркендеуінде былтыр марқұм болған белгілі ғалым, т.ғ.д., профессор У.Шәлекеновті айтпай кете алмаймыз. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін ортағасырлық «Ақтөбе» (Баласағұн) қаласында студенттердің археологиялық-этнографиялық тәжірибені игеруде өзінің білімін, бейімін, тәжірибесін бөлісуде аянған жоқ. Кеңес дәуірінен бері бүкіл КСРО-да бірден-бір студенттердің тәжірибе меңгеру орталығы болған «Ақтөбе» (Баласағұн)  қаласын заманауи талаптарға қарай қайта жабдықтау арманына жете алған жоқ. Оны жалғастыру енді кафедра ұжымы – біздің міндетіміз деп ойлаймын. Кафедраның археолог, этнологтары оқу үдерісімен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар алып келе жатыр. Кафедраның жетекші археолог-этнолог мамандары ҚР БжҒМ жариялаған ғылыми жобалардың жеңімпазы деуге болады. Бір кездері кафедрада жеті жобаға дейін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын археологтарымыз дала кезіп, қазақтың көне тарихи ескерткіштерін іздеуге археологиялық экспедицияға кетсе, гранттық қаражатпен қамтылған этнолог, музейтанушыларымыз ел арасынан тарихи-мәдени мұраларды жинауға аттанады. Біздің кафедра мамандары өздеріне берілген демалысты да есепке ала бермейді.

Кафедра өміріндегі соны жаңалыққа Археология және этнология кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Ә.Төлеубаевтың 2003 жылы Шығыс Қазақстаннан тапқан үшінші «Шілікті алтын адамы» әлемдік археологиядағы сенсация болды десек, артық айтпаспыз. Зерттеу нәтижелері бүгінде мектеп оқулығына еніп, табылған құнды артефактілер негізінде «Раннесакская Шиликтинская культура» атты үлкен монография иллюстративті материалымен жарық көрді. 2020 жылы т.ғ.д., профессор Ә.Төлеубаев жетекшілік еткен археологиялық экспедиция барысында «Алтын сәйгүлік» тапты. Оның құйысқаны, үзеңгісі т.б. алтындары осыған дейінгі табылған алтын адамдардың алтынынан біршама көп болыпты. 2020 жылы Семей қаласында Абайдың мерейтойы қарсаңында ҚР Президенті мен мемлекеттік хатшы алдында «Алтын сәйгүлік» барлық жабдықтарымен көрмеге ұсынылды. Ұлы даламыздан ғалымдардың археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлестерінің бірі, рухани байлығының айшықты белгісі болып табылатын сақтар қолынан шыққан артефактілер біздің сақ дәуірінен сақталынып, үзілмей жалғасып келе жатқан ата-бабалар мұрасының жарқын көрінісі.

Кафедра профессоры, т.ғ.д. М.Елеуовтің де Қазақстанның ортағасырлық археология ғылымына қосқан үлесі айрықша деуге болады. Ол Тараз өңірі, Сырдария аумағындағы ортағасырлық қалаларды ашуда көп еңбек сіңіріп келе жатыр. Тараз өңіріндегі барлық археологиялық ескерткіштердің құжатын жасап, есепке алды. Сол сияқты Ғ.Омаров Шығыс Қазақстанның қола, ерте темір дәуіріне қатысты ескерткіштерді зерттеуде көп еңбек етуде. Кафедраның жас мамандары Р.Жұматаев, Б.Бесетаев т.б. бүгінде шетелдік археологтармен бірге қазба жұмыстарын жүргізуде. Этнологтарымыз да гранттық қаржыландыруға қарай кешенді этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, нәтижелерін ғылыми журналдарда, жеке кітап ретінде шығаруда. Олар: т.ғ.д., профессор А.Қалыш, Б.Қалшабаева, Т.Қартаева, М.Егізбаева т.б. 

Болашақта, әрине, үлкен жоспарлар тұр. Соның бірі ретінде айтар болсақ,  мемлекет қолдауымен биыл қыркүйекте Оксфорд университетінде Gold of Kazakhstan (т.ғ.д., профессор З.Самашев, т.ғ.д., профессор Ә.Төлеубаев) атты көрме, Wenner-Gren Foundation Conference and Workshop Grantees қаржыландыруымен халықаралық этнографиялық конференция өткізу жоспарлануда, Ehime University (Жапония) біріккен археологиялық зерттеу жүргізуді мақсат етіп отыр.

Этнология ғылымының зерттеу нысандарының бірі – этникалық тұтастық пен оны қамтамасыз етудің факторлары, этномәдени мұраларды сақтау, дәстүрлі мәдениеттің сабақтастығы немесе ұлтаралық қатынастар үдерісіндегі мәдениеттің трансформациялану мәселелері. Қазіргі жаһандану заманында  әртүрлі күрделі де қайшылықта болып жатқан халықтардың көптүрлі байланысының нәтижесінде этникалық өзгеріс болатыны анық. Ал этникааралық қатынастарда көбіне олардың бір-біріне түсіністікпен қарауы және келісімге жетуі әрбір жақтың өзара әрекеттестіктерінен, байланысқа түсетін этностардың психологиясы, этникалық мәдениеті айқындалады. Осы мәселелерге назар аударуда да Археология, этнология және музеология кафедрасының мамандары тыс қалып отырған жоқ.

Қорыта келгенде, мемлекетіміздің ұлттық саясаттағы негізгі қағидасы – Қазақстан халықтарының бірлігі мен татулығын, толеранттылығын қамтамасыз ету. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ барлық ұлт өкілдері жастарының білім алу құқығын сақтай отырып, бірдей жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау міндетін адал атқарып келеді.

Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -