Ғылымда өз қолтаңбасы бар еді...

4577

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының жетекші доценті Нұрмат Тұңғатаров 53 жасында өмірден өтті. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрмат Нұрғазыұлы өз ісіне берілген бірегей ұстаз болатын. Ол шыдамдылық, әділеттілік және табандылық секілді қасиеттерімен өзгелерге үлгі еді және Қазақ елі мен Отанының болашағы үшін жанын салып еңбек етті.

Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 26 жыл жұмыс істеді. 1995 жылдан бастап көптеген кітаптар, ғылыми мақалалар, тезистер, баяндамалар шығаруға үлес қосты. Оның еңбек тәжірибесі халықаралық және республикалық деңгейде танымал болатын. Өз тәжірибесін үнемі жетілдіруге еңбектенді. Ол факультет пен университеттің әдістемелік және тәрбие жұмысында өз қолтаңбасын қалдыра білген тұлға.

Нұрмат Нұрғазыұлы еңбек жолын 1993 жылы Іргелі талдау кафедрасының ассистенті ретінде бастады. Ал 1997 жылы Сандық және іргелі математика кафедрасының аға оқытушысы болды. 2001 жылдан Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының аға оқытушысы, 2002 жылдан бері кафедра доценті ретінде қызмет етті. 2011-13 жылдары Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасында оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша кафедра меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2013 жылдың 14 қаңтарынан бастап, 2018 жылға дейін маханика-математика факультетінде оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша деканның орынбасары болды. Сондай-ақ 2018-19 жылдарда ақпараттық технологиялар факультетінде оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша деканның орынбасары қызметінде тер төкті.

«Еңбек сіңірген оқытушы Нұрмат Нұрғазыұлы өзінің саналы өмірін білім мен ғылымға арнады. Оқытушылар, әріптестер мен студенттерге әрдайым көмектесіп, құнды кеңестер беріп, дұрыс жолға бағыттады. Ол  еңбек пен істі бағалайтын ізгі тұлға еді. Тамаша ұстаз туралы жарқын естелік біздің жүрегімізде мәңгі қалады» деп еске алады жолдастары.  

Университет ұжымы мен достары Нұрмат Нұрғазыұлының отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және жолдастары

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -