Нәтижелі арманға жету жолы қандай?

4612

География және табиғатты пайдалану факультетінің Метеорология және гидрология кафедрасының студенттері «Нәтижелі арман» тақырыбында кураторлық сабақ өткізді.

АР

Төрт жыл университет қабырғасында білім алған шәкірттеріміз оқуларын тәмамдап, қолдарына төрт жыл бойы күткен, өмірлеріндегі маңызды құжаттардың бірі – дипломдарын алады. Университетпен,  ұмытылмас естеліктерге толы студенттік шақтарымен қоштасады. Сол себептен де төртінші курс студенттерімен бірге «Нәтижелі арман» тақырыбында ой қозғауды жөн көрдік.

Соңғы жылдары армандауды, армандауға үйретуді табыс көзіне айналдырып жүргендер қаншама?! Ал біз дұрыс армандай білеміз бе? Орыстарда «Мечтать не вредно, но бесполезно» деген қанатты сөз бар. Шынымен де, жай ғана армандап қою бір бөлек, ал сол арманның жетегінде болу мүлдем басқа. Биік арманның мақсаты айқын болары айтпаса да түсінікті. Мақсат анықталғаннан соң, «арманың алысқа апарсын» десең, оны жүзеге асырудың нақты алгоритмін де ойластырып қою керек, яғни қандай да бір уақыт аралықтарына бөле отырып, жоспарлап қою керек. Жоспар –  арманыңның орындалуына қарай басқан күнделікті қадамыңа есеп беруге міндеттейтін құжат. Жоспар – әрекет етуге, ойыңды іске асыруға көмектесетін құрал. Жоспар дайын болса, саналы адамға соған сай әрекет ету, жоспарда белгіленген пункттерді жүзеге асыру тек уақыт пен адамның жеке қалауына ғана байланысты. Осы қадамдар кез келген адамды жемісті нәтижеге әкелері сөзсіз. Сол себептен де арманымыз орындалсын десек, соның орындалуы үшін мақсатымызды айқындап, жоспарымызды құрып, әрекет етуіміз керек. Әйтпесе ол құр бос қиял ғана болып қалады.

Ашық кураторлық сабаққа қатысқан 10 студент өмірден алынған армандарына жеткен тұлғалар жайында еркін форматта өз ойларымен бөлісті: бірі – интервью, бірі – бейнеролик, презентация, эссе, хабарлама жасап, магистранттардан құрылған қазылар алқасын таңғалдырды. Соның ішінде бірнешеуіне тоқталсақ:

«...Бір студент дүниежүзін аралауды армандаған қарт әженің оқиғасын баяндады. Соның нәтижесінде арманға жетудің ешқашан кеш еместігіне тыңдаушылардың көзін жеткізді». «...Енді бір студент әлемге әйгілі бірінші орындағы технологиялық бренд – Аpple-дың негізін қалаған Стив Джобстың қандай еңбектің арқасында айқын мақсатына жеткенін баяндады. Бала күнінен технологияға қызығушылығы ерекше болғаны және бала қызығушылықты әрі қарай кәсіпке айналдырып, соңында қазіргі қауымның қолынан түспейтін Аpple брендтік технологиясын дүниеге әкелгені жайлы өмірлік оқиғасы презентация түрінде көрсетілді».

«...Арманның шегі болмайды дейді, арман мақсатқа апарар жалғыз жол екенін білесіз бе? Егер арман орындалмаса, демек, ол сіздің нағыз арманыңыз болмағаны. Оған дәлел тағы бір студенттің Ник Вуйчич жайлы дайындап әкелген жұмысында айтылады. Ол адамның өмір жолы еріксіз жылатады. Балалық шақтың тәттісінен гөрі ащысына қанып өскен екі қол, екі аяқсыз өмір сүретін, біздің тілмен жеткізгенде, қазіргінің батыры Ник өмірді тек қана сүйіп қоймай, бүкіл әлемді аузына қаратып, бақыттың кілті адамның өзінде екенімен бөліскен оратор, музыкант, жазушы, ерекше тұлға. Никтің бала күнінде өзіне қол жұмсамақ болған кезінде кенеттен туындаған арманына қалай жеткені әсерлі жеткізілді. Оның арманы әлемдегі бай адамдардың қатарына қосылуына ықпал етті. Төрт баланың әкесі қол-аяқсыз-ақ бақытты екенін әлемге көзіне жас ала жар салады. Ол «өмірде тірі болғаның үшін де сен бақытты жансың» дейді және оның пікірінше, өмірге, бізге берерін алуға емес, бізде барымен бөлісуге келеміз деп санайды.

Расында, денің сау, көзің ашық бола, бақытсыз болу адамның өзінен ғана болатынына дәлелдер өте көп. Өмірде бір есік жабылса, екіншісі ашылатынын жадымызда ұстауымыз керек деген ой осы хабарлама барысында дәлелденді». «...Енді бір студентіміз өздерінің жанында жүрген курстастарының да бұл тақырыпқа нағыз дәлел екенін жарыса баяндады. 1-курсқа түсе сала қатарластарының қымбат көлікте жүргеніне қызыға қарап, «мен де міндетті түрде мінемін, сендер қуанышыма куәгер боласыңдар» деп айтып қалғанын күліп естеріне алды. Жас болса да, бойындағы қайратын еңбекке жұмсап, алғашында жалдамалы фотограф болып жүріп, өзіне фотоаппарат сатып алып, белсенді түрде суретке түсіруді кәсіп қылып, екі жыл тынбай атқарылған еңбектің арқасында бүгін су жаңа темір тұлпардың иесі екенін айтып берді. Расында, 30, 40, 50 жасқа келіп, нәтижесіз өмір сүретін адамдар да өте көп. Оның қасында жас студенттің адал жетістігі үлкен жеңіс деп білеміз».

Мақсатың айқын болса армандар орындалады. Олай болса айқын мақсатқа нық қадам жасауға не кедергі? Еңбек пен ынтаны ту етіп, «сенің қолыңнан түк келмейді» деген жандарға әлемді аяғына неге жығып бермеске?

Бұл ашық кураторлық сабақ барысында қазіргі жастардың жан дүниесінде әлемге деген махаббат, арманға деген сенім, еңбекке деген талпыныстың бары анық көрінді.

А.МУСИНА, куратор-эдвайзер

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -