XVII Еуразиялық Медиа Форум: бірінші күннің қорытындысы

5170

15 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында XVII Еуразиялық Медиа Форум өз жұмысын бастады. Қалыптасқан дәстүр бойынша Форумның бірінші күні көрермендер шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдердің куәсі болды, бұл жолы онлайн трансляцияда, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Әсіресе «Жаңа бетбұрыс: Ауғанстандағы оқиғалар Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін?» тақырыбындағы жаһандық пікірталас сарапшылар мен көрермендердің назарына ерекше ілікті. Ауғанстан Үкіметінің айналдырған бірнеше күннің ішінде ыдырауы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, ел тұрғындары үшін  күтпеген тосын жағдай болды. Қазір көпшіліктің көкейін оның ішінде Орталық Азия елдерін мазалаған басты мәселе – «Бұл жағдай өзге елдерге қалай әсер етеді?» . 

Дөңгелек үстел сарапшылары "Талибанмен" дипломатиялық байланыс орнату әзірге мүмкін емес деген пікірмен келіседі. Егер елдердің бірі Ауғанстанның жаңа режимімен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдесе, мұны саяси емес, гуманитарлық тарап деп түсінген жөн.

Өзбекістандағы «Ma’no» зерттеу бастамалары Орталығының негізін қалаушы және директоры Бахтиер Эргашев:

"Геоэкономика тұрғысынан енді Ауғанстан үшін кім төлейді, оған Америка қауқарлы ма, Америка бұл елден қашан кетті? деген сияқты көптеген сұрақтар туындайды. Қауіпсіздік мәселелері шешілмеген, ал егер олар шешілмеген болса, онда экономика және даму мәселелері де шешілмеген жаңа Ауғанстанмен не істеуге болады?  Біз амалсыз,  босқындар ағынына тап болуымыз мүмкін, сонда біз оларды ешқандай шаралармен және шекараларды қатаң қорғаумен де тоқтата алмаймыз. Бұл мәселені шешпей, Ауған ішіндегі жанжалды шешу мүмкін емес, және біз, өкінішке орай, нақты шешімді көріп отырған жоқпыз", - деді. 

Дөңгелек үстелдің тағы бір спикері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтында Таяу Шығыс зерттеулері орталығының басшысы Ирина Звягельская болса, ондаған жылдарға созылған қақтығыстардың салдарынан Ауғанстанды 10 миллионнан аса азамат тастап кеткенін алға тартты. Оның айтуынша, «Егер қазір Ауғанстаннан қарапайым адамдар қашатын болса, миграция көлемі мейлінше ауқымды болмақ».

«Өкінішке орай, біз қазір белгісіздік жағдайының жоғары деңгейіне, нақтырақ айтсақ кері әсердегі белгісіздікке тап болып отырмыз. Бұл елдегі оқиғалардың оң бағытта дамуын күтуге болмайды. Бұл жерде мемлекеттік қалыптастырумен айналысып, осы елдегі гуманитарлық апаттың алдын алу керек. 40 миллион халықты қалай азықпен қамтамасыз ету керек, бұл мәселемен не істеуге болады және бұл адамдардың елден жаппай қашуына әкелмейді ме? Ең алдымен, мәдени жағдаймен жұмыс істеу керек, өйткені егер елдегі мәдени жағдай қазіргідей болып қала беретін болса, онда Ауғанстанның дамуына ықпал етуге екінің  бірі келісе бермейді, мамандар да ол жаққа жұмыс істеуге бара қоймас. 

Сонымен қатар, біз Ауғанстан тарапынан: шекаралар ешқандай рөл атқармайды және бүкіл әлемге исламистердің ең күшті державаны жеңе алатындығын көрсететін деструктивті ойлар тарату сияқты сын-тегеуріндерін көріп отырмыз. Бұл жағдаймен не істемекпіз», - деген келелі ойды ортаға салды  Ирина Звягельская.

Қазіргі жағдайда радикалдарға сену қиын, өйткені Талибан ешқашан өз міндеттерін орындамаған - дейді Тәжікстан елінің саяси ғылымдар кандидаты Саймидин Мирзоев.

«Ауғанстанда қандай үкімет болады? Бұл топ периферияда не істеп жатыр? Талибан неге қазір үнсіз, неге олар өздерін болмағандай  көрсеткісі келеді? Талибаның қайта баскөтеруіне не түрткі болды? Неліктен оларға Катарда кеңсе ашу қажеттігі туындады? Неліктен олар түрмелерден шығарылды?  Бұл қазір көпшіліктің  көкейіндегі сан сауалдың бір парасы ғана.  Ең бірінші кезекте Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігін түсіну үшін ауқымды зерттеу жүргізу қажет. Басқа елдер де жиналып, қалыптасқан сын-қатерге жауап қатуы тиіс», - деп түйіндеді өз сөзін Мирзоев.

Тағы Ауғанстан тақырыбына арналған дөңгелек үстелдің спикерлері ретінде Азиялық зерттеулер Институтының директоры Сұлтан Әкімбеков,  Пәкістанның АҚШ-тағы экс-елшісі, Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша директоры Хусейн Хаккани, ҚР Ауғанстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов сөз сөйледі. Дөңгелек үстел отырысына қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарының кандидаты және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қайрат Әбусейітов модераторлық жасады. 

Келесі дөңгелек үстел: «Түркітілдес елдердің БАҚ-ы. Қазіргідей жағдайда ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында ұймдастырылды. Сессия қатысушылары түркітілдес елдердің БАҚ серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, Әзірбайжан елінен қатысушы, саясаттану ғылымдарының докторы Физули Маджидли Зульфу оглы дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде қазіргі заманауи технологиялар ғасырында әрбір БАҚ қана емес, әрбір жеке журналистің өзі түркітілдес БАҚ интеграциясына өз үлесін қоса алатындығына сенімді екендігін білдірді. Ол сондай-ақ түркі әлеміндегі келешек ұрпақтың шекараралас елдердің қазіргі өміріне белсенді атсалысатындығына да зор сенім білдірді.

Оңтүстік Кавказ аймағының, посткеңестік кеңістіктің және Таяу Шығыстың проблемаларымен айналысатын саясаттанушы Тоффик Аббасов дөңгелек үстел барысында Армения мен Әзірбайжан арасындағы оқиғаларды, Қарабақ қақтығысын, сондай-ақ БАҚ-тың елдер арасындағы күрделі қатынастарды қалай жариялап, жеткізгенін еске алды.

«Бізде жаңа платформалар құру үшін көптеген мүмкіндіктер болды және олар әлі де бар, және айтатын дүниеде жеткілікті. Тіпті, Армениямен арадағы дауды алыңыз: осы жағдай барысында Президент Ильхам Әлиев әлемдік медиаға 40-қа тарта  көлемді сұхбат берді. Ол жерде Қазақстан, Өзбекстан және басқа да елдердің  медиа өкілдері болуы мүмкін еді. Алайда, аласапыран ақпарат ғасырында да журналистерге әрдайым жол ашық деп айта алмаймыз.  Менің айтайын дегенім: журанлистер көштің соңында емес, басында жүруі қажет! Түркі халықтары бірлігінің мүмкіндіктері шексіз, сондықтан да біз үшін түркітілдес мемлекеттердің Шығыс форумын құрудың маңызы зор деп ойлаймын, ол барлық түркітілдес БАҚ өкілдерінің басын қосатын үлкен алаң болуы тиіс.  Бірақ, ең басты талап  – ашық есік форматы сақталуы керек. Ықпалдасу, ынтымақтастық және интеграция - бұл біздің бұқаралық ақпарат құралдарының әлемдік дамуына үлес қосуымызға негіз болатын басты үш ереже», - деді саяси шолушы Тоффик Аббасов.

Дөңгелек үстелге аталмыш спикерлерден бөлек Венгрияның "Дуна" телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, "Қазақстан" РТРК Басқарма Төрағасы Ләззат Танысбай, Түркіменстанның Мемлекеттік ақпараттық агенттігінің Бас директоры Мердан Газакбаевглава, Өзбек ұлттық телерадиокомпаниясының төрағасы Әлішер Хаджаеви және белгілі түрік журналисті, тележүргізуші, NTV арнасының Шетел жаңалықтары жөніндегі менеджері Ахмет Йешилтепе қатысты.

«Қазақстандық мықты брендтерді құру. Дәстүрлі және жаңа медианың рөлі мен маңызы» деп аталатын үшінші дөңгелек үстелге VideoInternational Қазақстан Бас директоры Ильмурад Джумаев модераторлық жасады. Шарада KANTAR Kazakhstan Басқарушы директоры Татьяна Старцева, «Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев, HardWorker креативті агенттігінің директоры Антон Осипов, «Кселл» АҚ маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ұлжалғас Чымырбаев, TV Media Digital директоры Марина Бузубаева сынды белгілі масмедиа өкілдері басын қосты.

Сонымен қатар бірінші күні Форумның әлеуметтік серіктесі-"Samruk–KazynaTrust" Қорының қолдауымен өткізілетін шеберлік сағаттарына арналды. Қамтылған тақырыптар:

  • Продюсер Бексұлтан Қазыбектің «Digital-дағы әлеуметтік жобалар: тиімді құралдар мен үздік тәжірибелер»;
  • Деректі кино авторы Клементин Мальпастың «Бейкоммерциялық ұйымдар мен әлеуметтік сторителлинг үшін видео материалдар жасау»;
  • Macat International Ltd негізін қалаушы Салах Халилдің «Неліктен сыни ойлау соншалықты маңызды?»;
  • Кремни аймағының жазушысы, режиссер Эндрю Киннің «Болашақты қалай басқаруға болады?»;
  • Еуропалық жаңалықтар академиясының оқытушысы Сергей Становкиннің «БАҚ аудиториясы-өзара әрекеттесу форматтары»;
  • Визионер және BigData сарапшысы Евгений Черешневтің «Digital me: әлеуметтік желілерде отыру әдетінен арылып AI және сингулярлыққа кірігуге дейін»;
  • RedMe басшысы Ольга Шаратутаның «Әлеуметтік маркетинг».

Форум өз жұмысын жалғастыруда және оны eamedia.org сайты мен EAMF2021 мобильді қосымшасы арқылы ОНЛАЙН көруге болады.

16 қыркүйек күні сағат 10.00-де Форумның ресми ашылу салтанаты өтеді. Сондай–ақ бұл күні «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы», «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?!», «Шындығы аз көп ақпарат» және «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік» тақырыптарында сессия жұмыстарын өткізу жоспарлануда.

Панельдік сессиялардың спикерлері ретінде ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Бесінші өкілі Тереза Рибейро, тележүргізуші және журналист Ксения Собчак, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, эпидемиолог, инфекциялық аурулардың таралуын бақылау және алдын алу саласындағы сарапшы Михаил Фаворов, көптеген марапаттарды иеленген Netflix-тегі "APlasticOcean" деректі фильмінің авторы Джо Ракстон және тағы басқа белгілі мамандар сөз алмақ.

Форумның Бас серіктесі - "Самұрық-Қазына"АҚ.

Әлеуметтік серіктес- "Samruk-KazynaTrust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Ресми серіктестер-Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы және HalykBank.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -