Алматыда мегаполистің ең көрнекті табиғи нысандарының бірі — Баум тоғайы аумағын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жобаның басты мақсаты — бұл жерді экологиялық маңызы бар аймақ ретінде жаңғыртып, қала тұрғындарына арналған заманауи эко-оазиске айналдыру, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тұрғындар пікірі — жобаның негізі
Абаттандыру жұмыстары алдында қала билігі мыңға жуық алматылықтың қатысуымен әлеуметтік сауалнама жүргізген. Тұрғындардың басым бөлігі Баум тоғайын мегаполистің басты табиғи нысаны ретінде сақтап қалуды, экологиялық тепе-теңдікті бұзбай демалыс пен спортқа арналған жайлы кеңістік құруды қолдаған.
Эко-оазис концепциясы
Жоба Баум тоғайын тек табиғи ескерткіш ретінде емес, рухани, эмоционалдық және физикалық сергітуге арналған жаңа кеңістік ретінде дамытуға бағытталған. Мұнда қала мен табиғат үйлесім табады.
Басты инженерлік шешім — балалар мен спорт алаңдары және техникалық жолдардан басқа барлық жерде асфальт-бетон жабындарынан толықтай бас тарту. Барлық жаяу жүргіншілер жолдары мен соқпақтар экологиялық, су өткізгіш материалдардан — ұсақ тығыздалған қиыршық тастан жасалады. Бұл топырақтың табиғи тынысын сақтап, кез келген ауа райында серуендеуге ыңғайлы жағдай жасайды.
Тоғай үш аймаққа бөлінеді
Сыртқы аймақ – белсенді демалысқа арналған. Мұнда воркаут және паркур алаңдары, памп-трек, жүгіру жолағы, үстел теннисі мен ит серуендетуге арналған алаңдар, сондай-ақ батыс бөлігі рельефіне сай экстремалды веложол пайда болады.
Орта аймақ – тыныш әрі танымдық демалыс орны. Бұл жерде табиғатты бақылауға, құстар мен жануарларды зерттеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ экотроптар, ақпараттық тақталар, экобұрыштар мен белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушыларына арналған демалыс беседкалары орнатылады.
Орталық бөлік – табиғи ядро ретінде сақталады. Мұнда адамның араласуы барынша шектеліп, табиғи өсімдіктер мен бедер сақталады.
Қауіпсіздік пен экологиялық мәдениет
Барлық аймақ жаңа жарықтандыру жүйесімен қамтылады: белсенді демалыс орындарында 4,5 метрлік шамдар, ал экологиялық аймақтарда экожүйеге зиян келтірмейтін жұмсақ жарық шамдар орнатылады.
Кіру нүктелерінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер қойылып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған нұсқаулықтар ілінеді. Сондай-ақ заманауи орындықтар, экоурналар және бағыттаушы ақпараттық тақталар орнатылады.
Эдуард Баумға арналған арт-объектілер
Сүйінбай даңғылы жағындағы оңтүстік кіреберісте Баум тоғайының негізін қалаушы Эдуард Баумға арналған инсталляция орнатылады. Ол белгілі бұрыштан қарағанда ғалымның бейнесін құрайтын элементтерден тұрады. Ал Сейфуллин көшесі жағында орналасатын «Жылдық шеңберлер» композициясы — табиғаттың дамуы мен уақыттың үздіксіздігін бейнелейді.
Келешек жоспарлар
Жоба аясында визит-орталық салу жоспарланып отыр. Онда келушілер тоғайдың тарихымен, флорасы мен фаунасымен, сондай-ақ Алматының табиғатты қорғау бастамаларымен таныса алады.
Баум тоғайын қайта түлету жұмыстары Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Жасыл Алматы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Барлық жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың мамыр айына жоспарланған.