Баптау
Тіл
Тақырып
Жаңарту

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Түрік Республикасы Жандармериясы делегациясымен кездесті

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың Түрік Республикасы Жандармериясы Бас қолбасшысының орынбасары Зафер Коч бастаған делегациямен кездесуі өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Оған Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасы Елшілігінің ішкі істер жөніндегі кеңесшісі Исмаил Ақынтүрік те қатысты.

Кездесу барысында Руслан Жақсылықов Түркиядан келген әскерилерге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылу тарихы мен қызметі туралы, оның негізгі функциялары мен міндеттері, сондай-ақ даму перспективалары туралы айтып берді.

Өз кезегінде Түркия Республикасы Жандармериясы делегациясының басшысы қазақстандық әріптестеріне қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, өзара тиімді ынтымақтастық жолындағы серіктестікті одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.

Жалпы алғанда, екі ведомствоның әскери ынтымақтастық саласындағы қатынастары, әсіресе кадрларды дайындауда жоғары деңгейде екені атап өтілді.

Қос тараптың келісімімен келер жылы Түрік Жандармериясының әскери оркестрі Ұлттық ұланның жыл сайын өтетін “Әскери керней” әскери оркестрлер фестиваліне қатысатын болды. Сондай-ақ екі елдің арнайы бөлімшелері нұсқаушылары құрамымен тәжірибе алмасу үшін курстық даярлықты ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Одан әрі қонақтар Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығындағы Әскерді басқару орталығының жұмысымен танысты және түрлі атыс қаруларынан атуға арналған мультимедиялық тирінде болды.

Түркиядан келген әскерилер Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Еліміздің жетекші әскери оқу орнындағы Ұлттық ұлан факультетінің қызметімен делегация мүшелерін факультет бастығы Жұмабек Ахметов таныстырды.

Кездесу аясында делегация Ұлттық ұланның астаналық жедел бригадасына барып, әскери қалашық нысандарымен және инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға заманауи әскери техника мен қару-жарақ, жеке құрам жабдығы мен формасы, сондай-ақ спорт залы, мәдени-демалыс орталығы, Ұлттық ұлан мұражайы таныстырылды.

Қазақстан Республикасы және Түркия Республикасының Үкіметтері арасындағы 2014 жылғы 17 маусымдағы білім беру және кадрларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы хаттаманың негізінде Түркия Республикасының әскери оқу орындарында Қазақстанның әскери қызметшілерін даярлау жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Содан бері Түркия Республикасының әскери оқу орындарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына 20 офицер даярланды және 40 курсанты дайындықты жалғастыруда. Сонымен қатар даярлау курстарынан әр түрлі тақырыптар бойынша 77 офицер өткен.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
ХАА «DKNews» © 2006 -