Конституция – тәуелсіздік негізі

66649

2021 жылғы 28 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде (Бөкейхан көшесі, 1а) «Қазақстан жолы» жобасы аясында «Конституция – тәуелсіздік негізі» көрмесі іске қосылды. Экспозицияда тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылыс тарихынан сыр шертетін материалдар ұсынылды, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Көрме екі бөлімнен тұрады:

«Құқықтық сабақтастық – мемлекеттік бірегейлік негізі» бөлімінде музей экспонаттары, конституциялық идеяларының, мемлекеттік басқару нысандарының дамуына арналған отандық тарихшылар мен заңгерлердің еңбектері ұсынылған. Шоқан Уәлихановтың  «Сот реформасы туралы жазба», «Қарқаралы петициясы», «Алаш» партиясының бағдарламалық құжаттары сияқты деректер ерекше орын алады.

«Конституция – халық игілігі» бөлімі келушілерді тәуелсіз Қазақстанның конституциялық негіздерін қалыптастыру тарихы – 1993 жылғы Ата заң мен 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституцияға қатысты архивт құжаттары мен фотоматериалдармен таныстырады.

Құқықтық мемлекет құру жолындағы алғашқы қадамдар Қазақ хандығының кезеңінен бастау алған болатын. Қасым хан («Қасым ханның қасқа жолы», Есім («Есім ханның ескі жол») және Тәуке («Жеті Жарғы») заңдарының жинағы кеңінен танымал. Дәстүрлі қазақ қоғамында билер соты институтының маңыздылығы зор болды. Ол терең идеяларды, құқықтық және этикалық санаттарды біріктіре отырып, қазақ халқының құқықтық мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Ұлы хандар мен батырлардың аттарымен бір қатарда қызметі Қазақ хандығының мемлекеттік саясатына және әрбір адамның тағдырына әсер еткен үш атақты бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің есімдері тұр. 

1854 жылы патша үкіметі жүргізген сот реформасы халықтың адал, әділ сот құқығынан айырылуына, дәстүрлі сот ісін жүргізудің көп ғасырлық тәжірибесінің өзгеруіне әкеліп соқты. Сот реформалары әкелуі мүмкін проблеманың ауқымы мен салдарларын Шоқан Уәлиханов өзінің «Сот реформасы туралы жазбасында» баяндап, онда ол қарапайым халықтың мүдделерін қорғауға тұрды және билер соты институтын сақтауды талап етті.

1905 жылы Қоянды-Ботов жәрмеңкесінде Қарқаралы маңында өткен қазақ ақсүйектерінің съезінде «Алаш» қозғалысының белсенділері А.Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Ақбай, Т. Нұрекен, т.б. Қарқаралы петициясын ұсынды. Петицияның негізгі мазмұны қазақтарға Мемлекеттік Думаның жұмысына рұқсат беру талабынан тұрды.

1917 жылы «Қазақ» ұлттық газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасы жарияланды, онда мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінуі, жалпы сайлау және т.б. сияқты идеялар жазылды. Құжаттың құрылымы сол кездегі Еуропа мемлекеттерінің конституцияларына ұқсас болды.

Қазақстанның құқықтық жүйесі әдетті құқықтың дәстүрлі нормаларынан «Алаш» үкіметінің бағдарламалық құжаттарына дейін, содан кейін Кеңес Одағының бірқатар конституцияларынан тәуелсіз мемлекеттің қолданыстағы Конституциясына дейінгі жолдан өтті. Қазақстан Республикасының заманауи Конституциясының негізінде дәстүрлердің сабақтастығы, тарихи жадты сақтау жатыр.

Егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданды. 1993 жылы желтоқсанда XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуы Конституциялық дағдарысқа және жаңа Конституцияны әзірлеу қажеттілігіне әкелді.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Референдум барысын 19 қоғамдық бірлестіктің мыңға жуық өкілі бақылады. Референдумға сайлаушылардың 90,58% қатысты. Оның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануына 89,14% дауыс берілді.

«Еліміздің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын дәлелдеді. Конституция мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты», - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев: «Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады», - деп белгіледі.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267-II Заңына сәйкес 30 тамыз мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні.

«Конституция – тәуелсіздік негізі» көрмесі а.ж. 28 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оның материалдарымен  https://elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер» бөлімінде танысуға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -