Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығына арнайы барды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан. Университет басшысы ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғауға арналған биологиялық және медициналық препараттармен танысты. Жансейіт Түймебаевтың өндіріске барудағы мақсаты – ғылым саласындағы бірлескен ынтымақтастықты арттыру, жаңа отандық препараттар мен технологияларды жасап шығару және тәжірибе алмасу.
Алдымен Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі Аманкелді Саданов университет басшысына мұнаймен ластанған топырақты микробиологиялық жолмен тазартуға арналған биопрепараттың дайындалу әдісі туралы әңгімеледі. Орталықтан шығатын бұл өнім Қазақстандағы мұнайлы өлке саналатын батыс аймағы үшін өте пайдалы. Өйткені препарат шетелдік өніммен салыстырғанда 10 есе арзан және екі есе тиімді көрінеді. Осы отандық өнімнің арқасында қара алтын өндіруші аймақтардағы мұнаймен ластанған топырақты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар университет ректорына «Бентобак» деп аталатын өнім жайлы ақпарат берді. Бұл биопрепарат төрт түліктің азықты жақсы сіңіруіне көмектесіп, малдың семіруіне септігін тигізеді. Өнім ұнтақ күйінде дайындалады. Қазірдің өзінде орталықтан шығатын отандық өнімге сұраныс артқан.
Орталықтың тағы бір жұмысы – жаңа отандық зеңге қарсы медициналық препарат. Жақпа майдың шетелден келетін дәрілерден басты артықшылықтары – оның зең инфекцияларының қоздырғыштарына антибиотиктік-төзімділік қасиеті, қысқа мерзім ішінде емделіп шығуы және оның тиімділігінің жоғары болуында. Бұл отандық өнім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен дәрілік заттардың мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Осылайша орталықтың жұмысына қаныққан Жансейіт Түймебаев атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, болашақта бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігін атап өтті. «ҚазҰУ ғылым мен білім жағынан жаңа бастамаларға қол жеткізуі қажет. Заманауи технологиялардың көмегімен жаңа препараттарды дайындауымыз керек. Осы тұрғыда көпжылдық тәжірибесі бар Аманкелді Садановтан үйренеріміз көп. Бірлесіп жұмыс жасау жаңа бастамаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді университет ректоры.